Accessibility links

Алматы мен Астанада полиция кемі төрт адамды ұстап, босатты. Біреуіне айыппұл салды


Алматыдағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының құрметіне қойылған "Тәуелсіздік таңы" ескерткіші. 16 желтоқсан, 2025 жыл.
Алматыдағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының құрметіне қойылған "Тәуелсіздік таңы" ескерткіші. 16 желтоқсан, 2025 жыл.

16 желтоқсан, Тәуелсіздік күні Қазақстан қалаларында қоғамдық шара көп өтпеді. Астанада Ашаршылық ескерткіші маңы қоршаулы болды, ал Алматыда Желтоқсан ескерткішіне барғандарға «әкімдік өкілі» ескерту айтты. Екі қалада кемі төрт адам ұсталып, босатылды, біреуіне көп айыппұл салынды.

196 МЫҢ ТЕҢГЕ АЙЫППҰЛ

16 желтоқсанда полиция азаматтық белсенді Оқап Мұқажанұлын Алматы қаласына кіре бергенде ұстаған. Полицейлер 69 жастағы белсендіні автобустан түсіріп алып, «заңсыз митингіге шақырдыңыз» деген себеппен Талғар қаласының полиция бөлімшесіне апарып, бірнеше сағат ұстаған.

Үнсіз гүл қою, ұстау және айыппұл. Қазақстанда тәуелсіздік күні қалай өтті?
please wait

No media source currently available

0:00 0:09:31 0:00

– 16 желтоқсанда қаза болған боздақтардың басына барып, құран оқуды мақсат етіп едім. [Жиналуға] шақырған себебім – белсенділер сонда келсе, қолымызға ақ мата байлап, сол боздақтарды еске алып, құран бағыштайық деген ойда кетіп бара жатқанмын. Бірақ мыналар мені жолдан ұстап алып, Талғардың аудандық полиция бөліміне алып келді. Содан бері осы сотты жағалап жүрміз, – деді ол түстен кейін Азаттыққа сұхбатында.

Оқап Мұқажанұлының айтуынша, жедел түрде сот болып, Талғар аудандық соты «бейбіт жиын ұйымдастыру тәртібін бұзғаны» үшін (Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 488-бабының 7-тармағы) 196 мың теңге (шамамен 380 доллар) айыппұл кескен. Белсенді сотқа айыппұлды төлеуге шамасы жоғын айтқан. Оның сөзінше, сот «сіздің жасыңыз өтіп кеткен, қамай алмаймыз» деп жауап берген. Белсенді шешімге келісіп, тиісті қағазға қол қойып шыққанын айтты. Жергілікті полиция бұл оқиға бойынша түсініктеме берген жоқ.

Алматыдағы Тәуелсіздік монументі. 16 желтоқсан, 2025 жыл.
Алматыдағы Тәуелсіздік монументі. 16 желтоқсан, 2025 жыл.

Алматыдағы орталық алаңда түстен кейін әлеуметтік желіде тікелей эфирге шығып сөйлеп тұрған жерінен белсенді Гүлбақыт Исаеваны полиция ұстап әкеткен. Ол Алматы қаласы Бостандық ауданы полиция бөлімінде бінеше сағат болып, түсініктеме жазып, кешке босап шықты.

Тәуелсіздік күні Алматыдағы "Тәуелсіздік таңы" ескерткіші маңында блогер Мирболат Мырзатайұлын босатуды талап етіп келгендер полиция жиналуға бөгет жасағанын айтты. Азаматтық белсенді Гүлжаһан Бәйіт таңертең Азаттық тілшісіне үйін Қарасай аудандық полиция қызметкерлері күзеткенін, бірнеше сағаттан кейін ғана үйінен шығып, жиынға келгенін айтты. Жиын болған жерде арнайы жасақ, полиция көліктері тұрды. Алматы қалалық әкімдігі ішкі саясат басқармасының қызметкері келіп, “сіздер заңсыз митинг өткізіп жатсыздар, бұл жиынға рұқсат берілмеген” деп ескерту жасап, жиынды тоқтатуды талап етті.

ЕСКЕРТКІШ АЙНАЛАСЫНДАҒЫ ТАЗАЛАУ ЖҰМЫСТАРЫ

Астанада Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш маңы қоршалған, ішінде тазалау жұмысы жүріп жатыр. Қазақстан соты экстремистік деп таныған “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысының жетекшісі, құғындағы саясаткер Мұхтар Әблязов жақтастарын 16 желтоқсанда осы жерге жиналуға шақырған.

Желтоқсан оқиғасына қатысқан Әсия Кәрімова ескерткішке гүл қоймақ болғанда, полицейлер ішке жібермеді. Кәрімованың Азаттыққа айтуынша, ескерткіш жанынан кеткеннен кейін оны құзырлы орган қызметкерлері тағы бір белсендімен бірге алып кеткен.

Кейін Әсия Кәрімова Азаттыққа кешкі сағат 7-де полиция бөлімінен босап шыққанын мәлімдеді. Онымен бірге ұcталған екінші азаматты да босатқан. Ол қауіпсіздік мақсатында аты-жөнін атамауды сұрады. Өздерінің айтуынша, Астана қаласы Алматы аудандық полиция бөлімі екі адамды 6 сағат ұстаған. Тек мән-жайды сұраған, ал ұстау себебін түсіндірмеген. Азаттық Астана қаласы Алматы аудандық полиция бөліміне барып, бұл жөнінде ақпарат алуға тырысты, бірақ олар тек жазбаша сұраққа жауап беретінін айтты.

Желіде Қазақстанның басқа аймақтарында да осыған ұқсас оқиғалардың видеосы тарады. Павлодар қаласында жиналған бірнеше белсендіге “әкімдіктің ішкі саясат бөлімінің” өкілдері келіп, заңсыз жиынды өткізбеуге шақырған.

Қазақстанда жұрт 16 желтоқсанда 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын, 2011 жылғы Жаңаөзен қасіретін еске алуға жиналып, оның соңы наразылыққа ұласып жатады. Әдетте мереке қарсаңында билік қауіпсіздікті күшейтіп, «заңсыз шараға» келгендерді ұстап әкетеді.

АҚОРДАНЫҢ ҚҰТТЫҚТАУЫ, ҮНСІЗ ГҮЛ ҚОЮ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтауын Ақорданың ресми Telegram-арнасы таратты. Тоқаев «болашаққа зор үмітпен және нық сеніммен қарап», «бірлікті сақтауға» шақырды. «Қазір жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалардың нәтижесінде зор табысқа жетеміз деп сенемін. Жан-жақты жаңғыруға бағытталған стратегиялық бағдарымыздан ауытқымай, әділетті, күшті, таза, қауіпсіз Қазақстанды құрамыз» деді Тоқаев. Тәуелсіздік күніне орай 16 желтоқсанда Астанада ресми шара өткен жоқ.

Алматыдағы Тәуелсіздік монументінің маңы. 16 желтоқсан, 2025 жыл.
Алматыдағы Тәуелсіздік монументінің маңы. 16 желтоқсан, 2025 жыл.

Алматыда да салтанатты шара өткен жоқ. Қала әкімі Дархан Сатыбалды мен мәслихат депутаттары, желтоқсаншылар мен азаматтық белсенділер Тәуелсіздік монументіне гүл қойды. Жиында ешкім сөз сөйлемеді. Гүл қою рәсімінен кейін ел тәуелсіздігі жолында мерт болған азаматтар рухына бір минут үнсіздік жарияланды.

XS
SM
MD
LG