Өзбекстанның Қашқадария облысы Қасан ауданында жергілікті билік фермерлер мен кәсіпкерлерге 2020 жылдың соңғы аптасында ауданның әрбір мешітінде құрбандық шалуды бұйырған. Бұл туралы Азаттықтың Өзбек қызметіне аудандағы бірнеше фермер хабарлаған. Биліктің жазасынан қорыққан фермерлер аты-жөндерін атамауды сұрады.
Фермелердің мәлімдеуінше, Қасан ауданы басшысының орынбасарлары – ағайынды Султонмурод пен Саид Донаевтар және Убайдулла Очилов аудан басшысының тапсырмасымен олардан "аудан әкімдігіне салмағы 30-40 келіден төмен болмайтын қой өткізуді" талап еткен.
Олардың сөзінше, аудан басшылығы мұндай "қайырымды" президенттің "құпия жарлығын" желеулетіп отыр.
Қасан ауданың әкімінің Азаттық хабарласпақ болған екі орынбасары бұл ақпараттың "өтірік" екенін айтып, телефондарын өшіріп қойды.
"АУДАН БАСШЫСЫНЫҢ ФОТО ЕСЕБІНЕ ҚАЖЕТ ҚҰРБАНДЫҚ"
Фермерлердің айтуынша, 2020 жылдың соңғы он күнінде алым-салым жинау шектен шыққан.
– Жексенбі күні әкім орынбасарларының бірі, аудандық фермерлер кеңесінің төрағасы Саид Донаев 24 аумақтық басқарманың жетекшісіне қоңырау шалып, мал ұстайтын фермерлердің бәрі 17.00 уақытына дейтін аудандық әкімдікке жиналсын деп бұйрық берген. Оған жоқ деп айту мүмкін болмады. Жиынға бармасаң, әкім учаскелік полицияға "әйелінің құшағында жатса да, алып кел" деп бұйырады. Жиынға 30-дан аса фермер келді. Жиынға әкімнің өзге бір орынбасары Убайдулла Очилов төрағалық етті, – дейді фермерлердің бірі.
Азаттық журналисі сөйлескен осы және өзге де фермерлер аудан әкімі орынбасарының мешіттегі құрбандықтың "президент тапсырмасымен" шалынатынын бірнеше мәрте айтқан.
– Жиында әкім орынбасары президент жарлығына сай ауданның әр мешітінде құрбандық шалынып, еті қайырым ретінде таратылуы керек деп айтты. Бірақ ол мемлекет басшысының қай жарлығына сүйеніп мешітте құрбандық шалуымыз керегін айтпады. Ол әрбір фермерге салмағы кемі 30-40 келі болатын қой немесе бұқашық әкелуді тапсырды. Сол күні әкім "Кусам-ота" мешітіндегі құрбан шалуға қатысты. Фермерлердің бірі берген қойды сойды. Әкім мешіттің алдында марқайып суретке түсті. Құдды бір қайырымды өз есебінен жасағандай. Басын, аяқтарын және ішек-қарнын, сондай-ақ екі келі етін қалдырды, сойылған қойдың қалған жергілікті базарда сатып жіберді. Осыдан кейін халыққа Жаңа жыл алдында әкімдік тұрмысы төмендерге қайырым жасады деп мәлімдеме жасады, – деді Азаттықа 27 желтоқсан күні шалынған құрбандықтың мән-жайын егжей-тегжейлі білетін кәсіпкер.
"ТҰРМЫСЫ ТӨМЕНДЕРГЕ КӨМЕКТЕСУ ЖЕЛЕУІМЕН"
Азаттықтың Өзбек қызметіне хабарласқан фермерлер мен кәсіпкерлер аудан әкімдігінің тұрмысы төмен азаматтарға көмекті желеу етіп ашықтан ашық тонап отырғанын айтады.
– Әкімдік қайыршылық үйіне айналды. Шенеуніктер бізден талап етуді ғана біледі. Наурыз айында ет қымбаттап, келісі 50 мың сомға жеткенде бәрімізді мал сойып, етін келісіне 35 мыңға өткізуге мәжбүрледі. Осыдан кейін Сардобадағы қайғылы жағдай болды. Жазда бізді екі реті бір-бірден ірі қара мен қой өткізуге күштеді. Кәсіпкерлердің есепшотынан қайырым қорына деп рұқсатсыз ақша шешіп алған. Біреуден 1 миллион, біреуден 5 миллион сом алған. Одан кейін Құрбан айт мерекесі кезінде жетімдер мен тұрмысы төмен отбасыларға қайырым деген сылтаумен 120 фермерді ірі қара өткізуге, шағын фермелерді қой өткізуге мәжбүрлеген. Әкімдіктің өз қоймасы бар. Әкім орынбасары Убайдулла Очилов бізге: "Сен әкеле бер, тұрмысы төмендерге өзіміз жеткіземіз" дейді. Бірақ фермерлер мен кәсіпкерлердің жарнасы туралы ешқандай ресми ақпар жоқ. Аудан әкімдігінің шенеуніктері фермерлерді, кәсіпкерлерді тонап отыр. Қайырымның бір бөлігін халыққа әкімдік атынан таратып, фото есеп әзірлейді де, қалған бөлігін өзіне қалдырады. Мұндай ашық тонауды бұрын көрмегенбіз, - дейді Қасан ауданының фермері.
"ШЕНЕУНІКТЕР ЗАҢ ЖҮРМЕЙДІ..."
Фермерлер мен кәсіпкерлер әкімдікке ашық қарсы шығуға қорқатынын, оның себебі барын айтады.
– Суармалы жерді мал ұстайтын фермерлерге беруге болмайды. Бірақ шенеуніктер кей мал ұстаушыларға осындай жерді беріп тастаған. Кей фермерлерде кадастры жоқ ондаған гектар жер бар. Олар осы жерден айырылып қалудан қорқады. Тістерін қайрап, іштей боқтап алса да, шенеуніктердің алдына барып, әкімнің айтқанын істеуге мәжбүр. Бұл – аудан әкімінің айналасындағы ірі фермерлердің басындағы жағдай. Шағын фермаларда мұндай мүмкіндік жоқ, олар күнін әрең көріп отыр. Өздерінің алым-салымдарымен әкімдік бұл фермерлерді қайыршыға айналдырды. Олардың несиелері бар. Ал әкімдік банкке қоңырау шалып, оларға салық жинаушыларды, Мәжбүрлі еңбек бюросы қызметкерлерін жіберетінін айтып қоқан-лоқы көрсетеді. Ашығын айтқанда, шенеуніктер бізді Жаңа жыл қарсаңында оп-оңай қамап қоя алады. Сол себепті біз үн шығармауға мәжбүрміз, – дейді фермерлердің бірі.
АУДАН ӘКІМІ ОРЫНБАСАРЛАРЫ "ЕСТУДЕН ҚАЛДЫ"
29 желтоқсан күні Азаттықтың Өзбек қызметі Саид пен Султанмурад Донаевтарға және Убайдулла Очиловқа хабарласып көрді. Азаттық сұрағын естіген Убайдулла Очилов "байланыстың нашарлығына" сілтеп, қоңырауды үзе салды. Осыдан кейін ол журналист қоңырауларына жауап бермеді.
Ал Қасан ауданы әкімінің қаржы мәселелері жөніндегі орынбасары Султонмурод Донаев Азаттық сұрағын тыңдаған соң, фермерлер мен кәсіпкерлердің шағымын жоққа шығарды.
– Бұл – түбегейлі өтірік. Ешкім құрбандық шалуға не қайырым жасауға мәжбүрлемеді. Бұл мүмкін емес, – деді шенеунік қоңырауды үзер алдында.
ҚАСАНДА НАРАЗЫЛЫҚ КҮШЕЙДІ
Кейінгі екі айда Азаттықтың Өзбек қызметіне Қасан ауданы басшылығының әрекетіне көптеген шағым түсіп жатыр. Олардың арасында мұғалімдердің кәсібіне қатысы жоқ жұмысқа жегу, кәсіпкерлерден заңсыз алым жинау, құқық қорғау органы қызметкерлерінің көлік жүргізушісін ұрып-соғуы бар. Жергілікті билік мұның бәрін терістеп отыр.
Алдына келген адамға қатар тізілген орындықта жатып жауап берген әкім орынбасарының видеосы әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Видеодағы әкім орынбасары осы мақалада аты аталған Убайдулла Очилов еді.
Қасан ауданы әкімінің орынбасары бұл әрекетін хәлінің нашарлауымен түсіндірді. Шенеуніктің жазаға тартылғаны жөнінде ешқандай ресми ақпарат болмады.
ПІКІРЛЕР