Accessibility links

Өзбекстан дилеммаға тап болды: Саяси тұтқын болғандар биліктен өтемақы талап етті


Өзбекстанның солтүстік-батысында орналасқан, "азаптау үйі" деген атқа ие болған "Жаслық" түрмесі 2019 жылы жабылған.
Өзбекстанның солтүстік-батысында орналасқан, "азаптау үйі" деген атқа ие болған "Жаслық" түрмесі 2019 жылы жабылған.

Өзбекстанда Каримов режимі кезінде сотталып, саяси тұтқын атанған екі азамат түрмеден босап шыққан соң биліктен өтемақы төлеуді талап етіп отыр. Ел билігі 2016 жылдан бері жүздеген саяси тұтқынды босатқан, бірақ кешірім сұрамаған және өтемақы бермеген.

Қашқадария облысының екі тұрғыны Чуян Маматкулов пен Эльер Турсунов өзбек билігіне бұрын-соңды болмаған шағым түсірді. Олар соттың "заңсыз үкімі" үшін және аты шулы "Жаслық" колониясында көрген азабы үшін өкіметтен өтемақы талап етті. Өтемақыға Мамакулов 50 мың доллар шамасында, Турсунов 20 мың доллар сұрап отыр.

Президент Шавкат Мирзияев 2016 жылы билікке келгеннен бері Өзбекстанда 50-ден астам саяси тұтқын босатылған. Олардың қатарында Мирзияевқа дейінгі авторитар президент Ислам Каримовтың тұсында түрмеге жабылған азаматтық белсенділер, журналистер және құқық қорғаушылар бар.

Чуян Маматкулов (ортада) 2018 жылы адам құқықтары жөніндегі заңгер Стив Свердловпен (сол жақта) кездесуде отыр.
Чуян Маматкулов (ортада) 2018 жылы адам құқықтары жөніндегі заңгер Стив Свердловпен (сол жақта) кездесуде отыр.

Өзбекстан үкіметі сондай-ақ терроризм мен экстремизм баптары бойынша негізсіз сотталды деген жүздеген "діни тұтқынды" да босатқан. Бұл азаматтар Өзбекстанның азаптау амалдарымен танымал түрмелерінде жылдар бойы отырды. Билік олардан кешірім де сұрамаған, оларға өтемақы мен оңалту шараларын да ұсынбаған.

Турсунов пен Маматкулов бірнеше жыл Өзбекстанның солтүстік-батысындағы "Жаслық" түрмесінде отырған. "Азаптау үйі" деп аталып кеткен бұл түрме қоғамның талабымен 2019 жылы жабылған.

Аталған мекемеде жазасын өтеген азаматтардың айтуынша, түрмеде тұтқындарға электрошокер қолданып, сексуалды зорлық көрсеткен, тырнағын жұлып алған, ұзақ уақыт ас-сусыз жалғыз ұстаған.

КАРИМОВТЫ СОТҚА БЕРМЕК БОЛҒАН АЗАМАТ

50 жастағы құқық қорғаушы Маматкулов 2005 жылы сол кездегі президент Каримовты әскери қызметкерлердің құқығын бұзғаны үшін айыптап, сотқа берген.

Маматкуловтың құқық қорғау саласындағы табанды күресінің бір бөлігіне айналған арыз биліктің шамына тиіп, режим өзін сынағандардан аяусыз кек алды.

Маматкулов 2012 жылы тұтқындалып, 2013 жылы алаяқтық, жалған куәлік беру және адам ұрлау айыбы бойынша 10 жылға түрмеге жабылған. Маматкуловтың жақтастары оған тағылған айыптардың негізі жоқ деп есептейді.

"Заңсыз қылмыстық іс бойынша 29 ай 880 күн түрмеде отырдым. "Жаслық" түрмесінде физикалық және психикалық азапты молынан шектім, балаларымнан жырақ болдым" дейді Маматкулов.

"Жаслық" түрмесінде жазасын өтеген азаматтар тұтқындарға электрошокер қолдану, сексуалды зорлық көрсету және тырнағын жұлып алу сияқты азаптау амалдары қолданылғанын айтады.
"Жаслық" түрмесінде жазасын өтеген азаматтар тұтқындарға электрошокер қолдану, сексуалды зорлық көрсету және тырнағын жұлып алу сияқты азаптау амалдары қолданылғанын айтады.

Жаслык түрмесінде тиісті медициналық көмекке қол жеткізе алмаған Маматкулов әлі күнге дейін ауырып жүргенін айтады.

Ол 2018 жылы наурызда бостандыққа шығып, жаңа сот процесін бастау құқығына ие болған. 2020 жылы наурызда барлық бап бойынша толық ақталған.

34 жастағы Турсунов 2013 жылы терроризм, конституциялық құрылымды бұзу және қоғамға қауіп төндіру айыбы бойынша 17 жылға түрмеге жабылған. Ол өзіне тағылған айыптарды мойындаудан бас тартқан.

18 наурызда Турсунов толық ақталған. Бірақ ол бостандық пен ақталуға қол жеткізгенге дейін жеті жылын түрмеде өткізген.

Турсунов Азаттықтың Өзбек қызметіне әуелі Қашқадария облысындағы уақытша тергеу изоляторында, кейіннен Қарақалпақстан автономды республикасындағы "Жаслық" түрмесінде көрген заңсыздықтары туралы әңгімелеп берді.

"Қашқадария өңірлік қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері мен ішкі істер басқармасы мені қорлап, физикалық және психикалық азаптауға салып, қолдан жасалған қылмыстық іс бойынша бостандығымнан айырды" дейді сотқа дейін қамауда өткізген күндерін еске алған Турсунов.

"АҚША ӨМІРІМДІ ҚАЙТАРА АЛМАЙДЫ"

Турсунов пен Маматкулов бастан өткерген азабын ақшамен бағалау мүмкін емесін, отбасынан жырақта өткізген жылдарын ешқандай өтемақы қайтара алмайтынын айтады.

"Сот үкімінде маған келтірілген шығын үшін өтемақы төленеді деп жазылған. Мен 500 миллион өзбек сомы (48 мың доллар) көлемінде өтемақы сұрадым. Бұл басымнан өткен азаптың өтеуі бола алмайды. Бостандық ақшамен өлшенбейді" дейді Маматкулов.

2017 жылы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев билік өкілдері мен дін басшыларын өзі ықтимал экстремистердің қара тізімінен шығарған 16 мың адамды қоғамға бейімдеуге көмектесуді сұраған. Бұл азаматтардың қатарында ар-ождан тұтқындарының бар-жоғы белгісіз.
2017 жылы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев билік өкілдері мен дін басшыларын өзі ықтимал экстремистердің қара тізімінен шығарған 16 мың адамды қоғамға бейімдеуге көмектесуді сұраған. Бұл азаматтардың қатарында ар-ождан тұтқындарының бар-жоғы белгісіз.

Өзбекстан үкіметі түрмеден босап шыққан азаматтарға жаңа өмір бастауға көмектесетін нақты қолдау шараларын әлі күнге дейін ұсынған жоқ.

Көп жағдайда бұрынғы ар-ождан тұтқындары Маматкулов пен Турсунов сияқты өздеріне тағылған жалған айыптардан ақтауға қол жеткізе алмайды. Заң бойынша олар әлі де қылмыс жасаған болып есептеледі, өйткені мерзімінен бұрын босаған күннің өзінде олардың соттылығы қалып қояды.

Халықаралық құқық қорғаушы топтар Өзбекстанды бұрынғы ар-ождан тұтқындарына оңалту шараларын ұсынып, жазықсыз түрмеге жабылып, құқығы бұзылған азаматтарға өтемақы төлеуге шақырған.

Түрмеде денсаулығынан айырылған бұрынғы тұтқындардың көбі әлі күнге дейін созылмалы аурулар мен күйзелістен зардап шегеді.

"ОЛАРДЫ ЖАЛҒЫЗ ҚАЛДЫРМАЙМЫЗ"

Каримовтың тұсында қара тізімге ілінгендер жұмысқа тұрып, шетелге шығу мүмкіндігінен айырылатын. Олар қоғамға қауіп төндірген азамат ретінде кез келген уақытта тұтқындалуы мүмкін еді.

Өзбекстандағы саяси тұтқындарға әділдік алып беру жолында ұзақ жылдар бойы күресіп жүрген заңгер Стив Свердлов.
Өзбекстандағы саяси тұтқындарға әділдік алып беру жолында ұзақ жылдар бойы күресіп жүрген заңгер Стив Свердлов.

Мирзияев қара тізімнен шыққан 9 500 адамның жұмыспен қамтылғанын айтқан. Ол өңірлік билік органдарына қалған азаматтарға жұмыс тауып беруді тапсырған.

"Біз оларды тізімнен алып тастадық, бірақ жалғыз қалдырмаймыз" деген Мирзияев.

Мирзияевтың 2016 жылғы реформаларының аясында бостандыққа шыққан ар-ождан тұтқындарына осындай қолдау көрсетілді ме, жоқ па, ол жағы белгісіз.

"Өзбекстан билігі соңғы отыз жылдағы репрессивті билік туралы азаматтық қоғаммен ашық талқылау жүргізуге дайын болмайынша, үкімет ұсынған тәжірибелік реформалар ұзақ мерзімде тұрақты не сәтті жүзеге аспайды" дейді адам құқықтары жөніндегі заңгер, Оңтүстік Калифорния университетінің адам құқықтары кафедрасының доценті Стив Свердлов.

"Tурсунов пен Маматкуловтың жазықсыз бастан өткерген азабын заң жүзінде дәлелдеуге талпынысы Өзбекстанның қылмыстық-сот жүйесі мен ықпалды қауіпсіздік органдарынан жапа шеккен көп азаматтың қалауын білдіреді" дейді Свердлов.

Өзбекстан билігі Маматкулов пен Турсуновтың өтінішін қанағаттандырса, мемлекеттен өтемақы талап ететіндер көбеюі мүмкін. Бірақ Өзбекстан мұндай дилеммаға тап болған алғашқы ел емес.

2014 жылы Чили үкіметі Аугусто Пиночеттың әскери басқаруы кезінде қамауда болған 30 саяси тұтқынға 7,5 миллион доллар көлемінде өтемақы төлеген.

Өзбекстандағы саяси тұтқындарға әділдік алып беру жолында ұзақ жылдан бері күресіп жүрген Свердловтың пікірінше, биліктің Маматкулов пен Турсуновтың арызы бойынша қабылдаған шешімінен олардың репрессивті амалдарға толы өткенге және қазір аса қажет реформалар жүргізуге қатысты қандай көзқараста екені айқын көрінеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG