Accessibility links

Қарақалпақ әйелдерді стерилизациялау мәселесі мен белсенділер үндеуі


Өзбекстан базарында бесік көтеріп жүрген әйел. Көрнекі сурет.

Варшавада ЕҚЫҰ-ның адам құқығы өлшемдері жиынында қарақалпақ белсендісі Бахтияр Ниетуллаев Өзбекстан билігін "Қарақалпақстан әйелдерін күштеп стерилизациядан өткізеді" деп айыптады. Бұған дейін халықаралық БАҚ Өзбекстанда әртүрлі ұлт өкілдерін, соның ішінде өзбек әйелдерді де стерилизациядан өткізу туралы құпия бағдарлама бар деп жазған. Азаттықтың Татар-Башқұрт қызметінің "Idel.Реалии" сайты қарақалпақ белсенділері және Өзбекстан билігімен сөйлесіп, мәселенің жай-жапсарын анықтауға тырысты.

- Қазір қасымда Өзбекстанда мәжбүрлі түрде жүргізілген стерилизациядан жапа шеккен Бибіхан Бердімұратова тұр. Әйелім Тамара Атамұратова да осындай стерилизацияға ұшырады. Оның жатырын алып тастағаннан кейін бала сүю мүмкіндігінен айрылдық. Қарақалпақстанның жүздеген мың азаматы осы қылмыстан жапа шекті, - деп мәлімдеді қыркүйектің 20-сы күні Варшавадағы жиында Бахтияр Ниетуллаев.

Белсендінің айтуынша, Бибіхан Бердімұратова дәрігерлер өзіне айтпай жасаған стерилизация кезінде "инфекция жұқтырып, соның салдарынан денсаулығынан айрылған". Бірақ Өзбекстан билігі әйелдің өтемақы жайлы талабын елемей, дәрігерлер Бердімұратованың қызына да стерилизация жасамақшы болды дейді ол. Алайда белсенділер шу көтеріп, соның арқасында қыз стерилизациядан аман қалды деп есептейді Ниетуллаев.

- Біз барлық органдарға, Өзбекстан президентіне де жаздық. Бірақ одан еш нәтиже шықпады. Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері стерилизацияға ұшыраған барлық әйелдің медициналық құжаттарын жойып тастаған, - дейді ол.

ЕҚЫҰ жиыны кезінде белсенділер халықаралық ұйымдарды Өзбекстан құрамындағы автономиялық республикадағы адам құқықтарын бұзуды тоқтату үшін тексеруге кірісуге және кінәлілерді жауапқа тартып, стерилизациядан жапа шеккендерге өтемақы алуға көмектесуге шақырды. Белсенділер Қарақалпақстанда мыңдаған әйел түсініктеме беруге келіседі деп санайды.

Қарақалпақстандық белсенділер бұл мәлімдемені Варшавада ЕҚЫҰ-ның адам құқығы өлшемдері (HDIM) туралы конференциясында жасады. Жыл сайын өтетін дәстүрлі жиынға ЕҚЫҰ-ға мүше 57 елдің, ұйымның құрылымдары мен серіктестерінің, азаматтық қоғам және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

БІРІНШІ БАЛАДАН КЕЙІН СТЕРИЛИЗАЦИЯ ЖАСАЛА МА?

Қарақалпақстан үкіметінің сайтындағы мәлімет бойынша, 2019 жылы сәуірдің 1-і күнгі дерекке сай автономиялық республикада бір миллион 875 мың адам бар. Тұрғындардың 49 пайыздан астам қалада, 50 пайыздан көбі ауылды жерде тұрады.

2012 жылы ВВС журналистері Өзбекстанда туу көрсеткішінің жоғары болуына байланысты халық санын бақылауда ұстау мақсатында әйелдерді стерилизациядан өткізу жөнінде құпия бағдарлама барын жазған. "The Guardian" басылымының дерегінше, Өзбекстанда стерилизация 1990 жылдардан бастап түрлі ұлт өкілдеріне, соның ішінде қарақалпақ әйелдер арасында да жүргізіліп келеді. Бірақ бүкіл әлем бойынша 620 мыңнан 1,5 миллион аралығында өкілі бар ұлт үшін бұл ерекше мәселе екені байқалады.

"Idel.Реалии" сайтының тілшісі сөйлескен қарақалпақ белсенділері билік стерилизацияны әдетте тұңғыш нәрестесін дүниеге әкелген соң әйелге ескертпестен жасайтынын айтады. Мұндай деректі 2012 жылы ВВС журналистері сөйлескен әйелдер де растаған.

"Idel.Реалии" жуналистері Өзбекстан денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хатшысы Фуркат Санаевтан қарақалпақ белсенділерінің мәлімдемесі жайлы пікірін сұрады. Бірақ пікірін айтудан бас тартқан Санаев тілшіге Қарақалпақстанға хабарласуға кеңес беріп, телефон тұтқасын тастай салды.

"Idel.Реалии" тілшісі хабарласқан Қарақалпақстан республикасы денсаулық сақтау министрлігі өкілдері де бұл мәселе жайлы пікір білдіруге құлық танытпады.

"Алға Қарақалпақстан!" қозғалысының лидері, қазір Еуропада тұрып жатқан Аманбай Сағидуллаев.
"Алға Қарақалпақстан!" қозғалысының лидері, қазір Еуропада тұрып жатқан Аманбай Сағидуллаев.

ЕҚЫҰ конференциясында сөйлеген қуғындағы "Алға, Қарақалпақстан" қозғалысының жетекшісі Аманбай Сағидуллаев өзіне Өзбекстан билігінің іс-әрекетіне шағынып, құқықтарын қорғауды сұраған қарақалпақ әйелдері хабарласатынын айтты. Бірақ стерлизацияның қандай деңгейде жүргенін түсінуге мүмкіндік беретіндей нақты статистикалық мәліметті ешкім айта алмады.

БЕЛСЕНДІЛЕР ҮНДЕУІ

Ташкент тарапынан қысымның күшеюі және орталық биліктің адамгершілік қағидатына қайшы шаралар қолдануы қарақалпақ белсенділерін Өзбекстаннан бөліну туралы үндеу тастауға итермелеген. Аманбай Сағидуллаев Қарақалпақстан тәуелсіз мемлекет болуы керек деп санайды. Варшавадағы конференцияға қатысқан қарақалпақ белсенділерінің сөзінше, оған экономикалық алғышарттар да бар.

Белсенділер Өзбекстан Қарақалпақстан аумағында табиғи ресурстар өндіріп, өңір экологиясына зардап тигізіп отырғанын айтады. Аймақта "Өзбекмұнайгаз" мемлекеттік компаниясы мен халықаралық компаниялар мұнай-газ өндіретін нысандар салып, құбыр тартып жатыр. Бірақ мұнай-газ өндіруден келген кіріс Қарақалпақстан астанасы Нүкіске емес, тікелей Ташкентке түседі.

Қарақалпақстан

Қарақалпақстан

Қарақалпақстан Өзбекстан жерінің үштен бір бөлігін алып жатыр, дегенмен оның басым бөлігі тақыр шөл дала, ал суы тартылған Арал теңізінен төңірекке жайылған тұздың кесірінен солтүстік батыс алқабы экологиялық апаты аймағы деп жарияланған. Мұнда 1 миллион 700 мыңдай адам тұрады, оның 500 мыңдайы - қарақалпақтар.

1990 жылы желтоқсанның 14-і күні Өзбекстан ССР-і құрамындағы Қарақалпақстан автономиялық республикасы парламенті елдің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылдаған кезде бұл іс жүзінде тәуелсіздікті жариялаумен пара-пар еді. Бірақ Өзбекстан үкіметі Қарақалпақстанды өз құрамына 1993 жылы ресми түрде қосты, бірақ 20 жылдан соң Өзбекстан құрамында қалу-қалмау мәселесін дауыс беру жолымен шешеді деген уағдаластық болған. 2013 жылы межелі уақыт келгенде бұл уәде «ұмыт қалды». Осы мәселені көтерген «Алға, Қарақалпақстан» ұйымы мүшелерінің ішінде қазір шетелде қуғында жүргендері бар.

"The Guardian" дерегінше, қарақалпақтардың көбі жұмыссыздық кесірінен Қазақстан, Ресей мен Оңтүстік Кореяға қоныс аударуға мәжбүр болған. Қазақстанға көшкендер көбіне құжатта ұлтын этникалық қазақ деп көрсетеді. Бұл оларға азаматтықты оңай алып, мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмекке қол жеткізуге көмектеседі. Қарақалпақстанда қалғандар отанында жұмысқа оңай орналасу үшін құжатқа ұлтын өзбек деп жазады. Қоғам белсенділері осындай факторлар қарақалпақ ұлтының болашағына қауіп төндіреді деп санайды.

"Idel.Реалии" тілшісі сөйлескен қарақалпақ белсенділері 1993 жылы Ташкент пен Нүкіс арасында қол қойылған келісімде 20 жылдан кейін Қарақалпақстанның тәуелсіздігі туралы референдум өткізу қарастырылғанын айтады. Бірақ, олардың сөзінше, уақыты келген кезде әлгі келісімді ешкім ойға алмаған.

2013 жылы ондай референдум өткен жоқ. Қарақалпақстан үкіметі бұл мәселені көтермеді. Аманбай Сағидуллаевтың сөзінше, Өзбекстан билігі мұндай мәселелердің ашық талқылануына жол бермейді. Қарақалпақстанның тәуелсіздігін қолдайтындар республика үкіметінің құрамы толықтай этникалық өзбектерден тұратынын айтады.

Сағидуллаевтың пікірінше, Қарақалпақстан аумағында мемлекеттік тіл саналатын қарақалпақ тілі орфографиясын үздіксіз реформалау оны өзбек тіліне барынша ұқсату үшін жасалып отыр.

Орталық Азия мемлекеттерінің геосаясатын зерттеп жүрген қазақстандық сарапшы Расул Жұмалы Өзбекстанда 2016 жылы билік ауысқанымен Қарақалпақстандағы жағдай өзгермегенін айтады. Азаттық тілшісіне айтқан пікірінде сарапшы мұның себебін Қарақалпақстанның Өзбекстан құрамындағы ерекше мәртебесімен байланыстырды.

- Өзбекстан құрамындағы дербес республика Қарақалпақстан - шын мәнінде жабық тақырыптардың бірі. Өзбекстан конституциясы бойынша да, Қарақалпақстан конституциясы бойынша да қарақалпақтардың референдум жолымен Өзбекстан құрамынан шығуы қарастырылған. Бірақ Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримовтың тұсында бұл мәселені көтерген белсенділер қудалауға түсті. Каримов қайтыс болғаннан кейін билікке Шавкат Мирзияв келгеннен кейін де Қарақалпақстанды Өзбекстан құрамында қалдыру бағытындағы шаралар жалғаса түскен. Өйткені Өзбекстан аумағының үштен бірін құрайтын Қарақалпақстан - шикізат тұрғысынан алғанда өте маңызды. Бірақ Мирзияев Каримовпен салыстырғанда күш қолданудан басқа да амалдарды қарастырып жатқан сияқты, - дейді сарапшы.

Қарақалпақ белсенділері билік өңірдің байырғы халқын ассимиляциялау саясатын жүргізіп жатыр деп санайды.

Азаттықтың Татар-Башқұрт қызметінің тілшісі Рамазан Алпауттың материалынан аударылды.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG