Accessibility links

Әлемді әрқилы үміттендірген Мирзияев


Өзбекстанның президенті болып сайланған Шавкат Мирзияев жақтастарының алдында басын иіп тұр. Ташкент, 5 желтоқсан 2016 жыл.
Өзбекстанның президенті болып сайланған Шавкат Мирзияев жақтастарының алдында басын иіп тұр. Ташкент, 5 желтоқсан 2016 жыл.

Батыс Еуропа елдері Шавкат Мирзияевтен енді реформалар күтетіндерін, сайлауды "әділетсіз өтті" деп санайтындарын білдіріп үлгерді. Ал постсоветтік елдердің басшылары Өзбекстанның жаңа президентін жаппай құттықтап жатыр.

Желтоқсанның 5-і күні кешке Өзбекстанның жаңа президенті Шавкат Мирзияев және оның мыңдаған жақтастары Ташкент қаласында жеңістерін тойлау шарасын өткізді.

Мұның алдында Өзбекстан орталық сайлау комиссиясы Мирзияевтің 88,6 пайыз дауыспен президент сайлауында жеңгенін хабарлаған еді.

ЕУРОПА ТАРАПЫНАН АЙТЫЛҒАН СЫН

Еуропа Одағы (ЕО) өкілдері "сайлаудың нәтижесі Өзбекстан үкіметіне реформалар керек екенін көрсетті" деп мәлімдеді. ЕО-ның желтоқсанның 5-і күнгі мәлімдемесінде "Өзбекстан билігі елдің әлсіз тұстарын күшейтеді деп сенеміз және ЕО Өзбекстан үкіметіне көмектесуге әзір" деді.

ЕО "сайлау қарсаңында маңызды реформалар басталды, соның ішінде, бизнес климатты, сот жүйесін, еңбек жағдайын жақсарту, жемқорлықпен күрес пен әкімшілік жауапкершілікті күшейту тарапында өзгерістер жасала бастады. Осы реформалар Өзбекстанның экономикалық-әлеуметтік тұрғыда дамуы және елде демократиялық басқаруды орнықтыру үшін ары қарай жалғасуы тиіс" дейді.

Ташкентте өткен жеңісті тойлау шарасына келген Шавкат Мирзияев. 5 желтоқсан 2016 жыл.
Ташкентте өткен жеңісті тойлау шарасына келген Шавкат Мирзияев. 5 желтоқсан 2016 жыл.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) сол күні сайлауда "шын бәсеке болмағанын", сайлаушыларға "балама көзқарастармен танысуға мүмкіндік берілмегенін" мәлімдеді. ЕҚЫҰ "Өзбекстан билігі шынайы ашық және еркін сайлау өтетіндей жағдай жасай алмады" деп қорытады.

Өкілдері Өзбекстандағы сайлауды бақылаған Еуропаның демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы (БДИПЧ) да осы тақілеттес мәлімдеме жасаған. Ұйым таратқан ақпаратта "Өзбекстандағы сайлау елде жан-жақты реформа жасау керек екенін көрсетті" деп жазылған. Еуропаның демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы "Сайлау әкімшілігі жұмысының жариялылығын арттыруға тырысқанымен, науқан барысында мемлекеттік мекемелер ықпалының басым болуы, негізгі адам құқықтарының шектелуі саяси плюрализмді жоққа шығарып, шараны бәсекесіз сайлауға ұластырды" дейді. Бюро мәліметінше "Өзбекстандағы БАҚ сайлау науқаны кезінде бақылау аясында жұмыс істеген. БАҚ белгілі бір шектеуге ұшырағандықтан, сайлаушылар балама көзқарастармен таныса алмаған".

ПОСТСОВЕТТІК БАСШЫЛАРДЫҢ ЖАППАЙ ҚҰТТЫҚТАУЫ

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шавкат Мирзияевті құттықтап, "бауырлас Өзбекстанда тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайта түсетін ауқымды өзгерістер" жасалатынына, бұл жеңіс "Орталық Азиядағы барлық елдердің ынтымақтастығын кеңейтуге тың серпін беретініне" сенім білдірген. Сайлау нәтижесін "халық қолдауының көрінісі" деп білетінін айтқан Назарбаев "өзіңізге ыңғайлы уақытта Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуді ұсынамын" деген.

Ресей президенті Владимир Путин Шавкат Мирзияевке "жоғары лауазымды қызметте табыс тілейтінін" білдіріп, жедел телеграмма жолдаған. Путин Өзбекстан мен Ресейдің "одақтастық және стратегиялық әріптестігін күшейтуге әзір екенін" білдірген. Ресей басшысы да Өзбекстанның жаңа президентін ресми сапармен Мәскеуге келіп-қайтуға шақырған, шақырудың "ризашылықпен" қабылданғаны хабарланған.

Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Өзбекстан премьер-министрі Шавкат Мирзияев Ислам Каримовтің бейіті басында тұр. Самарқан, 6 қыркүйек 2016 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Өзбекстан премьер-министрі Шавкат Мирзияев Ислам Каримовтің бейіті басында тұр. Самарқан, 6 қыркүйек 2016 жыл.

Мирзияевті ең бірінші болып құттықтағандардың бірі Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон. Тәжікстан президенті сайтында жарияланған телеграммасында ол Мирзияевті "сайлаудағы сенімді жеңісімен" құттықтап, сайлау нәтижесін "халықтың жаппай қолдауының дәлелі" ретінде көрсеткен. Тәжікстан президенті де құттықтауында "тұрақтылықты нығайту" мәселесін атап өткен.

Мирзияевті құттықтаған Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев та "бұл жеңістің халықтың жаппай қолдауы әрі сенімін көрсететінін" айтады. Ол Шавкат Мирзияевке мықты денсаулық, қызметте табыс тілеген.

Өзбекстан орталық сайлау комиссиясы желтоқсанның 5-і күні Шавкат Мирзияевтің 88,6 пайызбен президент сайлауында жеңіске жеткенін хабарлады. Шавкат Мирзияев сайлауға Өзбекстанның либерал-демократиялық партиясы атынан түсті. Бұл елде президент бес жылға сайланады, қазіргі конституциясы бойынша бір адам екі мерзімнен артық сайлана алмайды.

59 жастағы Мирзияевтің қарсыластары жеңілгендерін мәлімдеп, жаңа президентті құттықтаған. Сайлауға түскен кандидаттар Хотамжон Кетмонов (Халықтық-демократиялық партия) - 3,7 пайыз дауыс, Нариман Омаров («Адолат» социалистік-демократиялық партиясы) - 3,4 пайыз дауыс, Сәруар Отамуратов («Миллий тикланиш» демократиялық партиясы) - 2,3 пайыз дауыс алды.

Мирзияевтің жеңісін сарапшылар алдын ала болжады. Бұл сайлау Өзбекстанды ширек ғасырдан астам басқарған Ислам Каримовтің қазасынан (қыркүйек) кейін белгіленген еді. Сайлау нәтижесі шыққаннан кейінгі сөзінде Шавкат Мирзияев Өзбекстанның Ислам Каримовтің кезіндегі "әскери одақтарға қосылмау, ел аумағында шетелдік әскери базаларды орналастырмау" саясатын жалғастыратынын айтты. Ол бұдан бөлек, Өзбекстанның сыртқы саясатындағы негізгі бағыт Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасты нығайту екенін ескертті.

Өзбекстанда 32 миллион халық тұрады. Бұл мемлекет Орталық Азияда Ауғанстанмен шектесетін стратегиялық маңызды жерге орналасқан. Ташкент Ресей ықпалын жүргізетін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан (ҰҚШҰ) шығып кеткен болатын.

XS
SM
MD
LG