Accessibility links

Ташкенттегі белгілі имам ата-аналарды ұлдарын акушер-гинеколог мамандығына оқытпауға шақырды. Оның айтуынша, ерлердің бұл кәсіппен айналысуы – ұят нәрсе. Алайда, имам кейіннен «сөзімді бұрмалаған» деп, бұл пікірінен бас тартты.

Өзбекстандық белгілі имам «акушер-гинеколог мамандығы - ер азаматтарға қол емес» деген пікір айтты. Ата-аналарды балаларын мұндай оқуға бермеуге үндеген ол «ерлердің бұл салада жұмыс істеуі – ұят» деп санайды.

Ташкенттегі Мирзо Юсуф мешітіне жиналған қауымға жұма намаз кезінде уағыз айтқан бас имам Рахматулло Сайфутдинов «мұсылман еркектің акушер-гинеколог болуы дұрыс емес» деген пікір білдірді.

- Бұл – ұят тірлік, мұны тоқтату керек, - деді ол жамағат алдында сөйлеген сөзінде.

Сайфутдиновтің айтуынша, ерлерді бұл мамандыққа оқыту дәстүрі - Совет Одағынан қалған мұра. «Ол кезде ерлердің акушер болып жұмыс істеуі қалыпты жайт саналатын. Бірақ қазір біз мұны доғаруымыз керек» деген имам ата-аналарды ұлдарын бұл оқуға бермеуге шақырды.

- Қазірден бастап ұлдарыңызға ерлерге лайық кәсіпті таңдатыңыздар. Акушерлік жұмысты әйелдерге қалдырайық, - деді ол. Мемлекеттік дін істері агенттігінің шешімімен Сайфутдинов 2011 жылы Өзбекстанның «Жыл имамы» атанған.

Алайда арада бірнеше күн өткен соң имам интернетте жарияланып, онлайн пікірталас тудырған сөздерін қайта жоққа шығара бастады.

Сәуірдің 4-інде Азаттықтың Өзбек қызметіне сұхбат берген Сайфутдинов «жұртшылық сөзін дұрыс түсінбей қалғанын, өзінің ұл балалар акушер болып істемесін демегенін» айтты.

- Мен тек қыздарды акушер мамандығын көбірек таңдауға шақырдым, әйелдерге көбірек жұмыс орындарын ашу туралы айттым, - деді имам.

Сайфутдинов имамдығына қоса, Ташкенттегі Әл-Бұхари атындағы ислам институты профессоры қызметін атқарады әрі дәстүрлі ислам құндылықтарын насихаттайтын mehrob.uz сайтына жетекшілік етеді. Әдетте ол сөйлеген сөздері мен мақалаларын осы сайтқа жариялап отырады.

Имамның тосын сөзі әлеуметтік желіде қызу пікірталас тудырды. Кейбіреулер оның айтқанын қолдаса, екінші топ «ең маңыздысы – дәрігердің жынысы емес, ана мен баланың денсаулығы» деген пікір білдірді.

«Фахриддин Рахимов» деген Facebook қолданушысы «Орта ғасырда өмір сүріп жатқанымыз жоқ. Өмір мен өлім арасындағы әйел өзін құтқаратын адамның ер не әйел екеніне бас қатыра ма? Бұл – барып тұрған білімсіздік» деп жазды.

Орталық Азияның басқа елдері сияқты Өзбекстанда да ерлер мен әйелдер акушер болып жұмыс істей береді. Дегенмен, бұл салада әйелдердің саны ерлерден әлдеқайда көп.

Ташкенттегі Акушерлік және гинекология институтының бас маманы Рустам Рахимжоновтың айтуынша, Өзбекстанда перзентханаға босануға келген әйел өзін босандыратын акушерді таңдай алады.

- Босанатын әйелдер көбіне әйел дәрігерлерді таңдап жатады... біз олардың тілегін орындауға тырысамыз. Дегенмен, кейде күрделі операция жасау керек болады, ондай жағдайда хирург ер адам болуы мүмкін, - дейді Рахимжонов.

Фарангиз Наджибулланың мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG