Accessibility links

Театрдағы "ашық әкімдік" қабылдауы


Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданынан келген мұғалім Руслан Оразалиев (сол жақта) тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы өкілдерінен кеңес алып отыр. Орал, 4 ақпан 2017 жыл.

Орал қаласындағы театрда өткен ашық есік күні 300-ден аса адам жергілікті билікке сауал қоюға келді. Олардың көпшілігі басқа күні биліктің қабылдауына жазылу немесе тілек-өтінішін жазбаша беру туралы кеңес естіді.

Орал қалалық әкімдігі ашық есік күнін орталықтағы қазақ драма театры ғимаратында өткізді. Шараны "Ашық әкімдік" деп атады. Халықты жаппай қабылдау жоспары жайлы билік бірнеше күн бұрын жергілікті БАҚ арқылы хабарлаған. Таңертеңнен түске дейін шенеуніктерге түрлі сұрақтармен 300-ден аса адам жолықты.

БАСПАНА МЕН ЖЕР

Театр фойесінде қалалық бөлімдер мен облыстық басқарма жетекшілері мен мамандары екі қатар болып жайғасқан. Тұрғындардың кімдерге жолыққысы келетіні қабылдау басталмай жатып анықталды. Келгендердің көбі негізінен екі мекеменің – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен жер қатынастары басқармасы өкілдеріне жолығу үшін әрқайсысына ондаған адам кезекке тұрды. Жұрттың көбі "мемлекеттен баспана немесе жер телімін алуға үміт бар ма?" деген негізгі екі сұраққа жауап алу үшін келгені байқалды.

Қала әкімдігі дерегінше, қазір Оралда баспана кезегінде 17 мыңнан аса, ал жеке үй салу үшін жер телімін алуға 70 мың адам кезекте тұр.

Қазақ драма театры фойесінде өткен "Ашық әкімдік" акциясы. Орал қаласы, БҚО, 4 ақпан 2017 жыл.
Қазақ драма театры фойесінде өткен "Ашық әкімдік" акциясы. Орал қаласы, БҚО, 4 ақпан 2017 жыл.

Руслан Оразалиев Орал қаласына облыстың Жаңақала ауданынан келіпті. Ауыл мектебінде жұмыс істейтін жас мұғалім облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басшылығына шағымдану үшін 250 километр жерден арнайы келген.Кішкентай баласы бар жас отбасының әлеуметтік баспана кезегінде тұрғанына 10 жылдан асқан. Русланның айтуынша, осы мерзім ішінде ауыл мұғалімдері баспананы жалдап тұруға мәжбүр болған.

- Мемлекеттік баспананы бөлумен айналысатын аудандық комиссия тіпті құжаттарымызды да сұратпағанына ызам келеді. Үйді мұқтаж жандарға бермейді. Мысалы, бізде үйді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі бастығының орынбасары сияқты баспанасы барлар алды. Мемлекеттік баспананы бөлумен айналысатын аудандық комиссия жұмысын тексеруді сұраймын, - дейді ауыл мұғалімі қабылдау өткізген шенеуніктерге.

Русланның шағымын тыңдаған шенеуніктер "Біз комиссия жұмысына араласа алмаймыз, ол – аудан әкімі құзырындағы мәселе" деп жауап берді. Облыстық шенеуніктердің сөзінен көңілі қалғаны байқалған Руслан алдағы жоспарымен бөлісті:

- Қазір мен үшін ең басты мәселе – бала-шағам тұратын баспана тауып, жалға алу. Қазір біз тұрып жатқан үйдің иесі "сатамын, үйді босатыңдар" деп отыр. Енді облыс әкіміне жолықым келеді, - дейді ол.

Батыс Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасы бастығы Бақытжан Нарымбетов Русланның қызбалықпен сөйлеп жатқанын байқап, оның жанына келіп, мұғалім жігіттің сөздерін блокнотына мұқият жазып алды.

Өзге шағымданушылардың сөздерін де осылай жазып алып жатты. Жұртқа биліктің қабылдауына басқа күні жазылуға немесе арыз-өтішіні жазбаша тапсыру туралы кеңес берілді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық немесе жер қатынастары басқармасы өкілдерінен баспана мен жерге кезекте нешінші болып тұрғанын анықтап білгендер ғана риза болып тарады. Оларға айтылған ақпарат қала әкімдігінің ресми сайтында жарияланғандықтан кез келген адам онымен еркін таныса алады.

Жер қатынастары басқармасы шенеуніктеріне кезектің көптігіне қатысты комментарий берген Орал қаласы әкімі Нариман Төреғалиев:

- Әуелі инфрақұрылым салынбай жер телімдері берілмейді. Кезек тиісті коммуникацияның бәрін тартып болғаннан кейін жылжитын болады, жерді де сол кезде бере бастаймыз. Әйтпесе бұрын жұрт участок алып, үй салып алатын да, "не жарық, не су, не газ жоқ" деп шағымданатын. Сондықтан енді басқаша жасаймыз, - дейді.

Әкім биыл қала бойынша көпқабатты жеті үйдің құрылыс жұмыстары басталғаны туралы хабарлады

Әкімдіктің баспасөз қызметі бүгінгі шара кезінде тұрғындарды қабылдаған 34 мемлекеттік органның әрбіріне жүгінген адам саны жайлы есеп кейінірек жарияланатынын айтады.

ҚИЛЫ ТҮСІНУ

"Жайық дауысы" қоғамдық ұйымы жетекшісі Қадиша Мұқанова бүгінгі ашық есік күні шарасы алда жоспарланған облыс әкімінің халыққа есеп беру жиынына байланысты өткізілген болар деп топшылайды. Оның пікірінше, аймақ басшысы билікке қойылатын сұрақтарды осылай алдын ала азайтып, халықтың тыныс-тіршілігін біле алады:

- Бұл - өте дұрыс. Біріншіден, есеп беру жиынына кей адамдар бара алмайды. Екіншіден, әкімнің қарамағындағы қызметкерлері халықты толғандыратын көкейкесті мәселелерді алдын ала талдап, олар жайлы айқын білетін болады, - дейді ол.

Орал қаласы әкімі Нариман Төреғалиев (ортада) "Ашық әкімдік" акциясы кезінде азаматтарға кеңес беріп тұр. Орал қаласы, БҚО, 4 ақпан 2017 жыл.
Орал қаласы әкімі Нариман Төреғалиев (ортада) "Ашық әкімдік" акциясы кезінде азаматтарға кеңес беріп тұр. Орал қаласы, БҚО, 4 ақпан 2017 жыл.

Орал қаласы әкімі Нариман Төреғалиев бүгінгі шараның идеологиялық мақсатына көбірек мән береді. Ондағы мақсаты – елде жүріп жатқан реформаларды, президенттің халыққа жолдауында айтылған тапсырмаларды халыққа түсіндіру.

Журналист әрі азаматтық белсенді Лұқпан Ахмедияров жұртты жаппай қабылдау билік үшін "барлау жұмысына" көбірек ұқсайды деп санайды.

- Билік қай тұста әлеуметтік шиеленіс барын байқап алғысы келеді. Бірақ мұнда келген жұрттың маңызды проблемаларын шешіп беріп жатқан жоқ. Шенеуніктер құр уәдемен шектеліп жатыр. Билік болашақта мына сияқты қабылдау кезінде жұрттың проблемасын нақты шешіп беруді ойластырғаны жөн, - дейді Ахмедияров.

Орал қаласы әкімдігі мұндай жаппай қабылдауды әр тоқсан сайын өткізіп тұруға уәде етеді.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG