Accessibility links

Жолдауды насихаттамақ депутат «әділетсіз сайлау туралы естімеген»


Қазақстанның коммунистік халық партиясының билік рұқсат еткен митингісінде сөйлеп тұрған партия мүшесі Жамбыл Ахметбеков. Алматы, 31 наурыз 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Коммунист депутат Жамбыл Ахметбеков «президент жолдауын түсіндіруге кеткен шығын миллион есе қайтады» деп біледі. Ол конституциялық өзгерістердің қазіргі парламентке әсер етпесіне сенімді.

Ақпанның 1-і күні парламент мәжілісінің пленарлық отырысында мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин президент Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа жолдауын түсіндіру үшін өңірлерді аралауға шығатынын хабарлады. Ол «Мемлекет басшысының халыққа жолдауының негізгі мәселелерін түсіндіру – біз ұдайы табысты орындап келе жатқан маңызды миссиямыз» деп мәлімдеді. Осыған орай әлеуметтік желілерде «Депутаттарды ел аралатып, шығынданбай-ақ, президент жолдауын ақпарат құралдары арқылы түсіндірсе болмай ма?» деген сауалдар қойылған.

Азаттыққа сұхбат берген парламент депутаты, билікшіл Қазақстанның коммунистік халық партиясы (ҚКХП) мүшесі Жамбыл Ахметбеков «шығын шықпай, кіріс кірмейді» деп жауап берді. Ол ел аралаған сапарында президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «билік өкілеттігін бөлісу» мәселесін де халыққа түсіндіретінін айтады.

Азаттық: – Президент жолдауын түсіндіру үшін қашан ел араламақсыздар?

Жамбыл Ахметбеков: – Ақпанның 2-сі мен 10-ы аралығында жеті-сегіз депутаттан бірнеше топқа бөлініп, бүкіл облыстар мен аудандарды аралаймыз. Басты мәселе – елбасының жолдауын халыққа түсіндіру, конституциялық реформаларға байланысты ұсыныстарды тыңдап, президент құрған комиссияға жеткізу. Халықты мәдениет үйлерінде жинау мүмкіндігі болмаса, жұмыс ұжымдарына тікелей барамыз.

Халықпен кездесуге шыққан депутаттар. Қазақстан, 8 шілде 2016 жыл. (Көрнекі сурет)
Халықпен кездесуге шыққан депутаттар. Қазақстан, 8 шілде 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Азаттық: – Сіздердің партия парламентте оппозициялық партия болып санала ма?

Жамбыл Ахметбеков: – Коммунист дегеннің өзі оппозиция екенін білдіріп тұрған жоқ па?

Азаттық: – Олай болса биліктің соңғы бастамаларына қарсы пікірлеріңіз бар ма, әлде бәрін қолдайсыздар ма?

Жамбыл Ахметбеков: – Біз жолдауға емес, оның орындалуына қатысты сын пікірлерімізді айтамыз. Ол үкіметтің бағдарламасынан белгілі болады. Әзірше бірінші мақсат – жолдауды халыққа түсіндіру. Қарапайым халық кейбір мәселені түсінбеуі мүмкін.

Азаттық: – «Президент жолдауын түсіндіру үшін депутаттарды ел аралатып, шығынданбай-ақ ақпарат құралдары арқылы түсіндірсе жеткілікті емес пе?» дейді әлеуметтік желідегі кей сұрақтар.

Жамбыл Ахметбеков: – Оны да пайдаланып отырмыз. Депутаттар қазірдің өзінде түрлі сала бойынша телеарнаға осы мақсатта шығып жатыр. Орталық коммуникация қызметіне кеше «Ақ жол» мен «Нұр Отан» партиялары барды. Бүгін біз барып жолдауға қатысты ұстанымымызды білдіреміз. Бірақ теледидар алдында отыруға уақыты жоқ, газет те қарап үлгермейтін ауыл адамдары да бар емес пе? Қойшы, жұмысшы, шахтер дегендей. Газеттен оқыса да, «Неге бұлай» деген сұрақ қалуы мүмкін көкейінде. Сонда біз жауап береміз. Қарапайым халық тосыннан жайсыз сұрақ қояды екен деп қашпаймыз.

Азаттық: – Әдетте сіздердің кездесулеріңізді әкімдіктер ұйымдастырады. Бірақ олар сіздерге жайсыз сұрақ қоятындарды кездесуге шақырмауы да мүмкін ғой?

Депутаттармен кездесуге келген жұрт. Қазақстан, 8 шілде 2016 жыл. (Көрнекі сурет)
Депутаттармен кездесуге келген жұрт. Қазақстан, 8 шілде 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Жамбыл Ахметбеков: – Ол да мүмкін, жоққа шығармаймын. Бұрын ондайды бастан өткергенмін. Мұндай іс-шараларыңызға қатыспаймын деп келесі күннен бастап бөлініп кеттім. Тосыннан барсаң ғана халық ашылып сөйлеседі. Дегенмен әкімдік «Мәдениет үйіне» жинаған 200 адамның бәрі бірдей әкімдіктің айтқанымен жүрмеуі де мүмкін ғой. Өз басым талай рет тосыннан бардым, басқалар үшін жауап бере алмаймын.

Азаттық: – Бұл жолы да тосыннан барасыз ба?

Жамбыл Ахметбеков: – Бұл жолы Атырау облысына барамын. Бірақ ол жақта қай жерге тосыннан бару қажеттігін білмеймін. Жанымда сол облыстағы компартия филиалының басшысы болады. Жергілікті жерге барып, жергілікті әкім басқарып отырған аумаққа баса-көктеп кіргеннен кейін ең бірінші ақсақалдарға, сол елдің басшысымен жолыққан дұрыс. Бәрін аралап болып әкімге бару жөн емес. Біздің келгенімізді олар да біледі ғой. «Міне, келдім, елді аралаймын» деп айту керек. Қисығы болса, бәрін түзетіп үлгермейді бәрібір. Әзірге бізді қай аудандарға бөлгенін білмеймін

Азаттық: – Сіздің ел аралауыңызға қанша қаржы жұмсалады?

Жамбыл Ахметбеков: – Іссапар үшін тәулігіне 5 мың теңге берер. Бару-қайту жолы бар. Қонақ үй аудандарда қымбат емес, 3-4 мың теңге шамасында.

Азаттық: – Мәжілістің 98 депутаты мен сенаттың 47 депутатына жұмсалатын бұл шығын көп емес пе?

Қазақстан парламенті. Астана, 30 шілде 2016 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстан парламенті. Астана, 30 шілде 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Жамбыл Ахметбеков: – Көп емес. Жолдауды түсіндіріп, халықты бір мақсатқа жұмылдырсақ, ол шығын миллион есе қайтады. Мәселен,біз түсіндіргеннен кейін аграрлық саланың пайдасына көзі жетіп іске кіріскен кәсіпкер қаншама пайда табады емес пе? Яғни шығыс болмай, кіріс болмайды деген сөз.

Азаттық: – Тек жолдау емес, президенттің билік өкілеттігін бөлу жөніндегі үндеуін де түсіндірмек екенсіздер. Компартияның бұл ұсынысқа қарсы бөлек ойы бар ма?

Жамбыл Ахметбеков: – Елбасының «билік өкілеттігін бөлісетін уақыт келді» дегеніне қосыламыз. Өйткені саяси реформа жасау қажеттігі туралы коммунистер ұдайы айтып жүр.

Азаттық: – Президенттің «билік өкілеттігін бөлісу туралы» бастамасына орай әлеуметтік желілерде «бұл – жартыкеш реформа, ол үшін сайлау заңын өзгертіп, парламентті таратып, қайта сайлау өткізу керек» дейтін пікірлер айтылып жатыр. Осындай пікірлерді естідіңіздер ме?

Жамбыл Ахметбеков: – Ондайды мен ести қойған жоқпын. «Әділ сайлау өткізу керек, әділетсіз сайлау өтті» дегенді қай сарапшы айтып жүргенін білмеймін. Қандай дәлелі бар екенін маған көрсетсе, ол сөзге көнер едім. Әлеуметтік желілерде, үйде отырып біреуден естігенін айта салу дұрыс емес. Сайлау туралы заңға осының алдындағы шақырылымда өзгеріс енгізгенбіз. Осы заң аясында жұмыс істесе, лайықты партиялардың парламентке өтуіне мүмкіндік бар. Басқа партиялар өтті екен деп қызғануға бола ма? Қазір парламент ашық. Парламентке өтпеген партиялардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдерін, заңгерлерді, басқа да сарапшыларды шақырып, талқылауға қатыстырып жүрміз. Сол кезде біз ескермей қалған жайттарды айтуына болады. Бізге келмесе, жазып жіберсін.

Азаттық: – Алдағы конституциялық өзгерістерге байланысты парламентті таратып, қайта сайлау өткізуі мүмкін бе?

Өйткені мен сайлау кезінде бақылаушы емес, халықты дауыс беруге шақырып жүрген саясаткер ретінде жүрдім. Ал дауысты санау – сайлау комиссиясының құзыретінде. Әр бюллетеннің жанында тұра алмаймыз ғой. Біз күрес жүргіземіз, ал санау – басқа мәселе.

Жамбыл Ахметбеков: – Мүмкін емес. Біріншіден, қазіргі парламенттің жұмысы дұрыс жүріп жатыр. Егер қандай да бір заңға байланысты шу шығып жатса, дұрыс түсінбегендіктен. Жыл сайын сайлау өткізіп, миллиардттаған теңгеге шығындалудың керегі не? Халық сайлауға белсенді қатыссын. Сайлау кезінде дауыс беруге бармайтындар бар. Мұндай конституциялық құқықты пайдаланбау саяси сана-сезімнің төмендігі деп те түсінуге болады.

Азаттық: – Парламент сайлауы кезінде болған заң бұзушылықтар туралы алуан түрлі видеолар жарияланды. Осындай дәлелдерден кейін «бұл сайлау әділетсіз өтті» деген ой келмей ме?

Жамбыл Ахметбеков: – Өз басым ондайды көрген жоқпын. Өйткені мен сайлау кезінде бақылаушы емес, халықты дауыс беруге шақырып жүрген саясаткер ретінде жүрдім. Ал дауысты санау – сайлау комиссиясының құзыретінде. Әр бюллетеннің жанында тұра алмаймыз ғой. Біз күрес жүргіземіз, ал санау – басқа мәселе.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рақмет.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG