Accessibility links

"Бетперде киген адамды да таниды". Hikvision камералары Қазақстанға қажет пе?


АҚШ-тың "қара тізіміне" енген Қытай компаниясы және Қазақстан
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:50 0:00

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Қытайдың адамдардың жеке бас деректерін цифрландыру әдісін" мақтап, Қазақстан Пекиннің тәжірибесін қабылдау керегін айтты. Тоқаев бұл мәлімдемесін Қазақстанда Қытайға деген қарсылық өршіп тұрған тұста, АҚШ Қытайдың камера мен цифрлық технология жасайтын компанияларына санкция салып жатқанда жасады. Вашингтонның қара тізіміне енген Қытайдың Hikvision компаниясы Қазақстанда 2015 жылдан бері жұмыс істейді. Елде Тоқаев сөзіне алаңдайтындар да, қолдайтындар да бар.

HIKVISION ӨКІЛІ МЕН ТОҚАЕВТЫҢ АЙТҚАНЫ

АҚШ санкция салған Hikvision компаниясы Қазақстан қалаларын үш-төрт жылдан бері бейнебақылау камераларымен, қауіпсіздік жүйесі өнімдерімен қамтамасыз етіп келеді. Компанияның Алматыдағы өкілі Леонид Тан Hikvision камералары Қазақстанда тек жол қауіпсіздігін бақылайтынын айтады. Бірақ ол компания камералары Қазақстанның нақты қай қалаларында орнатылғанын, камералар саны қанша екенін ашып айтпады. "Қолымда мұндай мәлімет жоқ" деп қысқа қайырды.

АҚШ-тың Қытай компанияларына санкциясы

7 қазанда АҚШ "Шыңжаңдағы ұйғырлар, қазақтар және басқа да мұсылмандарға қысым жасауға атсалысқан" Қытайдың 28 компаниясына санкция салған. Олардың арасында Қытайдың 20 қоғамдық қауіпсіздік бюросы, видео бақылау жүргізетін Hikvision фирмасы, адам жүзін анықтау құрылғыларын дайындайтын Sense Time және Megvii Technology компаниялары бар. Бұдан бөлек, АҚШ мемлекеттік департаменті “Шыңжаңдағы ұйғыр, қазақ және өзге де аз ұлт өкілдерінің қысымға қатысы бар" Қытай билігінің өкілдеріне, олардың отбасыларына визалық шектеу қойды. Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Гэн Шуан 8 қазанда Пекинде брифинг өткізіп, АҚШ-тан жедел түрде өз қатесін түзеп, шығарған шешімдерін қайта өзгертуді сұраған.


- "Қауіпсіз қала" жобасының өзі бірнеше бағытқа бөлінеді. Бұл – үлкен трассалар мен көше қиылысындағы жол жүру ережесін бұзу, жылдамдықты асыру жағдайы. Біз жолдағы қауіпсіздікті сақтауға атсалысып жатырмыз. Бейнебақылау жүйесі халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сол үшін де Қытай бұл технологияны енгізуді 2002 жылдан бастаған. Ал 2006 жылы ірі қалаларға жаппай қойылды. Соның нәтижесінде елдегі қылмыс пен жолдағы тәртіп бұзу азайды, - деді компанияның Алматыдағы өкілі.

Леонид Тан "АҚШ Қытай компанияларына санкция салады" деген "әңгіме" бір жыл бұрын шыққанын, бірақ компанияның қазіргі ұстанымынан хабарсыз екенін жеткізді. Оның сөзінше, басшылықтан ресми мәлімдеме келмеген.

Hikvision компаниясы Қазақстаннан бөлек Орталық Азияның тағы бірнеше елінде жұмыс істейді. Леонид Танның сөзінше, соңғы ірі жоба Өзбекстанда жүзеге асқан. Елде жоғары оқу орнына түсу емтиханында Hikvision компаниясының камералары қолданылған. Кіре беріске қойылған камераның көмегімен абитуриенттердің жеке деректері тексерілген. Осылайша, "біреудің орнына екінші адам келіп сынақ тапсыру оқиғаларының жолы кесілген".

8 қазанда Нұр-Сұлтан қаласын дамытуға арналған жиында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың цифрландыру жұмысының ақсап жатқанын сынады. Тоқаев қала көшелеріне орнатылған «Сергек» камераларын "айыппұл жинаумен ғана шектеледі" деп сөкті. Адамның түр-тұлғасын жаңылмай танитын Нikvision компаниясының бақылау камераларын мақтаған Қазақстан президенті үкіметке "осы бағытта жұмыс істеуді тапсырған".

"[Қытайдың] Hikvision компаниясы... Олардың техникасы жақсы дамыған. Негізгі қалаларды цифрландырды. Өте жақсы цифрландырған. Қалай жасағанын түсіндірмей-ақ қояйын. Экранды түртіп қалсаң, адам жайлы бар ақпарат шығады. Қай жылы институт бітірді, бос уақытында қайда барады, қандай кредиті бар, бәрі шығады. Бізге осы бағытқа жүру керек. Бұл – әлемдік тенденция" деген еді Тоқаев.

Hikvision компаниясының камералары. Пекин, 2019 жылдың мамыры.
Hikvision компаниясының камералары. Пекин, 2019 жылдың мамыры.

Қазақстан президенті қыркүйекте Қытайға барған сапарында Hikvision компаниясының Ханчжоудағы кеңсесін аралаған.

ЖҰРТТЫ ҚОРҒАЙ МА ӘЛДЕ АҢДИ МА?

Қазақстандық IT маман Рымбек Ізғали әлемдік нарықта Қытай компанияларының камералары арзан екенін айтады. Ол камера түсірген видеолар мен ақпараттарды сақтайтын серверлердің мәселесіне назар аударады.

- Бүкіл ақпаратты, оның ішінде жоғары сапалы видео контентті сақтау оңай шаруа емес. Ол үшін мәліметтерді өңдеп, дербес деректерді сақтайтын мықты data-орталықтар қажет. Сондықтан жоғары технологиялық өнімді жаппай орнату Қазақстан билігі үшін тиімсіз болуы мүмкін, - дейді ақпараттық технологиялар маманы.

Рымбек Ізғали қазіргі "ақылды камералар" "мықты технологиямен жабдықталғанын, өте сирек шатасатынын" айтады.

- Камераға тіке, яғни 3*4 сурет түрінде қарау міндетті емес. Сіз жоғары қарайсыз ба, төмен қарайсыз ба, шашыңызды тақырлап алып тастайсыз ба, тіпті бетіңізге бетперде киіп аласыз ба, бәрібір. Ол қозғалысыңыз бен іс-қимылыңыздан сізді бірден танып, анықтайды. Шешесі баласын үш жыл көрмесе де, айнымай таниды ғой. Мына камералар да сол сияқты. Бірақ одан да күшті технология, яғни, ешқашан шатаспайды, - дейді ол.

IT маман "елде соңғы уақытта наразылық жиілеп кеткен соң Қазақстан жоғары технологиялы камераларды орнату идеясын ойлана бастаған болар" деп топшылайды.

- [Белсенділер] қанша қазір? Алматыда 100-200 болар, Нұр-Сұлтанда ары кетсе 70-100 адамның шамасында, бұған Ақтөбедегі 10-15 белсендіні қосыңыз. Болды. Бұл азаматтарды билік "ақылды" камерасыз да бақылап отыр ғой, - дейді ол.

Hikvision камералары Пекинде өткен көрмеде көрсетілді. 2018 жыл.
Hikvision камералары Пекинде өткен көрмеде көрсетілді. 2018 жыл.

Oyan, Qazaqstan ұйымының белсендісі Әсем Жәпішева "адамның келбетін айнымай танитын камералар орнату – азаматтардың бостандығын шектеу" деп есептейді.

- Қазақстан Конституциясының 18-бабында "әркімнің жеке өміріне қол сұғылмауы тиіс, өзінің және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар" деп жазылған. Ал жаңа технологияны енгізу арқылы Қазақстан билігі тұрғындарды жаппай бақылауға көшіп, азаматтардың конситуциялық құқығын таптамақ. Мұндай істерді халықпен ақылдасу керек, - дейді ол.

Әсем Жәпишева алысқа бармай-ақ көрші Ресейдегі жағдайды еске алды. Оның сөзінше, "Ресейде билік жаңа технологияны наразыларға қарсы қолданған. Бір адамдық пикетке шыққан белсендіні бейнебақылау камерасына түскен суреті арқылы анықтап, жауапқа тартқан".

"Дәл осындай тәсілді Қазақстан билігі де қолдануы мүмкін" деп алаңдайды белсенді.

Ал мәжіліс депутаты Нұрлан Дулатбеков "президент қауіпсіздік мәселесіне алаңдап, үкіметке дұрыс талап қойып отыр" деп санайды.

- Бұл – адамдардың құқықтарын шектеу емес, керісінше, олардың қауіпсіздігіне алаңдау. [Камералар] қылмыспен күресуге де үлес қосады. Қандай камералар орнатылады? Олар қай бағытта жұмыс істейді? Мәселе сонда. Осыны зерделеу керек, - дейді ол.

Мәжіліс депутаты Асылбек Смағұлов та әріптесінің пікірін құптап отыр. Ол "елде түрлі жағдай болып жатыр. Камера орнату – жалғыз бізде емес, шетелде де бар тәжірибе" дейді.

Ал депутат Айгүл Нуркина Қазақстанда дербес деректер туралы заң барын, егер жеке мәліметтер жарияланса, жауаптылар жазаланатынын еске салды. Депутат "мәселені жан-жақты зерттеу керек" деген пікір білдірді.

Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы биыл мамырда "кейбір мемлекеттер Hikvision сияқты компаниялар жасаған бейнебақылау камераларын пайдаланып, тұрғындардың еркіндігіне қол сұғып жатыр" деп сынаған. Ұйым мәлімдемесінде Пекин Шыңжаңдағы аз ұлттарды қудалауға, оларды аңдуға осындай құрылғыларды қолданғаны айтылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG