Accessibility links

Головкин Мартиросянды екінші раундта құлатты


Ванес Мартиросянды нокаутпен жеңген Геннадий Головкин (оң жақта) рингтің бұрышында тұр. АҚШ, 5 мамыр 2018 жыл.
Ванес Мартиросянды нокаутпен жеңген Геннадий Головкин (оң жақта) рингтің бұрышында тұр. АҚШ, 5 мамыр 2018 жыл.

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин 34-кездесуін нокаутпен аяқтады. Бұл жолы ол америкалық Ванес Мартиросянды жеңді.

Жекпе-жек мамырдың 5-і күні (Астана уақыты бойынша 6 мамырда) АҚШ-тың Калифорния штатындағы Карсон қаласында өтті. Кездесу шамамен үш минутқа созылды. Екінші раундтың басында Мартиросян Головкиннің соққыларынан кейін жерге құлады. Төреші онға дейін санап жатқанда Мартиросян орнынан әрең көтерілді. Рефери қолын айқастыра кездесудің аяқталғанын меңзеді. Мартиросян карьерасында алғаш рет нокаутпен жеңілді.

Геннадий Головкин (сол жақта) мен Ванес Мартиросян жекпе-жегі. АҚШ, 5 мамыр 2018 жыл.
Геннадий Головкин (сол жақта) мен Ванес Мартиросян жекпе-жегі. АҚШ, 5 мамыр 2018 жыл.

Кездесуден кейін Головкин "Өзімді жақсы сезініп тұрмын. Мені қолдаған достарыма, қазақстандықтарға алғыс айтамын. Ванес - мықты боксшы. Бірінші раундта бірнеше жақсы соққылары дарытқанда қиын жекпе-жек болады деп ойладым. Бірақ екінші раундта бәрі аяқталды. Орта салмақта барлық боксшымен кездесуге дайынмын" деді.

Мартиросян болса "Головкин - мықты панчер.Оның әр соққысы мығым әрі тым күшті болды. Таймингке дейін жете алмадым. Головкин мені соққыларының күшімен таң қалдырды" деп қысқа қайырды.

"ЖІГІТТЕР, КЕЛІҢДЕР"

36 жастағы Головкин осы жекпе-жекті қосқанда кәсіпқой рингте 39-кездесуін өткізіп, 38-рет жеңіске жетіп отыр. Бір жекпе-жекті тең аяқтаған. Қазақстандық боксшы 2017 жылы қыркүйекте мексикалық Сауль Альвареспен тең түскен.

Оқи отырыңыз: Головкиннің тең аяқталған жекпе-жегі

Негізгі жоспар бойынша Головкин Мартиросянмен емес мексикалық Сауль Альвареспен кездесуі керек еді. Бірақ Альварес "допинг қолданды" деп айыпталып, алты айға спорттан шеттетілген.​

Он жылдан бері әлем чемпионымын және менде чемпиондық белдік көп. Жігіттер, егер қаласаңдар, келіңдер де, белдіктерімді алуға тырысып көріңдер

"Альвареспен кездесу? Ол дайын болса, мен дайынмын. Кіммен болса да кездесуге дайынмын. Он жылдан бері әлем чемпионымын және менде чемпиондық белдік көп. Жігіттер, егер қаласаңдар келіңдер де, белдіктерімді алуға тырысып көріңдер" деді Головкин Мартиросянмен кездесуден кейін.

32 жастағы Мартиросян осымен кәсіпқой бокстағы 41 кездесуін өткізіп, төртінші рет жеңілді. Ол 36 кездесуде жеңіп, бір жекпе-жекті тең аяқтаған. Әлемдік ақпарат құралдарының дерегінше, Головкин бұл кездесуден кейін бір миллион доллар, Мартиросян 250 мың доллар гонорар алған. Бұл - Головкиннің соңғы үш жылда алған ең аз гонорары.

Тест: Головкинмен "жекпе-жекке" шығыңыз

Головкин бұл кездесуде WBA, WBC, IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағын қорғап қалды. Қазақстандық боксшы - IBF тұжырымы бойынша да әлем чемпионы. Бірақ IBF (Халықаралық бокс федерациясы) бұл жекпе-жекке санкция салып, Головкинге IBF белбеуін қорғауға рұқсат бермеді. Бұл ұйым Головкин IBF белбеуін қорғау үшін украиналық Сергей Деревянченкомен кездесуі тиіс деп санайды.

Головкин мен Мартиросян кездесуден кейін қол алысып тұр. 5 мамыр 2018 жыл.
Головкин мен Мартиросян кездесуден кейін қол алысып тұр. 5 мамыр 2018 жыл.

IBF талабы бойынша, Головкин алдағы уақытта Деревянченкомен жекпе-жекке шығуы тиіс. Егер Деревянченкомен жекпе-жекке шықпаса IBF Головкиннен чемпиондық белбеуді қайтарып алатынын мәлімдеген.

Головкиннің промоутері Том Леффлер қазақстандық боксшының келесі кездесу биыл күзде өтуі мүмкін деп хабарлаған.

XS
SM
MD
LG