Accessibility links

Әлеуметтік желіні шулатқандар


Қазақстандық желіде танымал болғандар (коллаж).
Қазақстандық желіде танымал болғандар (коллаж).

Биыл олардың істері мен мәлімдемелері интернетте қызу талқыланды, шуға айналды.

ДИМАШ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ӘНШІ

​Сәуірдің 15-і күні ақтөбелік (Қазақстанның батысындағы облыс орталығы) Димаш Құдайберген Қытайда өткен I am a Singer конкурсында екінші орын алып, жастардың нағыз кумиріне айналды. Достарының айтуынша, 23 жастағы Димаштың қытайлық жанкүйерлері оның әндердін түсіну үшін қазақ тілін үйрене бастаған. Қытайдағы жеңісінен кейін Димаш Құдайберген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болып, биліктегі «Нұр Отан» партиясына қабылданды және елдегі саяси іс-шараларға жиі шақырту ала бастады.

"Қазақ әнін әлемге танытқым келді"
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:35 0:00

ҚУАНДЫҚ БИШІМБАЕВ, ЭКС-ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ

Қуандық Бишімбаев (ортада) Астанадағы сотта. Астана, 7 қараша 2017 жыл.
Қуандық Бишімбаев (ортада) Астанадағы сотта. Астана, 7 қараша 2017 жыл.

Қаңтардың 10-ы күні коррупцияға қарсы бюро Қазақстанның ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевты ұстады. Оны «бір топ адаммен 346 миллион теңге пара алды және бір миллиард теңгеден көп бюджет қаржысын жымқырды» деп айыптаған. 37 жастағы Бішімбаев мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасы бойынша 2001 жылы АҚШ-тағы Джордж Вашингтон атындағы университетін бітірген. Ол - «Болашақ» түлектерінің арасынан шыққан алғашқы министрлердің бірі. Бишімбаев әр жылдары «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры басқарма төрағалығынан президент көмекшісіне дейінгі жоғары қызметтер атқарған. Бишімбаев пен құрылыс компанияларының топ-менеджерлеріне (жиыны 23 адам) қатысты іс Астана қалалық сотында әлі жүріп жатыр.

ЖОХАР ӨТЕБЕКОВ, АДВОКАТ-БЛОГЕР

Жохар Өтебеков (оң жақта) әріптестерімен жиында отыр.
Жохар Өтебеков (оң жақта) әріптестерімен жиында отыр.

​Заңгер Жохар Өтебеков - қазақстандық интернет қолданушылар ең көп оқитын авторлардың бірі. Оның Facebook желісінде 27,5 мың оқырманы бар. Заңгер биыл сот пен жекелеген судьялардың жұмысын, азаматтар мен адвокаттардың құқығын шектейтін жаңа заңдарды сынаумен танылды. Өтебековтың айтуынша, бұл қылығы үшін оған қоқан-лоқы жасаған. Ал республикалық және алматылық адвокаттар алқасындағы кейбір әріптестері оған адвокатурадан кетуді ұсынып, мәлімдемелерін жария түрде айыптай бастаған.

БАҒЛАН МАЙЛЫБАЕВ, ПРЕЗИДЕНТ ӘКІМШІЛІГІ ЖЕТЕКШІСІНІҢ ЭКС-ОРЫНБАСАРЫ

Бағлан Майлыбаев.
Бағлан Майлыбаев.

​Қаңтардың 12-сі күні Бағлан Майлыбаев президент әкімшілігі басшысы орынбасары қызметінен кетті. Ал 16 қаңтарда ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) баспасөз қызметі 42 жастағы Майлыбаев «мемлекеттік құпияны заңсыз жинап, таратты және жариялады» деген күдікпен ұсталғанын хабарлады. 29 жасында ел президенті баспасөз қызметінің ең жас жетекшісі болып үлгерген Бағлан Майлыбаев қызметте тез өсті. 2011 жылдан бері ол президент әкімшілігінде идеологиялық сектор мен ішкі саясат мәселелеріне жетекшілік еткен. Майлыбаевтың соты жабық режимде өтіп, ол бес жылға сотталды. Сот оның дүние-мүлкін тәркілеп, мемлекеттік органдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойы айырды.

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІ

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев шенеуніктермен EXPO қалашығын аралап жүр.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев шенеуніктермен EXPO қалашығын аралап жүр.

​Сәуірде Ақорда сайтында 77 жастағы президент Назарбаевтың «мықты әрі жауапкершілігі жоғары адамдардан тұратын біртұтас ұлтқа айналу үшін қоғамдық сананы өзгерту» жолдарын көрсеткен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген мақаласы жарияланды. Әлеуметтік желідегі скептиктердің бір бөлігі «руханизатор» тәрізді жаңа сөздер ойлап тауып мақаланы қызу талқылай бастады. Әлгі мақаласында Назарбаев 2025 жылға қарай елде іс қағаздар, мерзімді басылымдар мен оқулықтар латын әліпбиінде көше бастайды деп мәлімдеп, қазақ әліпбиін кирилиццадан латынға көшіру мерзімін алғаш рет нақты көрсетті.

АЛМАЗБЕК АТАМБАЕВ, ҚЫРҒЫЗСТАННЫҢ ЭКС-ПРЕЗИДЕНТІ

Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев.
Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев.

​Қазанның 7-і күні ел азаматтарына мемлекеттік наградалар тапсыру рәсімінде Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Қазақстан билігін сайлауалды науқанында Қырғызстанның ішкі ісіне килікті деп айыптап, сынады. Қазақстан билігі бұған қарымта ретінде шекарадағы тексеру тәртібін күшейтті. Шекарада кезек көбейіп, қазақстандық әйел қайтыс болды. 15 қазанда Қырғызстанда өткен президент сайлауында Атамбаев қолдайтын 59 жастағы Сооронбай Жээнбеков жеңіске жетті. Кейін Назарбаев пен Жээнбеков Мәскеуде кездесіп, “бәрін басынан бастауға келісті”.

МҰХТАР ӘБЛЯЗОВ, ЭКС-БАНКИР

Қуғындағы 54 жастағы Әблязов оппозициялық риторикасымен әлеуметтік желілерде биыл жиі көрінді. Ол билікті сынап тікелей эфир жүргізіп, посттар жаза бастады. Әблязовтың тікелей эфирі кезінде Қазақстанда әлеуметтік желілер мен мессенджерлер оқтын-оқтын бұғаттауға ұшырап, пайдаланушылардың наразылығын тудырды. Бірақ Қазақстан билігі бұл бұғаттауларды жоққа шығарды. Кейінгі сегіз жылда Мұхтар Әблязов Қазақстаннан тысқары жерде тұрып жатса да, ол сырттай 20 жылға соттады. Оның «жақтастары мен сыбайластарының» үстінен бірнеше рет іс қозғалды.

БАУЫРЖАН БАЙБЕК, АЛМАТЫ ӘКІМІ

28-қысқы универсиада алауы эстафетасын бастап шыққан Алматы әкімі Бауыржан Байбек. 29 қаңтар 2017 жыл.
28-қысқы универсиада алауы эстафетасын бастап шыққан Алматы әкімі Бауыржан Байбек. 29 қаңтар 2017 жыл.

​Қарашаның 9-ы күні баспасөз жиыны кезінде Алматы әкімі «қалада мейрамханада 500 теңгеге дәмді тамақ ішуге болады» деп мәлімдеді. Бұл – бір жарым доллардан сәл асатын қаржы. Журналистер мен блогерлер Алматының қоғамдық тамақтану орындары, кафе, мейрамханаларын аралап 500 теңгеге тамақтануға тырысып көргенімен, түк шықпады. Тамақ әлдеқайда қымбат тұратын болып шықты. Түрлі бастамалары үшін 43 жастағы Байбек әлеуметтік желі пайдаланушыларының сынына талай ұшыраған. Қарашаның аяғында Байбектің ұсынысымен Алматының орталық көшесіне президент Назарбаевтың есімі берілді.

ДЖЕЙМС ПАЛМЕР, ЖУРНАЛИСТ

Америкалық Foreign Policy журналының тілшісі Джеймс Палмер Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесі туралы сыни мақаласында «Қазақстан билігі шараны ұйымдастыруға миллиардтаған доллар жұмсады» деп жазды. Маусымның 19-ы күні ЭКСПО ұйымдастырушылары "Джеймс Палмер көрме түгілі, Қазақстанға да келген жоқ" деп мәлімдеді. Журналист Twitter желісінде іле-шала Қазақстан шекарасынан өткенін растайтын мөр соғылған төлқұжатының фотосуретін жариялады. Осыдан кейін Foreign Policy басылымының сайты біразға дейін ашылмай қалды.

ГЕННАДИЙ ГОЛОВКИН, КӘСІПҚОЙ БОКСШЫ

Геннадий Головкин (GGG) мен Сауль Альварес арасындағы жекпе-жек. Лас-Вегас. 16 қыркүйек 2017 жыл.
Геннадий Головкин (GGG) мен Сауль Альварес арасындағы жекпе-жек. Лас-Вегас. 16 қыркүйек 2017 жыл.

​Қазақстандағы ең танымал боксшы Головкиннің есімі де биыл желіде қызу талқыланды. WBC, WBA Super, IBF және IBO нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы наурызда америкалық боксшы Дэниел Джейкобсты жеңіп, атақтарын сәтті қорғап қалды. Ал қыркүйекте Головкин АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында мексикалық боксшы Сауль Альвареспен (лақап есімі - Канело) жекпе-жекке өткізіп, тең түсті. Қазақстандық пайдаланушылардың бірі «Головкин жеңілді» десе, енді бірі «төрешілер әділ төрелік етпеді» деп дауласты. Қазір қос боксшының промоутерлері екінші жекпе-жек өткізу үшін келіссөз жүргізіп жатыр.

ТҰҢҒЫШБАЙ ЖАМАНҚҰЛОВ, АКТЕР

Маусымның 1-і күні Алматы соты «Феникс» фильмін түсіруге бөлінген 69 миллион теңгені (шамамен 220 мың доллар) жымқырғаны үшін актер Жаманқұлов үш жарым жылға шартты жазаға кесті. 69 жастағы Жаманқұлов 2016 жылғы қазанда мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлын “жыныстық бопсалады” деп айыптаған Еңлік Садықованы жария түрде қолдады. Садықова Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының бұрынғы студенті. Ол бұл оқу орнында Мұхамедиұлы ректоры болып тұрғанда оқыған.

Жаманқұлов "президентке өкпелі екенін" айтты

Тұңғышбай Жаманқұлов «президентке өкпелі» екенін айтты
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:45 0:00

НИКОЛАС КЕЙДЖ, ГОЛЛИВУД АКТЕРІ

Николас Кейдждің шапан мен түскен суретінің Facebook-тен алынған скриншоты.
Николас Кейдждің шапан мен түскен суретінің Facebook-тен алынған скриншоты.

​Актердің қазақтың ұлттық киімі шапан мен тымақ киіп түскен фотосын жұрт желіде әп-сәтте күлкіге айналдырып, сан-саққа жүгіртті. Интернет қолданушылар шілдеде Астанада өткен «Еуразия» кинофестиваліне келіп, қала әкімі мен мәдениет саласындағы шенеуніктерімен бірге жүріп ағаш егіп, ресми шараларға қатысқан Кейджді келемеж етті.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

XS
SM
MD
LG