Accessibility links

Бишімбаевтың адвокаттары мен тергеушілер дауы ұлғайды


бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев.
бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев.

Қазанның 24-і күні Астанада коррупция айыбымен тергеліп жатқан бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың адвокаттары тергеушілер таққан айыптармен келіспейтіндерін мәлімдеді. Олар "істе дәлелдер жоқ, жауапкершіліктен құтылғысы келген бір кісі бар пәлені Бишімбаевқа жауып отыр" дейді. Ал қазанның 19-ы күні коррупцияға қарсы ұлттық бюро тергеушілері Бишімбаевтың "қылмыстары дәлелденгені" туралы брифинг берген еді.

Астанада баспасөз мәслихатын өткізген Бишімбаевтың адвокаттары қазанның 19-ы күні тергеушілер өткізген брифингте айтылған айыптауларға жауап болып шықты. 37 жастағы экс-министрге «Бәйтерек» ұлттық холдингін басқарған кезде Қызылордада салынып жатқан әйнек зауытына бөлінген қаражатты жымқырған, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша баспана салып жатқан құрылыс компанияларынан пара алған деген айып тағылған.

"БИШІМБАЕВҚА ПӘЛЕ ЖАУЫП ОТЫР"

Қазанның 19-ы күні коррупцияға қарсы ұлттық бюро өкілдері брифинг өткізіп, Бишімбаев ісіндегі мемлекетке келген шығын деп аталған қаражаттың төленгенін, сөйтіп келген шығынның орны толық жабылғанын мәлімдеген еді. Бүгін баспасөз мәслихатын өткізген адвокаттар алдымен осы мәліметті теріске шығарып, ол "шығынды өтеу емес, әйнек шығаратын зауытты салу үшін берілетін қаражатқа қойылған банк кепілдемесі" деді.

- Ұлттық бюроның 1,2 миллиард теңге шығынды қайтарды деп отырғаны өтірік. Іске қатысы бар күдіктілердің ешқайсысы шығын жапқан жоқ. Әйнек зауытын салатын мердігерге «НУХ Бәйтерек», яғни "Бәйтерек DEVELOPMENT" біліктілік талабын қойды. Яғни, құрылысшы тек құрылыс санатын біліп қана қоймай, жұмысты атқарып шығуға кепілдік беруі керек. Яғни, банк кепілдемесі керек. Бұл факті бойынша сот өтіп, ол қаражаттың банк кепілдемесі ретінде Orda Glass компаниясына аударылғаны анықталды, яғни бұл жерде тапсырыс беруші мен орындаушының арасында дау жоқ. Ол шығынды өтеу емес, - деді Бишімбаевтың адвокаты Мәди Мырзағараев.

Мәди Мырзағараев «Интернет ресурстарда Бишімбаев алды деген ақшаның банктерден табылғаны туралы ақпарат тарады. Бірақ қазір ол ақшаның Бишімбаевтың ата-анасының адал еңбекпен тапқан жеке қаражаттары екені жүз пайыз дәлелденіп отыр. Қазір оған прокуратура да келісті, ұлттық бюро тергеушілері де келісіп, ол ақшаны қазір олар Бишімбаевтың анасына қайтарды» деді.

Осылай деген адвокаттар "істегі дәлелдер базасы пәлені Бишімбаевқа жабуға өте мүдделі адамдар берген жауаптар арқылы жасалып жатқанын" айтты.

Бұл - жауапкершіліктен құтылуға, жауапкершілікті басқа адамның мойнынан артуға талпыныс.

- Бұл - жауапкершіліктен құтылуға, жауапкершілікті басқа адамның мойнынан артуға талпыныс, - дейді адвокат Мәди Мырзағараев.

Қорғаушылар Бишімбаев әу бастан қылмыстық іс ойдан құрастырылғанын айтып келе жатқанын мәлімдеп, коррупцияға қарсы ұлттық бюроның "Бишімбаев парадан түскен ақшадағы үлесін Астана маңындағы Қосшы кентінен үй салуға жұмсаған" деген мәлімдемесін де теріске шығарды. Адвокат Мәди Мырзағараев:

- Әділет органдарында кез келген тұлғаға тіркелген мүлік жөнінде мәлімет бар. Бишімбаевтың атында Қосшы деген ауылда ешқандай үй жоқ. Бишімбаевтың атында, жолдасының атында Алматы қаласында бір жарым бөлмелі бір үй бар және осында семьясы тұратын үйі бар. Басқа мүлік Бишімбаевтың атында жоқ. Брифингте Қосшы деген жердегі үй туралы айтылды. Ол үй біріншіден, заңды үй емес, ағаштан салынып жатқан құрылыс. Ол құрылыстың кімге тиесілі екенін біз сотта көрсетеміз. Ол Бишімбаевқап тиесілі емес, - деді.

Қуандық Бишімбаевтың адвокаттары (солдан оңға қарай) Мәди Мырзағараев пен Сейіт Рахманов. Астана, 24 қазан 2017 жыл.
Қуандық Бишімбаевтың адвокаттары (солдан оңға қарай) Мәди Мырзағараев пен Сейіт Рахманов. Астана, 24 қазан 2017 жыл.

Адвокаттар коррупцияға қарсы ұлттық бюроның Бишімбаевты соттан бұрын айыпты қылып сипаттап жатқанына наразы. Олардың сөзінше, тергеушілер кінәсіздік презумпциясын бұзып отыр.

Неге тергеушілер оның кінәлі екенін айтып жатыр? Бұл мәселелердің бәрін сот анықтайды.

- Неге тергеушілер оның кінәлі екенін айтып жатыр? Бұл мәселелердің бәрін сот анықтайды. Ұлттық бюро Бишімбаев «жымқырды» деп жазып жатыр. Олай айта алмайды олар. Бишімбаев сотты күтіп отыр. Біз де мұндай баспасөз мәслихатын өткізбес едік. Ұлттық бюро брифинг өткізді, соған жауап беруге мәжбүрміз, - деді адвокат Сейіт Рахманов.

Бишімбаевты үш адвокат қорғап жатыр. Адвокаттар "ақшамен ұсталған, бірақ пәлені Бишімбаевқа жауып отырған адамдар бар, олардың аты-жөнін сот кезінде естисіздер" деді.

ТЕРГЕУШІЛЕР МӘЛІМЕТІ

Қазанның 19-ы күні Астанада Коррупцияға қарсы ұлттық бюро тергеушілері брифинг өткізіп, "Бишімбаев ісінде пара алудың жеті фактісі және 1 миллиард 200 миллион теңге көлеміндегі қаржы жымқырудың бір фактісі анықталды" деп мәлімдеген.

Тергеушілер Қызылордада Orda Glass әйнек зауытын салып жатқан «Шымкентхиммонтаж» құрылтайшысынан Бишімбаевтың 2 миллион доллар алғанын, ол қаражат Бишімбаевтың туысы Сұлтан Нұрлыбектің есеп-шотынан табылғанын мәлімдеді. Ал арендалық баспана құрылысы бойынша Бишімбаевтың "алған жеті парасының" көлемі 346 миллион теңге деп көрсетілген.

Коррупцияға қарсы ұлттық бюроның департамент директоры орынбасары Талғар Серікбаев қазанның 19-ы күні өткен брифингте Бишімбаевтың ісі шеңберінде «мемлекетке келген 1,2 миллиард теңге (около 3,5 миллион доллар шамасындағы қаржы - ред.) шығын ерікті түрде өтелді» деп мәлімдеген еді.

Ұлттық бюроның тергеу департаменті жетекшісінің орынбасары Олеся Кексель «Бәйтерек» холдингінің төрағасы болған кезінде Бишімбаев құрылыс компанияларынан олардың мүдделерін қорғағаны үшін пара алу мен қаржы жымқыру мақсатында қылмыстық схема құрған және оған өзіне бағынышты мекемелердің қызметкерлерін араластырған. Қазір қылмыстық істе көрсетілген шығын толық қалпына келтірілді. Одан бөлек, біз күдіктінің сомасы бір миллиард теңге болатын мүлкін арестке алдық. Бұл мүлікті тәркілеу мәселесі сотта қаралатын болады» деген еді.

«Бәйтерек» холдингінің төрағасы болған кезінде ол құрылыс компанияларынан олардың мүдделерін қорғағаны үшін пара алу мен қаржы жымқыру мақсатында қылмыстық схема құрған және оған өзіне бағынышты мекемелердің қызметкерлерін араластырған.

Мұнан бөлек, Кексель «Істегі 23 күдіктінің үшеуі ғана айыпты мойындамайды. Біреуі - Бишімбаев мырзаның өзі. Ол тергеу кезінде ешқандай түсінік бермеді, уәж келтірмеді. Екіншісі - Бишімбаевтың туысы Нұрлыбек Сұлтан. Ол да кінәсін мойындамайды, ешқандай куәлік бермеді. Сосын құрылыс компанияларының бірінің қызметкері айыпты мойындамай отыр. Бұлардан басқалары, Жақсыбаев пен Жакупов та, «Бәйтерек DEVELOPMENT» компаниясының қызметкерлері, құрылыс компанияларының басшылары, Бишімбаевқа бағынған компаниялардың жетекшілері, соның ішінде Orda Glass басшысы айыпты толық мойындайды» деген болатын. Сөз соңында ол:

- Бишімбаев Астана сыртындағы Қосшы кентінен көлемі 500 шаршы метр, құны 400-500 мың доллар болатын үй салған. Бұл ақша оның парадағы үлесінен жұмсалған, - деп мәлімдеген.

Сот актілері жөніндегі базадағы ақпарат бойынша, арасында Қуандық Бишімбаев пен "Бәйтерек DEVELOPMENT" компаниясы төрағасының орынбасары Асылан Жақыповтың (Жакупов) аты-жөні бар 20-дан астам адамның ісі 18 қазан күні Астана қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Асхат Әшірбековке жіберілген.

Пара алды деген күдікке ілінген Бишімбаев Астана қалалық ішкі істер департаментінің уақытша қамау изоляторында отыр. Ол қаңтардың 10-ы күні "топ болып алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі көлемде бірнеше рет пара алу фактісі" бойынша ұсталған. Екі күннен соң ол Астананың Алматы аудандық сотының санкциясы бойынша қамалған.

Бишімбаев ұлттық экономика министрі қызметінен 2016 жылдың желтоқсанында коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы "Бәйтерек DEVELOPMENT" ұлттық компаниясы қатысты тергеу бастаған соң босатылған. Компания Бишімбаев 2013 жылдың мамырынан 2016 жылдың мамырына дейін басқарған "Бәйтерек" холдингі құрамына кіреді.

Бишімбаев Қазақстанда аса ірі көлемде пара алу айыбымен ұсталған жоғары лауазымды алғашқы шенеунік емес. 2015 жылы Қарағанды соты бұл елдің бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметовті коррупция айыбымен 10 жылға соттаған. Кейіннен сот оның жазасын жеңілдетіп, биыл қыркүйекте ол абақтыдан босаған. Коррупция айыбымен Қазақстанда министрлер, министрлердің орынбасарлары, агенттік төрағалары, әкімдер, ұлттық компания басшылары сотталған.

Transparency International ұйымының 2016 жылғы коррупция туралы есебінде Қазақстан 131-орында тұр, бұл ел алдыңғы жылға қарағанда сегіз сатыға төмендеген.

XS
SM
MD
LG