Accessibility links

Аутсайдер Қазақстан құрамасы жанкүйер көзайымына айналды


Қазақстан мен Дания арасындағы ойыннан көрініс. Ванкувер, 2 қаңтар 2018 жыл.
Қазақстан мен Дания арасындағы ойыннан көрініс. Ванкувер, 2 қаңтар 2018 жыл.

Шайбалы хоккейден Қазақстан жастар құрамасы Канадада 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатына қатысып жатыр. Қаңтардың 4-і күні Қазақстан Дания құрамасымен ойнайды. Өз топтарында соңғы орын алған екі аутсайдер әлем чемпионатының элитасында қалатын команданы анықтайды.

Бірінші матчта Қазақстан Данияны 4:3 есебімен жеңген. Екінші ойында Қазақстан жеңсе, әлем чемпионатының элиталы дивизионында қалады. Ал Дания жеңсе, екі құрама үшінші ойын өткізеді. Екі рет жеңілген команда төменгі дивизионға сырғиды. Ал оның орнына төменгі дивизионда жеңіске жеткен Германия құрамасы келеді.

Қазақстан құрамасы алдағы ойындардың нәтижесіне қарамастан көрермен көзайымына айналған команда ретінде жанкүйерлер есінде қалмақ.

Хоккейден Қазақстан жастар құрамасы 10 жылда алғаш рет әлем чемпионатының элиталы тобында ойнап жатыр. 2009-2018 жылдары әлем чемпионатының төменгі дивизионында ойнаған.

Канадағы әлем чемпионатында Қазақстан В тобында ойнап, Финляндиядан 5:0, АҚШ-тан 8:2, Словакиядан 11:2, Швециядан 4:1 есебімен жеңілді. А тобында ойнаған Дания Канададан 14:0, Швейцария, Ресей және Чехиядан 4:0 ұтылды.

"Әлем біріншілігінде жанкүйерлердің санына қарап жүлде берсе, Қазақстанның жас хоккейшілері әлем чемпионы болар еді" деп жазды канадалық басылымдар.

Қазақстан хоккейшілері топтық кезеңнің алғашқы матчында Финляндиядан 5:0 есебімен жеңілді. Бірақ осы матчта Қазақстан қақпашысы Демид Еремеев 51 шайбаны қайтарып, кездесудің үздік ойыншысы атанды. Осы матчтан кейін Қазақстан құрамасының жанкүйерлері күрт көбейді.

Global News сайтының жазуынша, жарыс кезінде дүкендердегі Қазақстан құрамасының шарфтары мен фанаттарға арналған формалары сатылып кеткен. Спорт кешеніне жиналған жанкүйерлер әр матчта "Қазақстан!" деп айғайлап, қошеметпен қолдаған. Қазақстан құрамасы Словакиядан 0:8 есебімен жеңіліп жатқан. Кейін Қазақстан ойыншысы Артур Гатияров Словакия қақпасына шайба салғанда трибунадағы жанкүйер 1960 жылдары хит болған америкалық Нил Даймондтың Sweet Caroline әнін айтып, қолдаған.

Қазақстан құрамасы Канаданың Виктория және Ванкувер қаласында ойнап жатыр. Виктория тұрғыны Билл Бристоудың айтуынша, Қазақстан хоккейшілері әр шайба үшін жанын салады.

- Бұл хоккейшілер жүрекпен ойнайды. Жеңіске мүмкіндік аз екенін біле тұра жандарын салып ойнайды. Олар әлемнің ең үздік жастарына қарсы ойнап жатыр. Қазақстаннан басқа командаларда Ұлттық хоккей лигасында (NHL) ойнауға мүмкіндігі мол ойыншылар бар. Тіпті кейбір қарсыластарында Ұлттық хоккей лигасында ойнап жүрген хоккейшілер бар. Ал олар (қазақстандық хоккейшілер – ред.) әр ойында бар күштерін сарп етеді, - дейді ол.

Қазақстан мен Дания арасындағы екінші матч қаңтардың 4-і күні Астана уақыты бойынша 23:00-де болады. Осы күні әлем чемпионатының жартылай финалында Ресей мен АҚШ, Швейцария мен Финляндия ойнайды. Әлем чемпионатының финалы қаңтардың 5-і күні өтеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG