Accessibility links

Жеңілген Қонақбаев "бокстың болашағы үшін күресе бермек"


Серік Қонақбаев пен Гафур Рахимов AIBA конгресінде. 2 қараша 2018 жыл. (Сурет Ресей бокс федерациясының баспасөз қызметінен алынды).
Серік Қонақбаев пен Гафур Рахимов AIBA конгресінде. 2 қараша 2018 жыл. (Сурет Ресей бокс федерациясының баспасөз қызметінен алынды).

Мәскеуде өткен AIBA (Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы) конгресінде ұйымның жаңа президенті сайланды.

Сайлау қарашаның 3-і күні өтті. AIBA президенттігіне қазақстандық Серік Қонақбаев пен өзбекстандық Гафур Рахимов кандидат болды. AIBA дерегінше, Мәскеудегі конгресте барлығы 134 ел дауыс берді.

РАХИМОВ - ҚОНАҚБАЕВ 86:48

Дауыс беру электронды түрде өтуі тиіс еді. Бірақ құрылғы істен шығып, делегаттар қағаз бюллетеньмен дауыс берді. Қазақстан бокс федерациясы электронды құрылғыны қайта тексеруден өткізуді сұрап, шағым түсірді. Бірақ AIBA "қағаз бюллетеньмен дауыс беру кандидаттардың құқығын шектемейді" деп, бұл шағымды қабылдамады.

Дауыс беру қорытындысы бойынша, қаңтардан бері ұйымның уақытша президенті болып келген Рахимов 86 дауыспен жеңіске жетті. Қазақстандық кандидатты 48 ел қолдаған.

Жеңілген Қонақбаев "боксты сақтау" кампаниясын жалғастыра беретінін мәлімдеді. Ол "нәтижеге көңілі толмайтынын" айтты.

"Боксқа адалмын, сондықтан бокстың олимпиададағы болашағы үшін, жас боксшылар үшін күресті жалғастыра беремін. Бұл соңы емес, бұл - боксты құтқарудың басы. Күрестен қашпаймыз. Бұл - бірінші раунд. Екінші раунд басталуға жақын" деді Қонақбаев Inside the Games сайтына берген сұхбатында.

Серік Қонақбаев AIBA конгресінде. 2 қараша 2018 жыл. (Сурет Ресей бокс федерациясының баспасөз қызметінен алынды).
Серік Қонақбаев AIBA конгресінде. 2 қараша 2018 жыл. (Сурет Ресей бокс федерациясының баспасөз қызметінен алынды).

Рахимов басында AIBA президенттікке жалғыз кандидат ретінде тіркелген. АIBA Қонақбаев белгіленген уақытқа дейін құжаттарын тапсырып үлгермегені үшін оның кандидатурасын тіркемеген еді.

Кейін қазақстандық “құжат тапсыратын уақыттың аяқталар күні жексенбіге түскенін, бұл жағдайда AIBA құжатты жұмыс күні – дүйсенбі қабылдауы керек” деп, Cпорттық арбитраж сотына (CAS) шағымданған.

CAS қазанның 30-ы күні Азия бокс қауымдастығының президенті Серік Қонақбаевтың шағымын қанағаттандырып, оны ресми түрде AIBA президенттігіне кандидат ретінде тіркеген. AIBA Cпорттық арбитраж сотының шешімін қолдаған.

Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) қыркүйекте "егер Рахимов президент болып сайланса, боксты олимпиада бағдарламасынан алып тастайтынын" мәлімдеген.

АҚШ Қаржы министрлігі Рахимовты халықаралық героин саудасындағы негізгі адам, “Өзбекстанның ірі қылмыскерлерінің бірі” әрі атышулы халықаралық қылмыстық топпен қатысы болуы мүмкін деп,“қара тізімге” енгізген. ХОК “қылмысқа қатысы бар адамның” AIBA президенті болғанын қаламайды.

Рахимов қазанда Буэнес-Айресте өткен жасөспірімдер олимпиадасына бармады. ХОК оған олимпиада аккредитациясын бермеді. Рахимов өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады.

САЙЛАУ АЛДЫНДАҒЫ ТЕКЕТІРЕС

Қарашаның 2-сі күні Мәскеудегі жиында Қонақбаев: “Егер бокс олимпиададағы орнынан айырылса, [AIBA] қаржы жоғалтып ғана қоймай, жас боксшылардың олимпиадаға қатысу арманына да тосқауыл қояды” деді.

1980 жылы Мәскеу олимпиадасының күміс жүлдегері болған Қонақбаев қарашаның 2-сі күні Associated Press ақпарат агенттігіне берген сұхбатында “бокстың беделі түсіп кеткенін, бұл спорттың маңайында қаржы, коррупция және төрешілерге қатысты мәселе көп екенін” айтты.

“Егер Рахимов сайланса, ХОК боксқа теріс әсерін тигізетін шешім қабылдайды. Бокс олимпиадалық статусын жоғалтуы мүмкін. Бұл біз үшін ең қорқынышты шешім болмақ. Сол үшін барлығымыз дұрыстап ойлануымыз керек” деді ол AP агенттігіне берген сұхбатында.

Ал Рахимов конгресте “президент болып сайлануға қарсы еместігін” ашық айтты. Ол “бокс олимпиада бағдарламасындағы орнын сақтап қалу үшін бір жылға президенттік қызметтен уақытша кетуге дайын”. Бірақ Рахимов бір жылға қызметінен кеткенімен, “AIBA атқарушы комитетінде қала бермек”. Ал атқарушы комитеттің мүшелері дауыс беруге, шешім қабылдауға толық құқылы.

Рахимов бокс олимпиада ойындарының бағдарламасында қалатынына сенімді. Ол дауыс берудің алдында "бокс пен олимпиада - біртұтас, бөлінбейді" деп мәлімдеді.

Гафур Рахимов AIBA конгресінде. 2 қараша 2018 жыл. (Сурет Ресей бокс федерациясының баспасөз қызметінен алынды).
Гафур Рахимов AIBA конгресінде. 2 қараша 2018 жыл. (Сурет Ресей бокс федерациясының баспасөз қызметінен алынды).

2017 жылы "ұйым қаржысын ысырап қылды" деген айыппен AIBA президенті Ву Чинг Куо қызметінен қуылған. Оның орнына Гафур Рахимов уақытша президент болып сайланған. Рахимов ұйымға уақытша басшы болып келгенде AIBA-ның 40 миллион доллар қарызы болғанын айтты.

“Бұрынғы басқарушылар несиелерді жөн-жосықсыз алған. Осы жауапсыздықтан AIBA нокаутқа түсті. Күні-түні кредиторлармен келіссөз жүргіздім. Қазір несиелер бойынша келісімге келдік... Ұйымды енді бір адам басқармайды. Бізде жаңа басқару механизмі бар. Бокста бұрынғыдай былық болмайды” деді ол дауыс берерден бір күн бұрын.

Қонақбаев пен Рахимов бағдарламаларында төрешілік жүйесін жақсартуға, бокстың беделін көтеруге, қаржы мәселесін шешуге уәде берген.

Халықаралық олимпиада комитетінің ескертуіне қарамастан әлемдік бокс қауымдастығы Рахимовтың кандидатурасын қолдады. ХОК AIBA президентін сайлау нәтижесіне қатысты мәлімдеме жасап, бокстың олимпиададағы болашағын талқылайтынын хабарлады. Алғашқы талқылау қарашаның 30-ы мен желтоқсанның 3-і аралығында Токиодағы (Жапония) ХОК жиында өтеді.

Мәскеудегі конгресте AIBA олимпиададағы салмақ дәрежелерін өзгертті. 2020 жылы Токиода өтетін ойындарда ерлер сегіз салмақ бойынша (бұрын он салмақ еді), әйелдер бес салмақ (бұрын үш) салмақ бойынша жүлдеге таласады.

Ерлер боксы бойынша олимпиадалық салмақтар: 52 кг, 57 кг, 63 кг, 69 кг, 75 кг, 81 кг, 91 кг және +91 кг.

Әйелдер боксы бойынша олимпиадалық салмақтар: 51 кг, 57 кг, 60 кг, 69 кг және 75 кг.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG