Accessibility links

Қазақстан үшін сәтсіз болған Азиада


Қазақстан боксшысы Әбілхан Аманқұл (қызыл формада) Азиада финалында өзбекстандық Исраил Мадримовтен жеңілді. Джакарта, 1 қыркүйек 2018 жыл.

Джакарта мен Палембангте (Индонезия) аяқталған жазғы Азия ойындарында Қазақстанның үздік төрттікке ену жоспары орындалмады. Спортшылардың төмен нәтижесі жанкүйерлер тарапынан сынға ұшырап жатыр.

АЛТЫН АЗ, ҚОЛА КӨП

Қазақстан жазғы Азия ойындарына жетінші рет қатысты. Бұған дейінгі Азия ойындарында бұл ел жалпы есепте үздік бестікке енетін. 2014 жылы Инчхонда өткен жазғы Азиадада 28 алтын жеңіп алып, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапониядан кейін төртінші орында болған. Ал Джакартада 15 алтын, 17 күміс, 44 қоламен (қола саны бойынша жеке рекорд) жалпы есепте тоғызыншы орынды иеленді.

Қазақстанның алдында Қытай (129 алтын), Жапония (74), Оңтүстік Корея (49), Индонезия (31), Өзбекстан (21), Иран (20), Тайпей (17), Үндістан (15) тұр. Қазақстанмен алтыны тең, бірақ күмісі (24) көп Үндістан сегізінші орынға шықты.

Қазақстан алғаш рет бокс (екі күміс), еркін және грек-рим күресінен (4 күміс, 6 қола) Азия ойындарында алтынсыз қалды. Боксшылардан Әбілхан Аманқұл мен Асланбек Шымбергенов финалда Өзбекстан спортшыларынан жеңілді. Әйелдер боксынан екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай мен 2017 жылғы ерлер арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы Қайрат Ералиев Джакартада ширек финалда қарсыластарына есе жіберді. Қазақстан бокс делегациясы Джакартадан бес-алты медаль, оның ішінде екі алтын алуды жоспарлаған. Төрт жыл бұрын Қазақстан Инчхондағы Азия ойындарында алты алтын, екі күміс, екі қола иеленген еді.

Бокс пен күрестен басқа да бірнеше спорт түрінен нәтиженің төмендеуі байқалды. Инчхонда үш алтын медаль алған Қазақстан жеңіл атлетика құрамасы Джакартада бір алтынмен (Ольга Рыпакова) шектелді. Каноэ және байдарка есуден тек екі алтын (Инчхонда - бес алтын) иеленді. Инчхоннан екі алтын әкелген Қазақстанның нысана көздеу құрамасы Джакартада жалғыз қоламен шектелді.

Ольга Рыпакованың Азия ойындарындағы бір сәті.
Ольга Рыпакованың Азия ойындарындағы бір сәті.

Спорт журналисі Мадияр Арыстанбаев Джакартадағы Азия ойындары Қазақстан спортының қазіргі ахуалын анық көрсетті деп санайды.

- Қазақстан спортына үлкен реформа керек. Екі жарыс қатарынан Қазақстан спортшыларының нәтижесі төмендеді. Пхенчханда өткен қысқы олимпиадада спортшылар өздерінің үздік нәтижелерін қайталай алмады. Ал Джакартадағы Азия ойындары Қазақстандағы жазғы спорттың қалай дамып жатқанын көрсетті. Құрамада ізбасар спортшылар аз. Күрестен үшінші рет Азия ойындарына қатысқан Алмат Кебісбаев пен Нұрмахан Тінәлиевті алмастыратын ешкім шықпады. Жеңіл атлетикадан Ольга Рыпаковадан басқа жарып шығатын атлет жоқ. Қазақстанда әлем жарыстарда жүлде алған, Азия чемпионы болған спортшылар Қазақстан чемпионатынан босатылады. Барлық спортшы бұрынғы жеңістері мен жетістіктеріне қарамай ішкі чемпионатқа қатысу керек. Ал белгілі бір спортшыларды чемпионаттан босату елдегі бәсекелестікті, басқа спортшылардың құлшынысын жояды. Осыдан кейін нәтиже төмендейді, - дейді сарапшы.

Қазақстан дзюдо құрамасы Азия ойындарында командалық жарыстың финалында Жапониядан жеңілді. 2 қыркүйек 2018 жыл.
Қазақстан дзюдо құрамасы Азия ойындарында командалық жарыстың финалында Жапониядан жеңілді. 2 қыркүйек 2018 жыл.

Азия ойындарындағы Қазақстан спортшыларының нәтижесі туралы Ұлттық олимпиада комитеті ресми мәлімдеме әлі таратқан жоқ. Азаттық тілшісінің сауалына баспасөз қызметі “алдағы күндері ақпарат болады” деп жауап берді.

Джакартадағы Азия ойындарының алдында Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің өкілі Елсияр Қанағатов “Мақсатымыз - Инчхондағы нәтижені қайталау” деп мәлімдеген.

ЖАНКҮЙЕРЛЕР НАРАЗЫЛЫҒЫНЫҢ СЕБЕБІ

Қазақстан спортшыларының Джакартадағы нәтижесі жанкүйер арасында қызу талқыланып жатыр. Қазақстандықтардың көбі команданың Өзбекстан, Үндістан, Тайпейден қалып қойғанына наразылық танытып жатыр.

Әлеуметтанушы Айым Алтаеваның пайымдауынша, спортшылардың сәтсіздігіне халық болып қайғыру – дамушы елдерге тән құбылыс.

- Дамыған елдерде спорттағы сәтсіздіктер халық арасында мұншалықты талқыланбайды. Белгілі бір жанкүйерлер ортасында ғана сөз болады. Ал постсоветтік елдерде ірі жарыстарда спортшылар төмен нәтиже көрсетсе жанкүйер тарапынан қатты сыналады. Себебі спорт толығымен мемлекет тарапынан қаржыландырады. Спортшылар жарыстарға бюджет есебінен барады. Сондықтан халықтың олардан нәтиже талап етуі заңды. Екіншіден, постсоветтік елдерде спортшы ұлттың, мемлекеттің бейнесі ретінде қалыптасқан. Спортшылар саяси науқандарға араласады, сайлауларға үгіт-насихат құралы ретінде қолданылады. Сондықтан олар елдің алдында қаһарман ретінде қалыптасады да, жеңілісі мемлекет абыройына нұқсан келтіргендей болады, - дейді әлеуметтанушы.

Әлеуметтану ғылымдарының магистрінің айтуынша, спорт саласы мемлекеттен тәуелсіз болғанда, бұқаралық спорт пен әуесқой спорт дамығанда ғана халық әр жеңіліске, сәтсіздікке түсіністікпен қарай бастайды.

Синхронды жүзуден Қазақстан құрамасы командалық жарыста 4-орын алды.
Синхронды жүзуден Қазақстан құрамасы командалық жарыста 4-орын алды.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІНІҢ НӘТИЖЕСІ

Джакартада Өзбекстан мен Қырғызстан Азия ойындарындағы ең үздік нәтижесін көрсетті. Ал Түркіменстан мен Тәжікстан алтын жүлде иелене алмады.

Өзбекстан Джакартада 21 алтын, 24 күміс, 25 қола иеленіп, жалпы есепте бестікке енді. Өзбекстан 1994 жылғы Хиросимадағы Азия ойындарында 11 алтынмен, 2002 жылы Пусандағы Азиадада 15 алтынмен Қазақстаннан кейінгі бесінші орынды алған.

Ал Қырғызстан Джакартада екі алтын, алты күміс, 12 қола жүлдеге (жиырма екінші орын) ие болды. Бұл ел Азия ойындарында алғаш рет екі алтын иеленді. Қырғызстан спортшылары 2002, 2010 жылғы Азиадада бір-бір алтын медаль алған. Ал қалған ойындардан алтынсыз қайтқан. Джакартада жеңген 20 медаль – Қырғызстан үшін жеке рекорд.

Қырғызстандық Дарья Маслова 10000 метрге жүгіруде Азия ойындарының чемпионы атанды.
Қырғызстандық Дарья Маслова 10000 метрге жүгіруде Азия ойындарының чемпионы атанды.

Тәжікстан төрт күміс, үш қоламен жалпы есепте отызыншы орында тұр. 2017 жылы Ашхабадта жабық алаңдағы Азия ойындарында 89 алтынмен жалпы есепте бірінші орын иеленген Түркіменстан Джакартада бір күміс, екі қола (32-орын) алды.

Келесі жазғы Азия ойындарын 2022 жылы Ханчжоу қаласы (Қытай) ұйымдастырады.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    Азаттықтың Прагадағы тілшісі. Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің репортері. Сочи, Рио, Пхенчхан олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

Меншікті тілшіміз

Джакартаға аттанған Азаттықтың меншікті тілшісі Руслан Меделбек жазғы Азия ойындарынан сіздерді хабардар етіп тұрады.

Руслан Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

"Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014, Рио - 2016, Пхенчхан олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG