Accessibility links

Мыңдаған адам қайта сайланған президентке қарсы шықты


Джакартадағы наразылық. 22 мамыр 2019 жыл.
Джакартадағы наразылық. 22 мамыр 2019 жыл.

Индонезия астанасы Джакартада мыңдаған адам екінші рет сайланған президент Джоко Видодоға қарсы наразылыққа шықты. Наразылық кезінде алты адам қаза тауып, 200-ге жуық адам жараланған.

Джакартада екі күннен бері мыңдаған адам президент сайлауында 55 пайыз дауыспен жеңіске жеткен Джоко Видодоның орнынан кетуін, сайлау нәтижесін жарамсыз деп тануды талап етіп жатыр. Наразылыққа шыққандардың көбі – сайлауға түскен оппозициялық кандидат, генерал Прабово Субиантоның жақтастары. Субианто сайлау кезінде заң бұзылғанын мәлімдеген.

22 мамырда Индонезия полициясы алты адамның мерт болғанын, адамдардың өлімінен кейін тергеу басталғанын хабарлады. Билік «алты адамның қазасына полицияның қатысы жоқ» деп мәлімдеді. Оппозиция «алты тұрғын полиция қолынан мерт болды» деп айыптайды. Субиантоның жақтастары Reuters ақпарат агенттігіне наразылық болған жерден 171 оқ пен патрон тауып алғандарын айтқан.

Джакартадағы наразылық. 22 мамыр 2019 жыл.
Джакартадағы наразылық. 22 мамыр 2019 жыл.

Ел билігі «өсек-аяң мен жалған ақпарат тарап кетпес үшін» әлеуметтік желілерді бұғаттады.

Reuters агенттігінің жазуынша, наразылар көшеде көлік дөңгелектерін өртеп, ғимараттарға тас лақтырған. Полиция наразыларды тарату үшін су және көзден жас ағызатын газ қолданған.

Халықаралық агенттіктердің хабарлауынша, полиция «наразылықты ұйымдастырды» деген күдікпен 100 адамды тұтқындаған.

Индонезия билігі наразылық шарасы «алдын ала жоспарланған» деп ойлайды.

«Наразылардың көбі Джакартаға басқа қалалардан келген. Полиция тексеру кезінде кейбір адамдардың қалтасынан ақша салынған конверт тапқан. Бұл наразылық жоспарланған. Наразылыққа шығып, хаос жасау үшін адамдарға ақша төлеген. Оған бізде дәлел бар» деді полиция өкілі Мохамад Икбал 22 мамырда Джакартада өткен баспасөз мәслихатында.

Ел оппозициясы Икбалдың сөзін жоққа шығарып, халықтың бейбіт митингіге шығуға құқығы барын жеткізді.

Наразылық өтіп жатқан маңда тұрған қарулы жасақ. Джакарта, 22 мамыр 2019 жыл.
Наразылық өтіп жатқан маңда тұрған қарулы жасақ. Джакарта, 22 мамыр 2019 жыл.

Президент сайлауында екінші рет жеңіске жеткен Видодо наразылықты ұйымдастырғандар қатаң жазаланатынын айтты.

«Бірге жұмыс істеп, елді дамытқысы келетін әрбір адамға ашықпын. Бірақ ел тыныштығын, бірлігін бұзғысы келетіндердің әрекетіне қарап отыра алмаймын» деді Видодо брифингіде.

Халықаралық ақпарат агенттіктері Джакартаға 430 мың әскер кіргізілгенін хабарлады. Қаладағы көптеген кеңселер, кәсіпорындар, елшіліктер уақытша жұмыстарын тоқтатқан. Наразылық болған аймаққа жақын маңдардағы темір жол станциялары да жабық тұр.

Австралия, АҚШ, Ұлыбритания билігі Индонезияда жүрген азаматтарына сақ болуды ескертті.

НАРАЗЫЛЫҚ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

21 мамырда Индонезияның бас сайлау комиссиясы 17 сәуірде өткен президент сайлауының ресми нәтижесін жариялады. Комиссия дерегінше, елді 2014 жылдан бері басқарып келе жатқан Джоко Видодо 55,5 пайыз дауыс алған. Ал Прабово Субианто 45,5 пайыз дауыс жинаған.

Видодоның саяси қарсыласы Субианто жеңілісін мойындамай, халықты бейбіт митингіге шақырды. Ол халыққа талаптарын бейбіт түрде жеткізу керектігін бірнеше рет қайталады.

«Халықтың бейбіт митинг өткізу құқығы бар. Полиция, әскер оларға күш қолданбауы керек» деді ол журналистерге.

Ресми нәтиже шыққаннан кейін халық Джакарта көшесіне шығып, Видодоның жеңісіне наразылық білдіре бастады.

Джоко Видодо мен Прабово Субианто.
Джоко Видодо мен Прабово Субианто.

17 сәуірде өткен президент сайлауына 192 миллион адамның дауыс беруге құқығы болған. Елдің сайлау комиссиясы сайлауға қанша адамның қатысқанын жарияламады. Прабово Субианто 2014 жылғы сайлауда да Видододан жеңілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG