Accessibility links

Экс-президенттің қызы. Африканың ең бай әйелі ақша жымқырды деп айыпталды


Изабель Душ Сантуш - Африкадағы ең бай әйел.
Изабель Душ Сантуш - Африкадағы ең бай әйел.

Ангола бас прокуратурасы Африкадағы ең дәулетті әйел Изабель Душ Сантушқа (Forbes есебінше, байлығы – 2,1 млрд доллар) "ақша жымқырды, қаржыны қисапсыз шашты" деген айып тақты. 46 жастағы Изабель Душ Сантуш – 1979-2017 жылдары Ангола президенті болған Жозе Эдуарду Душ Сантуштың үлкен қызы.

ЭКС-ПРЕЗИДЕНТТІҢ ҚЫЗЫНА ҚАНДАЙ АЙЫП ТАҒЫЛДЫ?

22 қаңтарда Ангола астанасы Луандада бас прокурор Хелдер Питта Грос баспасөз мәслихатын өткізіп, Изабель Душ Сантуш "елдегі Sonangol (Сонангол) мұнай компаниясын басқарып тұрғанда 1 миллиард долларды жымқырды деген күдікке ілінгенін" айтты.

Прокурор қазір Ұлыбританияда тұратын Изабель Душ Сантушты Анголаға шақырып, сот алдында жауап беруін талап етті. Хелдер Питта Грос "Душ Сантуш елге өз еркімен оралмаса, халықаралық іздеу жариялайтынын" мәлімдеді.

Ангола экс-президенттің қызын "билігін асыра пайдаланды, жалған құжаттар жасады" деп те айыптайды және оның істінен қылмыстық із қозғамақ. Қазір Изабель Душ Сантуштың Анголадағы активтері бұғатталған. Ол өзіне тағылған айыптарды мойындамайды. Сөзінше, оны 2022 жылы Анголада президент сайлауына түсірмеу үшін қазіргі билік үстінен іс қозғап отыр.

Изабель Душ Сантуш 2016 жылы Sonangol мұнай компаниясының басшысы болып тағайындалған. Оны бұл қызметке сол кезде ел басқарып тұрған әкесі Жозе Эдурадо Душ Сантуш тағайындаған. 2017 жылы әкесінің орнына президенттікке келген Жоао Лоуренсо Изабель Душ Сантушты бұл қызметтен алып тастаған.

Изабель Душ Сантуштың әкесі - Жозе Эдурадо Душ Сантуш
Изабель Душ Сантуштың әкесі - Жозе Эдурадо Душ Сантуш

19 қаңтарда Журналистердің халықаралық зерттеу консорциумы (ICIJ) Изабель Душ Сантуштың қалай байығанын көрсететін мыңдаған құжатты жариялады. Онда Изабель Душ Сантуштың жер, мұнай және алмаз бойынша қымбат келісім-шарттарға қол қойып байығаны жазылған. Құжатта Батыс компанияларының Изабель Душ Сантушқа Анголадан ақша шығаруға көмектескені жайлы деректер бар. Құжаттардағы ақпаратқа сай, ол бұл әрекеттердің бәрін әкесі президент болып тұрғанда жасаған.

Душ Сантуш құжаттардағы деректердің бәрін жоққа шығарады.

ИЗАБЕЛЬ ДУШ САНТУШТА РЕСЕЙ ПАСПОРТЫ БАР

Изабельдің шешесі Татьяна Куканова Пенза қаласында туған. Биыл 9 қаңтарда Душ Сантуш Ресей паспорты барын мәлімдеді. Изабель әкесі биліктен кеткен соң Дубайға қоныс аударған.

Ресей мен Ангола арасында күдіктілерді беру туралы келісім жоқ. Сондықтан Ресей паспорты Душ Сантушқа экстрадициядан қашуға көмектесуі мүмкін. 9 қаңтарда ТАСС агенттігіне берген сұхбатында Изабель "туғанынан Ресей азаматы екенін" айтқан.

Изабель Душ Сантуш
Изабель Душ Сантуш

Бірақ бұл сөзі күмән тудырады. Изабель 1973 жылы Совет уақытында Бакуде туған. Ол уақытта оның әке шешесі осы қалада оқып жүрген. Кейін ата-анасы Анголаға оралған. Изабель әкесі президент болып сайланғанда алты жаста еді. Ол уақытта Изабельдің қолында СССР төлқұжаты болса да, Ресей азаматтығын қалай алғаны жұмбақ.

Ангола конституциясына сай, ек азаматтығы бар адам президент сайлауына түсе алмайды.

Reuters, Настоящее время, ВВС ақпараттары негізінде жазылды

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG