Accessibility links

Министр Азаттық тілшісі өлімі ісін тергеуді бақылауға алды


Уланбек Егізбаевтың жерлеу рәсімі. 24 шілде 2018 жыл.
Уланбек Егізбаевтың жерлеу рәсімі. 24 шілде 2018 жыл.

Шілденің 24-і күні Азаттықтың Қырғыз қызметінің журналисі Уланбек Егізбаевты соңғы сапарға шығарып салды.

Қырғызстанның Ішкі істер министрі шілденің 22-сі Ыстықкөлде отбасымен демалып жүріп суға кеткен Азаттық радиосы Қырғыз қызметінің тілшісі, халықаралық жүлделердің иегері журналист Уланбек Егізбаевтың ісін тергеуді өз бақылауына алды.

Суға кетердің алдында Азаттықтың жүлдегер журналисі Уланбек Егізбаевты өлтіреміз деп қорқытқандар болған. Бұл оны “әлдекімдер өлтірген” деген күдікті ұлғайта түсті.

Облыстық ішкі істер департаменті тергеу бастала сала Чолпон-Ата қаласының маңындағы Акун демалыс орнында болған Уланбек Егізбаевтың қазасын “кездейсоқ оқиға” деп атап, қастандық болжамын жоққа шығарған.

Азаттық тілшісін аза тұтуға арналған жиын
please wait

No media source currently available

0:00 0:09:52 0:00

Азаттықтың Қырғыз қызметінің айтуынша, жақында әлдекімдер Егізбаевты телефон мен пошта арқылы жемқорлық туралы репортаждары үшін “өлтіреміз” деп қорқытқан. Бұл ақпарат әлеуметтік желіде “28 жастағы журналист кісі қолынан қаза болуы мүмкін” деген пікірлерді өршітті.

Ыстықкөл облыстық Ішкі істер департаменті “кісі өлтіру” фактісін бірден жоққа шығарып, “әлеуметтік желідегі кей адамдар жалған ақпарат таратып отыр” деп мәлімдеді. Осыдан кейін тергеуді Ішкі істер министрі Қашқар Жунушалиев өз бақылауына алды.

Егізбаевтың жақындарының өтініші бойынша шілденің 23-і күні мәйітті зерттеген Бішкек сот-медициналық экспертиза орталығы марқұм “суға тұншығып өлген” деген қорытынды жасады. Бірақ мәйітті зерттеудің, соның ішінде токсикологиялық зерттеудің соңғы нәтижесі бір ай ішінде шығуы керек.

Жерлеу рәсіміндегі Уланбек Егізбаевтың суреті. 24 шілде 2018 жыл.
Жерлеу рәсіміндегі Уланбек Егізбаевтың суреті. 24 шілде 2018 жыл.

Шілденің 23-і Уланбек Егізбаевтың туыстары мен Азаттық радиосындағы әріптестеріне көңіл айтқан президент Сооронбай Жээнбеков оның үкіметтегі жемқорлардың қылмыстарын әшкерелеген репортаждарына жоғары баға берді және Қырғыз елі “қоғам дертіне қарсы жанкештілікпен күрескен талантты журналисінен айырылды деді.

Жээнбековтың айтуынша, Егізбаевтың жұмысы “қоғамның ең өзекті тақырыптарын көтерді” және “елдегі жемқорлықпен күреске үлес қосты”.

"Уланбек Егізбаевтың есімі қырғыз журналистикасының тарихында қалады, ал оның белсенді азаматтық ұстанымы мен жоғары кәсіби деңгейі жас буынға үлгі болады. Егер Егізбаев тірі болғанда талай жемқорды әшкерелеп, олардың арам пиғылдарының бетін ашар еді" деді Қырғызстан президенті.

Елде журналистің қазасына байланысты тергеу комиссиясы құрылды. Оған Ішкі істер министрі Жунушалиев криминологтар мен медициналық сарапшылар, Азаттық радиосы Қырғыз қызметінің өкілі кіреді.

Премьер-министр Мұхаммедқали Абылғазиев шілденің 23-і күнгі үкімет отырысында "журналистің өліміне қатысты қаңқу сөзді көбейтпеу үшін тергеудің нақты да транспарентті нәтижелері Қырғызстан қоғамына ұсынылуы керек" деді.

Куәгерлердің айтуынша, Егізбаевтың айлақ маңында жүзе алмай жанталасып жатқанын Ыстықкөлдің солтүстік жағалауында демалушыларға тамақ сатып жүрген екі бала алғаш байқап қалған. Олардың айтуынша, сол сәтте жағалауда құтқарушы болмаған.

Азаттыққа берген сұхбатында куәгерлердің бірі, Қырғыз ұлттық телеарнасының журналисі Әділет Чобаков: “Демалып жүрген екі адам дереу барып, оны ес-түссіз қалыпта судан алып шықты. Олар оны тірілтуге тырысты, бірақ нәтиже болмады” деді.

Оқиға орнынан түсірілген видеоны Facebook парақшасында жариялаған Чобаков “Акун” демалыс орны жалдаған құтқарушы мен медбике Ұлан Егізбаев судан шығарылғаннан 15 минут өткен соң ғана келгенін айтты.

Чобаковтың сөзінше, "медбике Егізбаевтың тыныс алып жатқанын айтқан. Бірақ медбике де, құтқарушы да оның есін жиғыза алмаған. Жақын маңдағы ауруханадан медициналық жедел жәрдем жеткенше тағы 15 минут өткен".

Егізбаев Чолпон-Атадағы аймақтық ауруханаға жеткізілген соң оның қайтыс болған.Айғақтама репортаждарында Уланбек Егізбаев лауазымды тұлғалардың қатысуымен Бішкек маңындағы ең жақсы жерлерді заңсыз сату қылмысын әшкерелеген.

Ол, сондай-ақ, Бішкек зираттарында тегін берілуі тиіс жерлердің қалай заңсыз сатылғанын да зерттеген.

Репортажда бейіттегі жердің мұсылман я христиан, не сыған қауымының өкілі болғанына қарай жүздеген, тіпті кейде мыңдаған долларға сатылатыны айтылған.

Биыл ақпанда Егізбаевтың Азаттыққа шыққан репортажы 100 миллион долларлық жемқорлықты әшкерелеген. Соның кесірінен қыстың ең суық кезінде Бішкектегі жаңа жөндеуден өткен жылу электр станциясы істен шығып, мыңдаған тұрғын үш күн бойы жылу мен жарықсыз қалған. Экс-президент Алмазбек Атамбаев пен оның айналасындағылар бұл мақалаға сын айтқан.

Уланбек Егізбаев Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаевтың қолынан алғыс хат алып тұрған сәт. 11 қазан 2016 жыл.
Уланбек Егізбаев Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаевтың қолынан алғыс хат алып тұрған сәт. 11 қазан 2016 жыл.

Сәуірде Егізбаев әзірлеген видео Нью-Йоркте орналасқан Халықаралық цифрлық өнер және ғылым академиясының (IADAS) Webby People’s Voice Award сыйлығын ұтып алған.

Видеода мүмкіндігі шектеулі жасөспірімнің мүгедек арбасымен күн сайын мектепке барғанда қандай қиындық көргені, кейін жергілікті үкіметтік емес ұйымның көмегімен жол талғамайтын төрт дөңгелекті көлік алғанда қуанған сәті бейнеленген. Орыс, ағылшын және қырғыз тілдерінде әзірленген бұл видеоны бүкіл әлемде бір миллионға жуық адам көрген.

The New York Times басылымы Webby сыйлығын “Интернет Оскары” деп атаған. Маусым айында Уланбек Егізбаев Қырғызстан Тәуелсіз журналистер одағының “Алтын қалам” жүлдесін алған.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің репортажы негізінде дайындаған – Рой Синовиц.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG