Accessibility links

"Алты адам баса-көктеп кіріп келді"


Ресейде әлеуметтік желідегі жабық альбомға интернет-мемдер сақтаған адамға қарсы алғашқы қылмыстық іс қозғалды.

Красноярскіде 38 жастағы Оксана Походун "суреттерді сақтағаны үшін" бес жылға дейін сотталуы мүмкін. Әлеуметтік желіде репост жасап, лайк басқаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылу қалыпты құбылысқа айналды, Ресей қылмыстық кодексінің 282-бабы бойынша соттар өтетініне қазір ешкім таңданбайды. Бірақ ендігі жерде іс қозғау үшін интернет-мемдерді флешкаңа немесе әлеуметтік желілерде жабық альбомға құр сақтаудың өзі жеткілікті бола бастаған.

2017 жылғы жаздың басында Оксананың үйіне ФСБ-ның Красноярск басқармасы қызметкерлері тінту жүргізу үшін барған. Себеп - әлеуметтік желідегі парақшасынан табылған әрі арнайы қызмет өкілдері мазмұны экстремистік деп тапқан суреттер. Оксананың мәлімдеуінше, әуелгіде оны нақты бірнеше суретті - Владимир Путиннің көздері қып-қызыл әрі свастика тағып алған кейіптегі суретін, свастиканың суреті салынған шәркей сияқты бірнеше картинкаларды репост жасадың деп айыптаған. Походунның өзі ондай "маргинал картинкаларды " парақшамда сақтаған да, жариялаған да емеспін дейді. Әлгіндей бейнелерді жариялағаны үшін бір жыл бұрын ПАРНАС партиясының Красноярск бөлімшесінің мүшесі Евгений Бахотский сотталып, оған айыппұл салған болатын.

Оксананың оның үстінен 282-баптың бірінші бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалған, ол бап бойынша бес жылға соттау қарастырылған. Яғни, Оксананың басындағы жағдай Евгений Бахотскийдікінен де қиын. Бұған қоса, Оксана Походунның ісіне тіркелген бейнелердің сипаттамасы да, тұжырымдамасы да өзгеріп жатыр. Қазір оны репост жасады деп емес, суреттерді "ВКонтакте" әлеуметтік желісіндегі жабық альбомы мен флешкада сақтаған деп айыптайды.

Оксана Походун.
Оксана Походун.

"ҮЙДЕ ОТЫРУ ҰЯТ"

Оксана Походун құқық қорғау органдарының назарына әр жексенбі сайын өтетін "оппозиция серуеніне" қатысқаным үшін іліктім деп санайды. Красноярскіде оған "Артподготовка" қозғалысы мүшелері шығады. Оксана олар жайлы әлеуметтік желідегі роликтен көріп, акцияны қолдаған.

– Әлгі роликте жігіттер жүріп келе жатып, үйде отырғанымыз жетер, көшеге шығып бар екенімізді көрсету керек дейді. Роликті көргеннен кейін мен де шығып, Красноярскідегі "Артподготовка " қозғалысының серуеніне қатыстым. Үйден шығамыз да серуендеп жүреміз. Әлгі серуендер кезінде үнемі бірдеңе болатын - қарапайым киінген адамдар еріп жүреді, бізге зеленка (көкдәрі) шашып, шикі жұмыртқа лақыратын, пошта жәшігімізге қоқан-лоқы сөздер жазып кететін, - дейді Оксана Походун.

Есікті ашып едім, бір жігіт мені итеріп кеп жіберді. Сосын "Не, қызыңды ешқашан көргің келмей ме?" деді. Үйге алты адам баса-көктеп кіріп келді.

Оксананың сөзінше, ол оппозицонерлер Вячеслав Мальцев немесе Алексей Навальныйдың жақтасы емес, бірақ азаматтық қоғам құқығын өзге амалмен іске асыра алмаса, көшеге шығып, өзіңнің бар екеніңді көрсету керек деп санайды. Қалада мұндай белсенділікті құптамайтындар қилы арандату әрекеттерін жасаған. Бірақ ол серуенге шығуды тоқтатпаған. Әлгі серуендерден кейін – наурыздың 26-сы күні "Артподготовка" мүшелерінің бәрі барған Навальныйдың митингісі өткен. Маусымның 12-сі коррупцияға қарсы митинг өткізуді жоспарлаған, ол кезде Навальныйдың штабы сақтық жасап, "Артподготовка" қозғалысындағы Мальцевтің жақтастарына қосымша ұйымдастыршы болуды ұсынған. Жоспарланған шара туралы ескертуді мэрияға маусымның 5-і күні өткізген. Ертеңінде таңертең ФСБ-ның Красноярск өлкесіндегі басқарма қызметкерлері "Артподготовка" қозғалысының үш мүшесі - Сергей Зинов, Александр Зайцев пен Оксана Походунның үйін тінтуге барған.

"Оппозиция серуені".
"Оппозиция серуені".

Александр Зайцевке айып тақпаған, бірақ оның сөзінше, бұл соңғы кездесу емес дегенді тұспалдап жеткізген. Сергей Зиновтің үстінен "Экстремизм" бабы бойынша әкімшілік іс қозғаған, ақыры оны айыпты деп танып, айыппұл кескен. Оксана Походунның үстінен қылмыстық іс қозғаған.

– Есікті біреу ақырын тықылдатты, таңсәріден сағат жеті жарымда ертелетіп жүрген кім деп таңданғаныммен, тіпті кім екенін де сұрамаппын. Бірақ көршілерім әдетте ақырын тықылдатады, сондықтан ештеңеден күдіктенбедім. Есікті ашып едім, бір жігіт мені итеріп кеп жіберді. Сосын "Не, қызыңды ешқашан көргің келмей ме?" деді. Үйге алты адам – куәлік ету үшін ертіп келген екі адам, бетперде киген, қару асынған екі адам, олардың ФСБ-ның қызметкерлері екені кейін анықталды – баса-көктеп кіріп келді. Тоңазытқыш тұрған бұрышқа ысырылдым. Маған соттың тінтуге рұқсат берген қаулысын көрсетті. Оны файлға салып алып, «жеп қоюың мүмкін» деп қолыма бермей қойды. Ал әлгі файл шағылысып әлгі қаулыда не жазылғанын дұрыстап қарай да алмадым. Бірақ олармен төбелесе алмаймын ғой, әлгі адамдардың бәрі үйге кірді. ФСБ қызметкері куәлігін де көрсеткен жоқ, аты-жөнін де атаған жоқ, не үшін келгенін де түсіндірген жоқ. Оның қылықтары мен қызым туралы айтқан сөздерінен не істерімді білмей аңырып тұрып қалдым. Ол қағаздарын сілкілеп, маған айқайлады, - деп еске алады сол кездегі оқиғаны Оксана.

ФСБ қызметкері тінту хаттамасын толтырған. Оксананың сенсорлы ұялы телефоны мен түймешелі екі телефонын тартып алған. Екі флешка мен фотоаппаратты да алып кеткен. Оксанаға тәркіленген заттар тізімін бермеген. Тінту біткен соң "экстремистік сипаттағы суреттерді қайта жариялады" деп айыпталатынын хабарлаған.

Менімен саудаласып, байбаламға басты, үздіксіз боқтаумен болды, өзін долы полицей етіп көрсеткісі келген шығар.

Бірақ Оксананың айтуынша, оны тергеудің астына алған. ФСБ қызметкері "Артподготовка" қозғалысы жетекшісі кім, ақшаны кім жинайды, кім демеушілік етеді, қандай акцялар өткізуді жоспарлайды деген сияқты сұрақтар қойған.

– Оларға адамдардың ойында не бар екенін қайдан білемін, маған айтпайды, серуендеу үшін барамын, өйткені үйде отыру ұят, көшеге шығып, бар екенімізді көрсетуіміз керек деп жауап бердім. Тінту кезінде ФСБ қызметкері "Артподготовка" туралы айтып бермесең, істі тергеу комитетіне өткіземіз деді. Менімен саудаласып, байбаламға басты, үздіксіз боқтаумен болды, өзін долы полицей етіп көрсеткісі келген шығар, - дейді Оксана.

Телефондағы с "күдікті" суреттер.
Телефондағы с "күдікті" суреттер.

"ӨЗІМЕ ДЕГЕН АРАЗДЫҚТЫ ҚОЗДЫРҒАМ БА?"

Оксананың сөзінше, ол қилы мазмұндағы мемдерден коллекция жинаған. Оларды "ВКонтакте"әлеуметтік желісіндегі "сақтаулы" деген альбомға жүктеп отырған. Ал онда қызы жолдаған фотосуреттер де сақталғандықтан, әлгі альбомға кіруге шектеу болған.

Менде бәрі жабық екенін тағы айтамын. Демек олар менің парақшамды өз парақшасындай пайдаланып отырған болып тұр ғой. Ал араздықты мен өзіме өзім қоздырған болып тұрмын ғой​

– Мына нәрселер бостан бос болып жатқан жоқ қой, егер адамдар ойындағысын дауыстап айта алмаса, оны мем арқылы білдіреді. Ал мен мемдерден коллекция жинаймын, өйткені олар біраздан кейін өзектілігі азайып жоғалады ғой. Бұл уақыт кесіндісі сияқты нәрсе. Бірақ әлгі картинкаларды ешкім көрмейді. Мен оларды тіпті қайта қарамаймын да, бұған уақытым да жоқ. Бір кездері оларды папкаларға бөліп салып, сол кездегі оқиғалармен салыстырамын ғой деп ойлағанмын. Олардың бәрі желіден алынған, ал ол жақтан еш шектеусіз алуға болады, - деп түсіндіреді Оксана.

Тінту кезінде Оксанаға «мыналарды интернет пайдаланушылардың бәрі көреді» деп 2017 жылы наурыздың 25-і күнгі суреттерді көрсеткен. Оксананың айтуынша, әлгі альбомды өзінен басқа ешкім көре алмайды. Бөтен адамдар оның музыкасын да, топтарын да, достарын да қарай алмайды. Аккаунтында үнемі сондай шектеулер болған. Бұдан бөлек, қазір Оксана «сақтадың» деп айып тағылған кей суреттерді өзі сақтағанына күмәні бар.

– Қазір маған әлгі картинкаларды өзім сақтағаныма күдіктене бастадым. Бәрін қарап, талдап шықсам, олар интернетке кіру мүмкіндігім болмаған күндері сақталғанын байқадым. Мұны тіпті тергеу де дәлелдеді. Мысалы, олар маған 2015 жылғы қыркүйектің 1-і еврейлерді «жид» деп қорлап жазған үйшікте жатқан иттің бейнесін сақтапсыз дейді. Ал мен ол күні Саратовта баламның университетінде жиында болғанмын. Ол кезде менде мем-бейнелерді жариялайтын мүмкіндік болған жоқ, тіпті интернетке қосылған телефон да болған жоқ, жанымда компьютер де болмады. Менде бәрі жабық екенін тағы айтамын. Демек олар менің парақшамды өз парақшасындай пайдаланып отырған болып тұр ғой. Ал араздықты мен өзіме өзім қоздырған болып тұрмын ғой, - дейді Оксана.

Оксананың сөзінше, шілде, тамыз айларында да даулы күндер бар, өйткені ол сол күндері ауруханада емделіп жатқан, жанында интернетке кіретін құрылғы болмаған. Қазір ол сатып алғанына бір жыл ғана болған смартфонды пайдаланып жүр. Ал оның алдында қоңырау шалуға ғана болатын қарапайым телефоны болған. Оның өзінің компьютері де жоқ. Оксананың дауға іліккен альбомында өте көп сурет сақталған, сондықтан арнайы қызмет ілік болатын суреттерді табу үшін көп еңбектенгені сөзсіз.

– Әлгі альбомда суреттер бейберекет сақталған, бес мыңдай фотосурет бар, оларды жануарлар, мысықтар, Боб Марли деген сияқты ешқандай тақырыпқа бөлмегенмін. Ол жақта, мысалы антисемиттік, Кавказ тұрғындарына қарсы ештеңе жоқ. Тіпті нақты не сақтағаным да жөнді есімде жоқ. Хаттамада "дүркін-дүркін қарау үшін сақтаған" деп жазылған, бірақ ФСБ-дан әлі ешкім келген жоқ, әлгі альбомды әлі ашқаным да жоқ. Мен әдетте жаңалықтарды ғана шолып қараймын, - дейді ол.

Оксана әлгі альбомды принципшілдікпен өшірмеген, ол өзін кінәлімін деп санамайды. Бірақ тергеуші әлгі суреттер тарату үшін сақталған әрі оларды көптеген интернет қолданушы көре алады деген мәлімдемесінен танбайды. Қазір Оксана Походунға "украиндар", "кавказдықтар", "мұсылмандар" деген әлеуметтік топтарға өшпенділікті қоздырды деген айыптар тағылған.

Бірақ тергеудің альбомның ашық жариялау үшін ашылғанын дәлелдей алуы екіталай. Бірақ оны интернетте тарату үшін ашпағанын Оксана да дәлелдей алмайды, ол тергеу көрсеткен кезеңде альбомында қандай ақпаратқа шектеу болғанын көрсетуді сұрап "ВКонтакте" желісі штабына өтініш жолдаған. Оған ондай деректер сақталмайды деген жауап келген.

Оксана Походунның үш том болған қылмыстық ісі.
Оксана Походунның үш том болған қылмыстық ісі.

КЕЛІСПЕЙТІНДЕРМЕН КҮРЕС

Красноярск өлкесі тергеу комитетінің өкілі Ольга Дегидь Азаттықтың Орыс қызметі тілшісіне қазір Оксана Походунның ісі бойынша тергеу аяқталуға жақын деп хабарлады. Іс "әлеуметтік желідегі парақшасында экстремистік сипаттағы суреттерді сақтау" фактісі бойынша қозғалған. Ал құқық қорғаушылар әлгі суреттерді экстремистік сипатта деп атауға ерте дейді.

– Тергеу органдары жағдайды далбаса айыпқа жеткізіп, әбден бұрмалап алған. Айыптау ұйғарымында Оксана интернетте жариялаған бірнеше сурет Ресей Федерациясының конституциялық құрылысына ықпал етуі мүмкін деп көрсетілген. Бірақ бұл барып тұрған сандырақ. Біз "Сова" эксремизмнің алдын алу орталығына хабарластық, олар біздің красноярлық мамандарымыз берген сараптама ұйғарымын қайта қарап шығуды ұсынды, - дейді құқық қорғаушы Ольга Суворова Азаттықтың Орыс қызметі тілшісіне.

Но это невозможно – самого себя привлечь к ответственности за разжигание ненависти к самому себе

Құқық қорғаушының пікірінше, бүкіл мәселе нақты жағдайды зерттеп алмай жасалған әрі алдыңғы ұқсас шешімдердің құр көшірмесі саналатын сараптамалық ұйғарымға тіреліп тұр. Маусымда жүргізілген тінтудің заңдылығына қатысты да сұрақтар бар, судьяның тінту туралы шешім шығармағанын айыпталушының сот департаментіне жолдаған сауалы көрсеткен.

Красноярск заңгерлері Ресей қылмыстық кодекісінің 282-бабын қолданудың заңдылығына да күмәнданады.

– Бұл бапты қолдану үшін әлдебір әрекеттер қажет. Бұл өшпенділікті, араздықты қоздыру бабы емес пе, сондықтан оның нысаны болуы шарт. Міндетті түрде жарияланған болуы тиіс. Егер диск немесе басқа жерде құр сақтасаң, таратпасаң және ешкімге көрсетпесең ол қалай жария болады? Сақтағаны үшін бе? Бірақ бұл бап бойынша сақтағаны үшін жауапкершілікке тарту мүмкін емес. Қисыны қарапайым - егер ондай ақпаратқа кіру жабық болса, оны тек сақтаған адам ғана көре алса, қылмыс жоқ. Ол нені қоздырды? Кімнің бойындағы өшпенділікті қоздырды? Өзіне қарсы өз араздығын қоздырды ма? Бірақ бұл мүмкін емес – өз-өзіне өшпенділік қоздырғаны үшін жауапқа тарту мүмкін емес нәрсе... Бірақ мен көп ұзамай мұндай да істер пайда болса таңданбаймын, - дейді адвокат Владимир Васин.

Бірақ Владимир Васин егер пайдаланушының парақшасындағы әлгі даулы суреттерді бір адам болса да көрсе, қорланған азамат – ол мейлі діндар болсын, мейлі діндар емес адам болсын - арыз беруі мүмкін екенін растайды. Бұл тергеу-сот тәжірибесінде баяғыдан бар практика.

Оксана Походун өзін қудалаудың азаматтық белсенділігімен байланысты екеніне сенімді, ол оппозиция серуендеріне шығудан бөлек, "ВКонтакте" әлуметтік желісінде өзі тұратын қалада және Ресейде болып жатқан оқиғаларға қатысты еркін ойлы пікірлер жазады. Бұдан бөлек, ол Ресей территориясында ресми түрде тыйым салу үшін "Артподготовка" қозғалысының барынша көп мүшесін экстремист деп тану қажет шығар деп те болжайды. Мына іс азаматтық белсенділерді қорқытып-үркіту үшін ғана қозғалғанына құқық қорғаушы Ольга Суворова да сенімді.

Бірақ ФСБ-ның Красноярск өлкесіндегі басқармасы жауапкершіліктен құтылып кету үшін оппозиционерлердің шығарып алғаны деп санап, мұндай жорамалдарды үзілді-кесілді жоққа шығарады.

– Бізде сөз еркіндігі шектеліп жатыр, қудалау басталды деп айта салу оңай. Ал, шын мәнінде бұлай емес. Адам не жариялағанын өзі түсінеді ғой. Егер оппозициялық ниеттегі адам өз қылығын бірдеңе етіп негіздесе, бұл ешқашан қылмыстық іске ұласпайды. Бірақ адам билікті құлатуға, революция жасау әрекеттеріне тіпті жанама түрде шақырса, бұл экстремизм және радикалды көңіл-күйін таныту болып саналады, - дейді ФСБ басқармасының баспасөз қызметі өкілі Марина Моисеева.

Бірақ ФСБ басқармасы қызметкерінің сөзінше, әдетте қылмыстық істер бірден қозғалмайды, полицияның назарына іліксе, адамды әуелі жай бақылауға алады. Ал адамның комментарийлері мен үндеулері қандай екенін бақылау көрсетеді.

– Біз сөз астарында көп нәрсе жатқанын жақсы білеміз ғой. Әлдебір пікірді сөздерге бөліп "ештеңе айтқаным жоқ " деуге болады. Бірақ әлгі сөздердің тіркесі шын мәнінде нені білдіретінін жұрттың бәрі түсінеді. Сондықтан оппозицияға бейім адамдар сөз еркіндігі жоқ деген уәжбен ақталады. Мәселе онда емес, қылмыстық іс ешқашан негізсіз қозғалмайды. Қозғалған кез келген істі прокуратура органдары тексереді, сондықтан мұнда ешқандай озбырлық, қудалау жоқ. Бәрі негізді, - дейді Марина Моисеева.

Оппозиция жиыны.
Оппозиция жиыны.

Красноярск мемлекеттік педагогика университетінің саясаттану және құқық кафедрасының меңгерушісі Марина Астафьева «шынымен экстремистік сипаттағы қатерлер бар екенін ұмытпау керек, бірақ мына жағдайда ең қиыны экстремизмді анықтау мен рұқсат етілген шекті белгілеу. Қазіргі Ресейде негізгі проблемалардың бірі - Ресей қылмыстық кодексі баптарын екі түрлі түсіну мүмкіндігі» дейді.

– Негізі, азды-көпті сынап, үзілді-кесілді позициялары үшін кімді болсын экстремист деп атауға болады. Үнемі солай болған. Бұл Ресейдің емес, экстремистік құбылыстың өзіндегі проблема. Экстремизм дегеніміз не? Бұл шынымен агрессия, ксенофобия тудыратын мәдениаралық коммуникациялар проблемасы. Экономикада проблема көбейген сайын, елдегі тұрмыс деңгейі нашарлай түседі де, өзге ұлттарға, өзге мәдениетке деген агрессиялық көңіл-күй де күшейе түседі, бұл – заңдылық. Бірақ бұған қоса, саяси баламаны, саяси еркіндікті шектеу, балама көзқарас каналдарының мүлде жоқтығы немесе тым қатты шектеу де бар. Ресейде пікір таластыратын мұндай дені дұрыс алаңдар жоқ. Бізде өкінішке қарай, экстремистік әрекеттермен айналысады деп оппозицияға жиі айдар тағады, - дейді Марина Константиновна.

"ЕГЕР ФСБ КӨРСЕ, БҰЛ – ОЛАРДЫҢ ӨЗ ПРОБЛЕМАСЫ"

Тергеу жүріп жатқанда Оксана жұмысында да проблемаларға тап болған. Бір күннің ішінде оның үстінен екі шағым түсіп, оған сөгіс жариялаған әрі өз еркімен жұмыстан кетуді ұсынған.

Маусымдағы тінтуден кейін денсаулығы да күрт сыр берген. Ал демалыстан шыққан алғашқы күні жұмыс орнына тексеру комиссиясы барған. Іле-шала екіншісі барған, ал тексеруден кейін Оксананың жұмыстан кетуін өтінген. Оксана Походун жұмыстан өз еркімен кетпей қойған, сондықтан оны арнайы бап бойынша шығарған. Ол жүгінген сот қыркүйектің 19-ы күні оны жұмыстан шығаруды заңсыз деп танып, жұмысына қайта орналастырған.

Оксана туберкулезге қарсы диспансерде науқастарға ем-дом процедурасын жасайтын медбике болып жұмыс істейді. Ол жұмысына қайта орналасқаннан кейін арандату әрекеттері болуы мүмкін деп қауіптенеді. «Мынадай қиын жағдайда серуенге шығуды, тым болмаса уақытша тоқтатпайсыз ба?» деген сұраққа ол «Мінезім сондай шығар. Мен ешқандай қылмыс жасағаным жоқ. Ту көтеріп алып, әлдебір белгілер тағып алып еш жерде ұрандатқаным жоқ. Мен еркін ойлы азаматпын, көшеге сондықтан шығамын. Әлгі суреттерді жария еткенім жоқ, оларды ешкім – таныстарым да, достарым да көрмейді. Ал ФСБ көрсе, бұл олардың проблемасы. Негізі, әлгі суреттерді көргені үшін солар айыпты болуы тиіс қой» дейді. Ол қозғалған ісі немен аяқталарын білмейді, бірақ «істі жабу үшін қозғаған жоқ қой» деген уәжбен өз пайдасына шешілеріне күмәні бар. Егер сот айыптайтын үкім шығарса, апелляция беріп, ақырына дейін күресуге ниетті. Бірақ федералдық қаржы мониторингі қызметі оны қазірдің өзінде экстремистер тізіміне енгізіп қойған. Оксананың банк карточкаларының бәрі бұғатталған.​

Азаттықтың Орыс қызметі тілшісі Татьяна Лапрадтың мақаласы орыс тілінен аударылды

XS
SM
MD
LG