Accessibility links

Осы аптада Петербург соттарында қазанның 8-і күні Дворец алаңында ұсталған белсенділердің әкімшілік үкімдерге қатысты апелляциялық шағымдары қарала бастайды, ал қомақты айыппұл салынып, бірнеше тәулікке қамалған белсенділердің өздері біртіндеп еркіндікке шығып жатыр. Ақпарат құралдары Алексей Навальный жақтастарының қазанның 7-сі күнгі наразылық акциялары, оның ішінде Петербургте бес мыңнан жеті мыңға дейін адам қатысқан митингі мен шеру жайлы көп хабарлады. Ал осы акциялардың салдары деп атауға болатын оқиғалар жайлы ақпарат мүлде аз.

Бір күн бұрын қала көшелері, тіпті Невский даңғылы бойымен маршпен жүрудің сәті түскенін арқаланған болар, қазанның 8-і 20-30 шақты адам Дворец алаңына жиналды. Рұқсат етілмеген митингіге шақырғаны үшін қазанның 7-сі күнгі акциядан сәл бұрын 20 тәулікке қамалған Алексей Навальныйды босатуды және саясаткерге президенттік сайлауға түсуге рұқсат етуді талап еткен олар алаңнан кетуден бас тартты.

Санкт-Петербургтегі наразыларды ұстау. 7 қазан 2017 жыл.
Санкт-Петербургтегі наразыларды ұстау. 7 қазан 2017 жыл.

Біреулер "occupy Дворец" деп атап үлгерген Дворец алаңындағы акция 20 адамды ұстаумен аяқталып, полиция бөлімшелері мен соттардағы оларға деген қарым-қатынас құқық қорғаушылардың да, қамалған белсенділердің өздерінің де наразылығына ұласты. Азаматтық белсенді Эдуард Шитик ішінде келіншегі Шахназ да бар сегіз адамды қалай ұстап әкеткеніне куә болған, олардың бәрін полицияның 15-бөліміне апарған.

- Жұрт Александр бағаны түбінде тып-тыныш, плакатсыз тұрған болатын, олар ештеңе деп айқайлаған жоқ, кенет олардың жанына екі адам барып, айқайлап түрлі ұрандар айта бастады, олардың арандатушылар екені түсінікті ғой. Полицейлер жандарында күтіп тұрған, сосын ОМОН (арнайы полиция жасағы) жүгіріп келді де, жұртқа жармасып, шағын автобустарына сүйреп кіргізе бастады. Ал сосын әлгі ұрандатқан әрі өзгелермен бірге автобусқа алып кірген әлгі екеуді есімдерін атап шақырып алды, олар автобустан түсіп қалды. Кейін оларды ешкім еш жерден көрмепті, екеуі полиция учаскелерінде де болған жоқ. Біз мұны жұртты ұстауға сылтау болуы үшін әдейі жіберілген арандатушылар болғанының жанама дәлелі деп санаймыз, - дейді ол.

Ал жұрт ол жерде жиналу құқығы мен митинг өткізу еркіндігін және Навальныйды босатуды талап етіп, Путинді зейнет демалысына кетіп, енді сайлауға түспеуге шақыру мақсатында пикет ұйымдастыру үшін тұрған. Ұсталғандарды 15-ші полиция бөлімі жанына апарып, ұсталғаны туралы хаттама толтырмай үш сағаттай суық автобустың ішінде ұстады. "Хаттама толтырыңдар" деген талабыма полиция бөліміндегілер "бізге ешкімді әкелген жоқ, біздің бұған қатысымыз жоқ" деді. Шағын автобустың жанындағы полицейлердің ортасында тұрған аға полиция лейтенанты "ұсталғандарды жеткізу хаттамаларын сол жерде толтырамыз" деді. Ақыры "Петербургте ұсталғандарға көмек штабы" тобының құқық қорғаушылары мен Навальныйдың штабына телефон соға бастадым.

Тез арада құқық қорғаушы екі әйел келіп, 15-полиция бөліміне телефон соғып, бастығымен сөйлестіруді талап ете бастап еді, 15 минут өтпей полковник шеніндегі бөлім бастығы жетіп келді. Құқық қорғаушы әйелдердің бірі автобуста кімдер отырғанын көріп шығуды өтініп еді, ол "жүріңіздер көрейік" деді. Шықсақ, автобус кетіп қалыпты. Жүгіріп ғимаратты айнала бергенімде ұсталғандарды өзге - ГИБДД жақтағы есіктен ішке кіргізіп жатқанын көріп қалдым. Бірақ олардың қандай жағдайда екенін біліп, камералардың ішін көріп шығу талабымен ішке әрең кірген құқық қорғаушылар біз беріп жіберген тамақты да, суды да ұсталғандарға бермегенін анықтады. Бірақ ең бастысы - оларды түні бойы әлгі жерде қалдырып, кереуеттің орнына темірден жасалған екі орындық пен үстел ғана берген. Олар әлгі жерде отырып екі-үш сағат бірдеңе етіп көз шырымын алған, ал ертеңінде Калинин ауданында сағат екіге сот белгіленді. Сотқа апарар кезде бәрінің қолына кісен салып қойды.

Судья бәрін бір-бірден шақырды, ал Шахназды шақырған кезде ол сот ғимаратында, бірақ өзге кабинетте отырған адвокатымның келуін күткім келеді деді. Судья оған көнбей қойды. Шахназ бұған наразылық білдіріп еді, сот оны залдан шығарып жіберіп, сот отырысы айыпталушысыз, куәлерсіз, адвокатсыз өтті. Екі сот отырысы арасында Шахназ өзін жайсыз сезініп, жедел жәрдем шақырды, олар оны Елизавета ауруханасына алып кетті, ал сот жанына екі полицей ертіп жіберді. Ауруханаға барғанда кісендеулі қолына қосақталған полицей төрт кабинетке онымен бірге кіріп, тіпті әлгі полицейдің көзінше шешінуіне тура келген. Кісенді тіпті әжетханаға кірген кезінде де қолындағы шешпеген! Бұл – азаптау ғой. Полицейдің алаңды босату туралы заңды талабына бағынбағаны үшін оны 19.3 бабы бойынша бес тәулікке қамап тастады.

15- полиция бөлімінде қалай отырғаны жайлы Шахноздың өзі былай әңгімелейді:

- Полицейлер бас салып ұстап, автобусқа сүйрей жөнелгенде аяғымды зақымдап алдым, автобустың басқышы биік екен, олар аяғымды көтеріп үлгертпей, ішіне лақтыра салғанда құлап түсіп, қатты соғылдым. Іші тастай суық ескі темір автобуста үш жарым сағат отырдық. Бүкіл заттарымды - телефонымды, тіпті көзілдірігіме дейін тартып алды. Сондағы уәждері - "көзілдірігіңіздің шынысы әйнек екен, өзіңізді жарақаттап алуыңыз мүмкін". Бізді 15-полиция бөліміне апарған кезде соның кесірінен ешқандай хаттаманы оқи да, қол қоя да алмадым. Бізге көп су мен тамақ беріп жіберіпті, бірақ полицейлер "рұқсат жоқ" деген сылтаумен бір үзім нан да бермей қойды.

Бірақ бәрінен сорақысы - бізді ұйықтатпай қойды. Мені үсті шұрқ тесік тастай суық темір орындыққа отырғызып қойды, ал қарсы алдыма екі полицей отырып алды. Оларға "ұйықтауға мұрсат беріңіздерші, сіздер жататын орын беруге міндеттісіздер ғой" деп едім, "бір сағаттан кейін, екі сағаттан кейін береміз, құжат ресімдеп жатырмыз" деуден танбады. Ал бір жігітті камераға кіргізіп жатқызған, ол "қандаланың көптігі соншалық, түні бойы көз ілдірмеді" дейді. Мен су, тамақ сұрап едім, тоңазытқыштан суық күріш пен котлетке ұқсайтын бірдеңені ертеңінде ғана әкеліп берді. Бірақ түні бойы темір орындықтың үстінде отырғандықтан, суықтан қалшылдап әлгіні жей алмадым. "Маған бір пакет тамақ беріп жіберген, тым болмаса ішіндегі бананды алып беріңдерші, суық емес қой" деп едім, бермей қойды.

Бірақ ең сорақысы ауруханада болды. Ертеңінде бізді сотқа апарды, ал мен 30 сағат тікемнен отырып, демалмағанмын, аяқтарым, әсіресе полицейлердің кесірінен зақымдап алған аяғым ісіп кеткен. Жаныма полицей ертіп ауруханаға жіберді, кісенді мүлде шешкен жоқ, бір қолым әлгі полицейдің қолына қосақтаулы болды, мен құдды 10 адамды өлтірген қанішер қылмыскер сияқты кабинеттерге менімен бірге кіріп жүрді. Әбден қорландым - бүйрегімді ультадыбыстық зерттеу жүргізетін аппаратпен тексерген кезде беліме дейін шешінуге тура келді, дәрігер "қолындағы кісенді шешіңізші" деп еді, полицей "терезелеріңізде тор жоқ, кабинетте жалғыз қалдыра алмаймыз" деп көнбей қойды.

Сосын зәр талдамасын тапсыруым керек болды, әлгі полицей қолымдағы кісенді әжетханада да шешпей қойды. Дәрігер дәрі-дәрмек жазып берді, бірақ полицей оны алуыма рұқсат етпей қойып, кейін сұрағанымда жоғалып қалды деді. Сотта да ештеңені оқып, қол қойған жоқпын, іспен танысуыма да мұрсат берген жоқ. Бір тәулік аш ұстап, суып қалған шай мен бір тілім нанды абақтыға апарғанда бір-ақ берді. Аштықтан, суықтан және ұйықтамағаннан бүкіл денем қалтырап қоймаған соң ол жақта менен "неге селкілдейсіз? " деп сұрады. Оларға "тамақ та, су да берген жоқ, тіпті ұйықтатқан жоқ" деп едім, "иә, 15-бөлім - бұл жағынан атағы шыққан бөлім" деді. Ол жақта мені азаптап, қорлады, сондықтан бүкіл жерде мені кісенмен заңсыз алып жүргенін дәлелдеу үшін, аурухананың бақылау камераларындағы жазбаларды тезірек алғым келеді. Айтпақшы, ол жақта нашақорлар да болды, олар кісенсіз отырды, ал бізді бірден бұғаулап тастады. Бұл адамды қорлау, кемсіту, нағыз азаптау болды.

Дворец алаңында ұсталғандардың кейбірі 10, кейбірі 15 тәулікке қамалды, ал "Артподготовка" қозғалысының мүшесі Рафаэль Гайнутдиновті алаңда болғаны үшін үш рет жазаға тартты. Ол ұсталып, үш тәулікке ғана қамалғандардың алғашқы тобында болған. Бірақ кесімді мерзімді өтеп, бостандыққа шыққанда оны 12 полицей күтіп алып, тағы ұстап әкеткен, бұл жолы рұқсат етілмеген митинг ұйымдастырғаны үшін 20.2 баптың 2 тармағы бойынша 10 тәулікке қайта қамаған, қазір ол Захарьевская көшесіндегі абақтыда отыр.

Рафаэль Гайнутдиновті қалай екі мәрте ұстап әкетіп, қамағаны жайлы Facebook парақшасында құқық қорғаушы Динар Идрисов жазған болатын. Ол "Еркіндік үшін үш рет жазаланды! " ("Трижды наказан за свободу!") деген постында "Дворец алаңында өтпей қалған митинг үшін белсендіні әкімшілік жауапкершілікке үш мәрте тартты. Абақтыда өтеп шыққан үш тәулікке 9 тәулік қосып, әкімшілік қамау мен 10 000 (рубль) әкімшілік айыппұл алды" жазды. Динар Идрисовтың пікіріше, азаматтық және саяси белсенділерді қудалаудың жаңа тарихында Рафаэль Гайнутдиновтың ісі ерекше орын алады.

Құқық қорғаушы Динар Идрисов.
Құқық қорғаушы Динар Идрисов.

- Бір "әрекет" үшін - полицейдің аузынан шықпаған талапты орындамағаны үшін Рафаэль Гайнутдиновті үш рет жазалап отыр. Ол Дворец алаңындағы митингіні тоқтату талабы болатын, ал митингі өткен жоқ. Мұны 12 маусымдағы акциядан кейін үстінен үш әкімшілік хаттама толтырылған заң шығару органы депутаты Максим Резниктің ісімен салыстыруға болады, бірақ оны екі рет қана жауапқа тартты, екі хаттамамен жауапқа тарту практикасы өте жиі қолданылады. Ал Гайнутдиновті заңға қарамастан, үш рет жазалап отыр – 10 мың рубль әкімшілік айыппұл салды әрі екі рет қамауға алды, енді оны қазанның 19-ы күні бір-ақ босатады.

Ал жалпы, қазанның 7-сі күні ұсталғандарға қатысты жағдай 8-інде ұсталғандарға қатысты жағдайдан мүлде өзгеше. Шын мәнінде, саяси полиция саналатын территориялық полиция органдары, Росгвардия, ФСБ және экстремизмге қарсы іс-қимыл орталықтарына қазанның 7-сі ұлт лидерінің туған күнінде БАҚ, әлеуметтік желілер, интернетте наразылық көңіл-күй онша жария болмасын деген бүкілфедералдық нұсқау таратылған. Бұған қоса, наразылық акциялары ресми тіркелмесін деген бұйрық берілген, сондықтан қазанның 7-сі ұсталғандарға қатысты толтырылған хаттамаларда акция өткізу тәртібін бұзды деп жазылған жоқ. Билік бұл күні митингілер өткенін де, оған қатысушылардың ұсталғанын да мүлде мойындамайды, хаттамалардың бәрі жол жүрісі ережелерін немесе қоғамдық тәртіпті бұзу ретінде толтырылған, ал қоғамдық шараға қатысушылар жайлы ештеңе жазылмаған.

Ал қазанның 8-і шешімді жергілікті билік қабылдады, сондықтан бұл наразылық акцияларын радикалдандыруды басып-жаншу болды, ал радикалдандыру деп қала ішіндегі орындарға шатыр тігіп, лагерьлер ұйымдастыру арқылы белсенділік таныту ошақтарына айналдыруды айтады. Бұл жағынан алғанда, Х сағаты – революция басталатын сәт жақындап қалды деп санайтын "Артподготовка" қозғалысының немесе "мальцевшілер" (шетелге кетіп қалған әрі федаралдық іздеу жарияланған қозғалыс жетекшісі Вячеслав Мальцевтің атымен аталады. - Азаттық) мен Петербург алаңдарында қазанның 7-сі басталған наразылық акциясын қазанның 8-і жалғастырамыз деп мәлімдеген ортақ ұйымы жоқ бірнеше наразы топтың көңіл-күйі тоғысты.

Сондықтан жұрт Дворец алаңындағы Александр бағаны түбіне жиналды, бұл митинг емес, адамдардың топтасып тұруы сияқты болды, олар әлгі жерде жай тұрған, палатка әкелгенімен, оны тіккен жоқ, бірақ алаңнан да кетпей тұрған. Көп ұзамай "Э" штаттық орталығы қызметкерлерінің белгісімен арандатушылар жетіп келіп, "Путин – ұры! ", "Мұнда біз билікпіз! " деген кешегі ұрандарды айта бастады. Саяси полиция қызметкерлерінің көрсетуімен 20 шақты адамды ұстап, материалдық, заңдық және ақпараттық көмек көрсетуді қиындату үшін оларды бөліп-бөліп полицияның ең шалғай бөлімдеріне әкетті.

Динар Идрисовтің сөзінше, бір топ адамды ұстап әкетіп, ұсталғандардың екеуіне 250 мың рубль әкімшілік айыппұл салып, адам айтқысыз қатал үкімдер шығарғанына қарамастан, адамдар Дворец алаңына баруды тоқтатпаған, қазанның 9-ы күні ол жерде белсенділер кезекшілік еткен әрі оған қоса, Александров саябағында - "Горьковская" метросы жанында және Исаакиев алаңында белсенділік ошақтары пайда болған. Динар Идрисовтің сөзінше, қазіргі кезде ұстап әкетуге, полиция қызметкерлерінің әрекеттері мен әкімшілік жауапқа тарту туралы қаулыларға қатысты жаппай шағым жолданып жатыр, соттар қамалғандардың істеріне қатысты шағымдарды қарауға сейсенбіде кіріседі.

- Әсіресе полиция тарапынан күш қолдану қатты алаңдатады, біз ұсталғандарға соғыс кезінде пайдаланылатын күрес тәсілдері, шамадан тыс күш, кісен, резеңке таяқтар қолданылғанын білеміз. Қазанның 7-сі «Ұсталғандарға көмек» тобындағы Марина Букинаны ұрып, басын тіліп жіберген. Бұған қоса, біз прокуратура тарапынан әлгі оқиғалардың ешқайсысына реакция болмағанын білеміз, ал бұл әрекетсіздік полицияны бейбіт түрде наразылық білдірген азаматтарға күш қолдана беруге итермелей түседі.

Бұған қоса, заңдарға қандай өзгерістер енгізілсе де, олар заңды қолдану практикасына мүлде ілесе алмай қалғанын айтуға тиіспін. Еуропаның адам құқығы кеңесінің қыркүйекте жарияланған есебінде Ресейдегі жиналу еркіндігі жайлы, қазіргі заңдарды қолдану Ресей Федерациясы азаматтарын қоғамға қауіпті әлдебір қылмыс жасамаса да құқықтық тәртіп органдары тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшырау, әкімшілік, тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылу қаупінсіз бейбіт мақсатта жиналу мүмкіндігінен мүлде айырғаны айтылған.

Петербугттік танымал адвокат Сергей Голубок мұндай пікірмен онша келіспейді:

- Бұл тым қарабайыр көзқарас, өйткені заң дегеніміз – заңды қолдану практикасы болуы тиіс. Заң дегеніміз оларда не жазылғаны емес, олардың қалай қолданылатыны, екеуін бір-бірінен бөліп қарау қауіпті. Заң дегеніміз құқықтық қатынас субъектілерінің, мына жағдайда полиция түріндегі билік пен өзінің конституциялық құқықтарын іске асыруға тырысып жатқан азаматтардың әрекеті. Бұл жағдай қайталанып жатыр, сондықтан әңгіме азаматтардың жиналу еркіндігі, әділ сот төрелігіне жүгіну, жеке басқа қол сұқпау тәрізді көптеген құқықтарын бұзу жайлы. Наразыларды ұстап әкетіп, қамауға алу мен Петербург орталығында оппозициялық митингілер өткізуге іс жүзінде тыйым салу – адам құқықтарын бұзудың жалғасы болып отыр.

- Сергей, полицейлердің әрекеттеріне, әкімшілік жауапқа тарту қаулыларына қатысты арыздар беріліп қойды. Бұл арыздардың тағдыры не болады деп ойлайсыз?

Адвокат Сергей Голубок.
Адвокат Сергей Голубок.

- Оларды Ресей соттары, сосын қажет болса, Еуропа адам құқығы соты қарайды. Соттардың қандай шешім шығаратынын болжай алмаймын, бірақ соттардың бас тартатын шешімдерін жаман деп санамаймын. Адамдар қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын толық түсінуі үшін олар да қажет. Бұл жерде егер ресейлік сот шағымдарды қанағаттандырудан бас тартса, бұл өте жаман деп айтудың қажеті бар деп ойламаймын, ештеңе етпейді, онда адамдар Еуропа сотына шағымданатын болады. Бұл «ұтылды-ұтты» категориясы қолданылатын жағдай деп ойламаймын, кімнің ұтып, кімнің ұтылатыны әлі белгісіз. Бұл жерде бәрі, оның ішінде өзіне тән емес функциялармен айналысуға мәжбүр полицейлер де ұтылды, мына жүгеніз әрекеттеріне олар қуанады дейсіз бе? Мен тіпті бұл жерде кім ұтып жатқанын көрмей тұрмын.

Адвокат Борис Грузд наразыларды күш қолданып ұстау, адамдарға қатігездік таныту және қатал әкімшілік үкімдер шығару - Ресей билігінің мақсатты түрде жүргізіп отырған қорқытып-үркіту саясаты деп санайды.

- Жоғарғы жақтан, оның өзінде пәрмені мықты кабинеттен әлдебір нұсқау түскен тәрізді, өйткені күш құрылымдары да, соттар да соттан қорған таба алмайсың дегенді көрсетіп, ұйымдасқан түрде жұмыс істеп жатыр. Меніңше, бұл процесте соттар қолбаланың сиықсыз рөлін атқарып отыр. Бұл, бәлкім кей судьяларға ұнамайтын шығар, бірақ олар мына сиықсыз рөлді ойнауға мәжбүр.

- Ал бұл рөлден бас тартуға болмай ма?

Адвокат Борис Грузд.
Адвокат Борис Грузд.

- Өзіңнің берекеңді кетіргің келсе бас тартуға болады. Путиндік режим жетістіктерінің бірі - судьялар жалақысының сан есе көбеюі. Судьялар өз жұмысын қадірлей бастады, сондықтан мұндай істерде әділдік танытып, өз бетінше әрекет ету, қысқасы заңға сәйкес шешім шығарса, биліктің қырына ілікті деген сөз. Сондықтан соттар алдын ала болжанғандай, шаблон бойынша біркелкі жазылған, партия саясатынан аттамайтын шешім шығарады. Тіпті батылы жетіп, партия саясатынан сәл бұрыстау шешім шығарған кей соттардың шешімдерінің күшін құзыры жоғары сот жойып тастайды.

- Ал полицейлердің ұсталғандарға таяқ, кісен қолдану әрекеттеріне қатысты не айтуға болады – мұндай асыра сілтеулер үшін оларды жазаға тарттыруға бола ма?

- Білесіз бе, меніңше, қазіргі Ресейде бұған ешбір үміт жоқ. Бұл жағынан толық үмітсіздіктен өзге шара жоқ. Сондықтан кейін әділ сотқа - Страсбург сотына жүгіну үшін заңдарды өрескел бұзу фактілерін тіркей беруден басқа амал жоқ. Меніңше, бұл жолы наразыларды ұстау процесіне жұмылдырылған органдар мен лауазымды тұлғалардың бәріне жеткізілген нұсқау саяси шешім болған сияқты. Әдетте олар ала-құла, яғни бір-бірінсіз әрекет ететін, ал бұл жолы соттар да, полиция да адам сенгісіз ұйымшылдық танытты, яғни бұл бірыңғай бұйрық жарлық түсті деген сөз. Бұған қоса, соттардың да бағынғаныа қарағанда, жарлық тым жоғары деңгейден түскен сияқты.

2006 жылы Грузияда азаматтарды осылай жаппай қудаланғаны есіме түсіп отыр. Ол кезде Грузия азаматтарын ұстап, қамау туралы нұсқау берілген жиналысқа милиция қызметкерлері де, аудандық сот төрағалары да шақырылды деп жазылған телетайпограмманы бізге тілектес жандар берген. Яғни Ресей Федерациясы атынан жүргізіліп жатқан мұндай мемлекеттік саясат дұрыс, сыртқы және ішкі жаулардан отанды қорғау үшін керек деп түсіндіріледі.

Ерте ме, кеш пе, құпия дүниелер түбі бәрібір ашылады, өйткені кімнен қандай нұсқаулар алғанын мына оқиғаларға қатысқан полицейлер жайып салады я болмаса мұрағаттағы құжаттар жарыққа шығады. Қазір жағдайдың тез өрбіп бара жатқаны соншалық, меніңше, бүкіл жайттар біздің көзіміздің тірісінде жария болады. Жуырда мен Литва КГБ-сының Литвада құпиясы ашылған материалдары жарияланған литвалық бір сайтқа тап болдым. Мәскеуден нұсқау алғандықтан, "құпия", "аса құпия" деген белгі соғылған одақ құжаттарын жариялаған екен. Бір кездері олардың жарыққа шығатыны құжат авторларының тіпті ойларына да келмеген шығар, бірақ түбі бәрібір жарияланды ғой.

Борис Груздың топшылауынша, азаматтардың бейбіт наразылығына қатысты жергілікті биліктің әрекеттеріне, оның пікірінше, қазір жөн сілтеп жатқан құпия бұйрықтар да бір кездері баршаға жария болады.

( Азаттықтың Орыс қызметі тілшісі Татьяна Вольтскаяның мақаласы орыс тілінен аударылды).

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG