Accessibility links

Түрмедегі бүліктен 32 адам мерт болды


Тәжікстандағы түрмелердің бірі.
Тәжікстандағы түрмелердің бірі.

Мамырдың 19-ы күні кешкісін Тәжікстанның Вахдат аймағындағы түрмеде бүлік болып, 32 адам қаза тапты. Бұл туралы елдің әділет министрлігі хабарлады. Мерт болғандардың үшеуі – түрме қызметкері. Бүлік кезінде 29 жазасын өтеуші өлген.

Тәжікстан әділет министрлігінің хабарлауынша, бүлікті елде тыйым салынған экстремистік ұйымдардың мүшелері ұйымдастырған. Олардың арасында «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымының мүшелері де бар. Бүлікті басқарғандардың қатарында Сирияға кетіп ИМ қатарына қосылған 20 жастағы Бехруз Гулмурод (Тәжікстан арнайы жасағының бұрынғы басшысы Гулмурод Халимовтың ұлы) бар. Бехруз 2017 жылы ұсталып, 10 жылға сотталған.

Министрліктің мәлімдеуінше, «пышақпен қаруланған бүлікшілер түрменің үш қызметкерін кепілдікке алып, кейін айуандықпен өлтірген. Мұнан соң ИМ құрамында болғаны үшін сотталған сегіз қылмыскерді босатқан. Одан әрі басқалардың көзінше бес сотталушыны өлтірген. Олардың арасында 67 жастағы Саид Киёмиддин Гози мен 60 жастағы Саттор Каримов бар».

Саттор Каримов.
Саттор Каримов.

Гози мен Каримов – Тәжікстанда экстремистік деп танылған «Ислам жаңғыру партиясының» мүшесі. Екеуі де экстремизм айыбымен сотталған. Гози 2018 жылы – 25 жылға, Каримов 2016 жылы 28 жылға түрмеге қамалған.

Тәжікстан билігінің хабарлауынша, бүлікшілер түрмедегі медициналық бөлімшені өртеп, бірнеше сотталушыны кепілдікке алған. Олар өздерін түрмеден босатуды талап еткен.

«Бүлікті басу кезінде күштік құрылым өкілдері 24 сотталушыны өлтіріп, 35 адамды тұтқындаған. Көбі – ИМ мүшелері. Кепілдікке алынған сотталушылар босатылды. Бүлікшідегі түрмедегі жағдайды ушықтырып, қашып кетпек болған» деп жазылған ресми мәлімдемеде.

Бұл мәліметтерді тәуелсіз ақпарат көздерден анықтау мүмкін болмады.

Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, түрме маңында сотталушылардың туысқандары жиналып тұр. Кейбірі қаза тапқан жақындарының мәйітін алып кеткен.

Тәжікстан бас прокуратурасы түрмедегі жағдайдың тынышталғанын, бүлік бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Вахдат түрмесінде шамамен 1500 адам қамауда отыр. Олардың көбі – терроризм және экстремизм бабымен сотталғандар.

Вахдат тұрғындары түрме жаққа қарай бірнеше жедел жәплем көлігі, полиция көлігі, өрт сөндіргіш машиналар кеткенін көрген.

Былтыр 8 қарашада Тәжікстанның Худжанд қаласындағы түрмеден бүлік шыққан. Ресми дерек бойынша, 21 сотталған азамат пен екі күзетші қаза тапқан. «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы Худжандтағы бүлікке ұйым мүшелерінің қатысы барын мәлімдеген.

Ресми Душанбенің дерегінше, мыңға жуық Тәжікстан азаматы ИМ қатарына қосылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG