Accessibility links

Тәжікстанда блогерлердің Youtube-ке салған видеороликтерін бақыламақ


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Тәжікстанда аудио-видеоөнімдерді заңдық тұрғыда реттеумен айналысатын "Тәжікфильм" блогерлердің Youtube-ке салған видеороликтеріне бақылау орнатуды көздеп отыр. Салық орган өкілдері өзге азаматтар сияқты олар да салық төлеуі тиіс деп есептейді. Ал биліктің бұл әрекетіне наразы блогерлер мұны цензура деп бағалайды.

"Тәжікфильм" басшылығы Youtube желісіне ресми өтініш жіберіп, тәжік блогерлерінің видеосын олардың рұқсатынсыз жарияламауды сұрап отыр. "Тәжікфильм" компаниясының жауапты тұлғалары жергілікті блогерлер жасаған видеоконтенттердің сапасыздығын алға тартады. Ал биліктің талпынысына наразы видеоблогерлер Youtube-тегі контенттердің сапасын басқа жолдармен де жақсартуға болатынын айтып, блогерлер шығармашылығын шектемеу қажет дейді.

"КОЛХОЗ" КОНТЕНТ

"Тәжікфильм" мемлекеттік киностудиясының жетекшісі Носир Рахмонның Азаттыққа айтуынша, Тәжікстан заңнамасына сәйкес аудио-видеоматериалдарды жасап шығару үшін олардың авторлары ресми орындардан рұқсат сұрауы тиіс. Рахмон видеоблогерлердің жұмыс істеуіне қарсы еместігін, бірақ Youtube-ке салынған видеороликтердің мазмұны мен сапасына алаңдап отырғанын жеткізді.

Носир Рахмон
Носир Рахмон

- Біз әуелі видеороликтердің мазмұнын көріп шығуымыз қажет. Кейбір роликтерді қараған кезде адамдар ұялып кетеді. Youtube-ке өзге ел қолданушылары салған роликтерді қарасаңыз, жаның демалып қалады. Ал біздікілердің [контенттерінің] бәрі "колхоз", - деді Рахмон.

Youtube-тің Тәжікстанда өкілдігі жоқ. Носир Рахмонның айтуынша, олар Youtube-тің Ресей және Қазақстандағы өкілдіктерін тауып, оларға тәжік блогерлерінің видеоларын арнайы рұқсатсыз жарияламау туралы ресми түрде өтініш жіберген.

Соңғы жылдары Youtube-тен ондаған тәжік азаматы парақша ашып, жиі видеоматериалдар жариялап келеді. Онда әртүрлі мәселелер қозғалады: жергілікті нарықтағы көлік, базардағы қой немесе Тәжікстанның әртүрлі аудандарындағы баспана бағасы және өзге мәселелер.

Елдегі көркем аймақтар немесе шоу-бизнес жаңалықтары туралы тұрақты түрде хабар әзірлейтін блогерлер де бар.

"НЕ ҮШІН РҰҚСАТ СҰРАУЫМ КЕРЕК?"

Жас тәжік видеоблогері Саиджон Юсуфзодтің Youtube-те арнайы парақшасы бар. Ол хобби ретінде видеоролик түсіріп, монтаждаумен айналысады.

- Youtube-тегі парақшамды өзім аштым және өзіме ұнаған видеоматериалдарды салам. Егер заң бұзбасам, не себепті рұқсат сұрауым керек? - дейді блогер.

Саиджон Youtube-ке салынған кейбір видеолардың "моральдық принциптерге қайшы келетінін" де атап өтеді. Бірақ соған бола видеоблогерлердің жұмысын толық бақылауға алуға болмайды дейді.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

- Соңғы уақытта интернетте “күйеуінің көзіне шөп салған тұрмыс құрған әйелді ұстап алды” немесе “қалыңдықты өзге ер адаммен ұстап алды” деген сияқты өте көп видеолар пайда болды. Жекелеген видеоблогерлер көрермен санын ұлғайтып, соның арқасында ақша табу үшін осындай “масқара” видеороликтерді жүктейді. Мен де мұндай парақшаларды тәртіпке келтіргенін қалаймын. Бірақ бұл үшін Youtube-ке шағым жіберсе жетіп жатыр, - дейді Юсуфзод.

САРАПШЫ: "ТАҒЫ ДА КӨПКЕ КҮЛКІ БОЛАМЫЗ БА?"

Мамандар Тәжікстанда блогерлер санының көбеюін жақсы құбылыс деп есептейді, осындай жағдайда "Тәжікфильмнің" интернет секторын бақылауға тырысуын цензура ретінде бағалайды.

Рустам Гулов
Рустам Гулов

Тәжік сарапшысы Рустам Гуловтың айтуынша, видеоблогерлерден кәсіби деңгейде сапалы контент күту ақымақтық. Олардың өнімдерін кәсіби кино немесе БАҚ деңгейінде қатар қойып, бағалауға болмайды дейді.

- Басқа қырынан қарастырсақ, видеоблогерлер қатары көбейсе, шығарылған роликтердің сапасы жақсаруы тиіс. Осындай ақылға қонымсыз әрекеттермен тағы да елімізді әлемге масқара етудің қажеті жоқ, - дейді Гулов.

"ВИДЕОБЛОГЕРЛЕР САЛЫҚ ТӨЛЕУІ ТИІС"

Ал Тәжікстанның салық комитетінің өкілі Завкибек Шодиен Азаттыққа елдің салық кодексінде видеоблогерлерден салық алу туралы арнайы бап жоқтығын, бірақ олар да өзге азаматтар сияқты табысының бір бөлігін мемлекетке беру қажеттігін айтты.

Завкибек Шодиён
Завкибек Шодиён

- Тәжікстан азаматтарының ел аумағында не сыртында тапқан кез келген табысынан салық алынуы тиіс. Табысты жасыру немесе төлемеу заңмен қудаланады, - деді Шодиен.

Оның айтуынша, өзге кәсіпкерлер сияқты блогерлер де кәсіпкерлікпен айналысатыны туралы куәлік немесе патент алып, салық төлеуі тиіс.

Дерек бойынша, көп тәжік видеоблогерлері Ресейде тұрады және олар интернет арқылы тапқан ақшаларын банк карталары арқылы алып отырады.

ИНТЕРНЕТ НӘПАҚА ТАБУ ЖОЛЫ РЕТІНДЕ

2018 жылы Youtube желісі қолданушылар парақшасындағы жарнамадан түскен табыстың 60 пайызын қолданушылардың өзіне үлестіру туралы шешім қабылдаған. Бұл шешім тәжік видеоблогерлер санының артуына әсер еткен.

Қазіргі кезде көп тәжік видеоблогері Youtube-тегі парақшаларында өзгелердің видеоролигін жариялап, көрермендерді тартуға тырысады. Мындаған жазылушысы бар, видеолары жылына кемінде төрт мың рет көрілген парақша иелері компаниядан белгілі бір мөлшерде түсім алып отырады. Постсоветтік кеңістікте шамамен мың рет көрілген видео үшін 20-50 цент аралығында ақша төлейді.

Азаттықтың Тәжік қызметінің мақаласы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG