Accessibility links

"Операторлар қолданушы хабарламасын бір ай сақтауы тиіс"


Митинг в защиту интернета и свободы слова в Москве. Апрель 2018 года
Митинг в защиту интернета и свободы слова в Москве. Апрель 2018 года

Ресейде алдағы уақытта күшіне енетін "Яровая заңына" сай, операторлар интернет қолданушылардың хабарламаларын 30 күн сақтауы тиіс.

Ресейлік провайдерлер "Яровая заңдары" (Ресей мемлекеттік думасының депутаты Ирина Яроваяның ұсынысы бойынша қабылданған заңдар топтамасы – ред.) талаптарын орындау үшін "МФИ-Софт" компаниясынан коммерциялық ұсыныстар ала бастады. Бұл құжатқа сәйкес, операторлар пайдаланушылардың хабарламаларын 30 күн бойы сақтауы тиіс. Орташа деңгейдегі провайдарлерге трафикті сақтауға арналған құрал-жабдықтардың сатып алу үшін 300 миллион рубль қажет. Сарапшылар бұл шағын провайдерлердің жаппай жабылуына ұласып, нарықта монополия орнаумен аяқталады деп санайды.

ІТ-маман әрі TgVPN прокси-сервисінің қожайыны Владислав Здольников өзінің Telegram-каналында провайдерлер ала бастаған коммерциялық ұсыныстың үлгісін жариялады.

"МФИ-Софт" компаниясы тыйым салынған сайттарды бақылап отыратын СОРМ (Жедел іздеу шаралары функцияларын қамтамасыз етуге арналған техникалық құралдар жүйесі – ред.) және "Ревизор" құрылғыларын шығарады.

Бұл ұсынысқа сәйкес, жеті гигабит трафикті сақтау үшін оператор 37 миллион рубль төлеуі тиіс. Здольниковтің түсіндіруінше, бұл бір мезгілде жұмыс істейтін 7-8 мың клиенттің трафигі сақтауға мүмкіндік береді. Ал 80-100 мың клиенті бар орташа деңгейдегі провайдер үшін трафикті сақтау құны 300 миллион рубльге жетеді. Здольниковтың айтуынша, "шағын провайдерлер үшін бұл - тым көп сома. Бірақ жабдықтар, шынымен, қымбат тұрады, сондықтан ұсыныста көрсетілген баға азаймайды".

"МФИ-Софт" жүйесінен бөлек коммерциялық ұсынысты ФСБ-мен (Федералдық қауіпсіздік қызметі) байланысты өзге бірнеше компания да жолдай алады.

– Бұрын мен пайдаланушысының саны 30-40 мыңға жетпейтін операторлардың бұған шамасы жетпейді деп ойлайтынмын. Бірақ қазір ең ірі бірнеше оператордан өзгелердің нарықта қалу мүмкіндігі жоқ екені анық көрініп тұр. Менің білуімше, кей операторлар абоненттік базасын сатып алатын адамдар іздей бастаған, - дейді маман.

Провайдерлер бұл жағдайдан шығу амалын қазанның 1-іне дейін табуы тиіс. "Яровая заңының" трафикті сақтауға қатысты нормалары осы күні күшіне енеді. Ал ұялы байланыс операторлары абоненттерінің трафигін шілдеден бастап сақтайды.

Навальныйдың сайлауалды штабының жетекшісі, ІТ-маман Леонид Волков барлық провайдерлерді жуырда не күтіп тұрғанын сипаттап берді. Оның сөзінше, тиісті жабдықты орнатпағандарға Роскомнадзор (Ресейдің байланыс, ақпараттық технологиялар және бұқаралық коммуникацияны бақылау жөніндегі федералдық қызметі – ред.) қызметкерлері келіп, айыппұл салып, лицензиясынан айыруы мүмкін. Кейін провайдерлерге мемлекеттің үлесі басым "Ростелеком" келіп, желіні, абоненттік базаны және жабдықтарды арзанға сатып алуды ұсынатын болады.

Екі сарапшы да "Яровая заңы" түбінде нарықта монополия орнатуға, мемлекет тарапынан бақылауды күшейтуге ұласады деп есептейді. Олардың пайымдауынша, мыңнан аса операторлардың ішінен "үлкен төрттікке" (МТС, "Мегафон", "Билайн" және Tele2 сауда маркасымен жұмыс істейтін "Вымпелком" компаниялары) кіретін операторлар және тағы бірнеше ірі провайдер ғана аман қалады.

Леонид Волков
Леонид Волков

–Ресейлік интернет жүздеген ұсақ провайдерлердің арқасында ғана қуатты болып тұр. Рунет сондықтан қытайлық болмай тұр және қытайлық интернетке айналмай тұр. Өйткені жүздеген (мыңнан көп) провайдер деректерді жөнелту қызметін көрсетеді, ондаған провайдердің трансшекаралық өткелдері бар. Бір-бірімен күрделі амалмен қиылысып, трафик алмасып отыратын тәуелсіз желілер қаншама, сондықтан Роскомнадзор – дәрменсіз, - дейді Леонид Волков.

Владислав Здольниковтің айтуынша, операторларды азайту арқылы мемлекет пен арнайы қызмет митингі немесе наразылық кезінде интернетті өшіріп тастауға мүмкіндік алады.

– Интернетке мемлекет бақылау орнатқан елдерде әлдебір наразылық акциялары кезінде интернетті мүлде өшіріп тастайды. Қазіргі сәтте Ресейде бұлай істеу мүлде мүмкін емес, өйткені нарықта провайдерлердің түрі көп. Соның арқасында интернетті тіпті ФСБ-ның бұйрығы бойынша да өшіріп тастауға мүмкіндіктері жоқ. Ал нарықта бірнеше провайдер ғана қалған кезде интернетті бірер сағаттың ішінде өшіре салатын болады. Иран, Түркия сияқты елдерде солай болып жатыр. Ресейле осыған келе жатыр, сондықтан мемлекет белгілі бір сәт туғанда интернетті өшіріп тастай алады деп ойлаймын, - дейді Здольников.

Герман Клименко
Герман Клименко

Биыл наурызда Ресей президенті Владимир Путиннің интернетті дамыту жөніндегі кеңесшісі болған Герман Клименко «елде ғаламдық интернетті өшіруге техникалық тұрғыдан дайын» деп мәлімдеп, «процесте аз-кем қиындық болады» деген еді.

"Яровая заңдары" қызмет бағасының қымбаттауына және бәсекелестіктің жоқтығы қызмет сапасының нашарлауына ұласуы мүмкін.

Азаттықтың Орыс қызметі Lealta, 2КОМ, RiNet, Netbynet, PrimeLink, "Транстелеком", Seven Sky сияқты бірнеше провайдерге комментарий сүраған. Бірақ редакция сауалдарына провайдерлердің ашқайсысы жауап қатпады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG