Accessibility links

Сайтта комментарий жариялауға қатысты жаңартылған заң талаптарын орындау үшін қазақстандық интернет-ресурстардың кейбірі қолданушыларды анықтау тетігін іске қосуды бастаса, кейбірі форумдарын жауып тастауды ұйғарған. Министрлік заңды орындамаған интернет-ресурстардың әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін екенін айтады.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникация мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қаңтардың 9-ынан күшіне енді. Жаңартылған заң елдегі интернет-ресурстарды қолданушыны идентификациядан өткізіп, ол туралы жеке деректерді белгілі мерзімге дейін сақтауға міндеттейді.

Әйткенмен интернет-ресурстардың көбі бұл процестің қалай жүзеге асатынын әлі білмейді. Министрлік электронды БАҚ мобильді байланыс операторларымен келісім-шарт жасасуы тиіс десе, медиа саласының заңгерлері мемлекет ақпарат құралдарына заңды орындауға барынша көмектесуі қажет деп санайды.

«ӘР ЖАҢА ҚОЛДАНУШЫ ҮШІН 7 ТЕҢГЕ ТӨЛЕЙМІЗ»

Павлодар өңірінде танымал pavon.kz ақпараттық порталы заңға жаңадан енгізілген талаптарды орындау мақсатында қаңтардың 8-інен бастап сайт қолданушыларын анықтау тетігін іске қосқан. Сайт редакторы Евгений Шультайс SMS-хабарлама қызметін ұсынатын компаниялардың көмегін пайдаланғанын айтады.

- Егер сіз SMS-хабарлама деген сөзді Google арқылы іздесеңіз ондаған нәтиже аласыз. Олардың біреуін таңдаған соң программист сайтыңызға бірқатар өзгерістер енгізеді. Бұл тетік іске қосылғаннан кейін қолданушы сайт ұсынған келісім-шартқа қол қоймайынша жазған пікірі сайтқа кетпейді, - деп түсіндіреді Евгений Шультайс.

Азаттық тілшісі бұл тетіктің жұмысын тексеріп көрді. Порталда комментарий қалдыру үшін әрбір қолданушы сайтқа түрлі әлеуметтік желідегі аккаунттары арқылы немесе жаңадан кіріп тіркеледі. Мұнан соң қолданушы сайт ұсынған келісім-шартты мақұлдап, телефон нөмірін жазуы тиіс. Сәлден соң оның телефонына келген парольді тергеннен кейін ғана комментарий сайтқа шығады. Осылайша қолданушының жазған пікірі логинімен бірге сайтта толық көрініп тұрады.

Евгений Шультайстың айтуынша, әрбір жаңа қолданушы үшін интернет-ресурс орташа есеппен қызмет көрсетуші компанияға 7 теңге төлейді. Әзірше қанша жаңа қолданушының тіркелгені белгісіз. Әйткенмен қолданушылардың белсенділігі азайып, жаңа талапқа наразылар көбейген.

Бірінші күннен бастап қолданушылар белсенділігі төмендеп кетті. Қазір де бұрынғы деңгейге жете алмай отыр. Қолданушыларға заң талаптарын, келісім-шартты ұсыну себептерін түсіндіріп келеміз.

- Бірінші күннен бастап қолданушылар белсенділігі төмендеп кетті. Қазір де бұрынғы деңгейге жете алмай отыр. Қолданушыларға заң талаптарын, келісім-шартты ұсыну себептерін түсіндіріп келеміз. Тұрақты оқырмандарымыздың көбі телефон нөмірлерін принципті түрде ешқашан көрсетпейтіндерін айтып жатыр. Енді олар белсенді комментатордан жай оқырманға айналды, - дейді Евгений Шультайс.

Азаттық тілшісі сөйлескен мамандардың айтуынша, бұдан былай қолданушыға комментарий жазғысы келген әр сайтта идентификация рәсімінен өтуге тура келеді.

Қазақстандық кейбір интернет-ресурстар қолданушы пікір қалдыра алмайтындай етіп форумдарын өшіріп тастауды ұйғарған. Мәселен, олардың арасында lada.kz, 365info.kz, т.б. сайттар бар.

- Сайтымыздың қазақ тіліндегі парағы да, орысшасы да форумды өшіріп тастады. Бізде заңды қабылдайды да, оның орындалуы жайына қалады ғой. Бұл да сондай нәрсе шығар. Біз түк істеп отырған жоқпыз, - дейді 365info.kz сайты редакторының орынбасары Айдын Олжай.

Zakon.kz сайты қарайтын «ЮрИнфо» компаниясының бас директоры Игорь Лоскутов заңдағы өзгерістерде «сайт, портал деген сөздер жоқ болғандықтан және өкілетті органнан қосымша түсіндірмелер түспейінше [заңдағы] бұл ереже өздеріне қатысты қолдануға жатпайды деп санайтындарын» айтады.

«КЕЛІСІМ-ШАРТҚА ҚОЛ ҚОЙМАҚШЫМЫЗ»

Заңға енгізілген жаңа талап әсіресе қолданушылар контентінен құралатын krisha.kz, kolesa.kz тәрізді түрлі хабарландыру жарияланатын сайттарға қиын тиіп отыр. Мұндай сайттарға хабарландыру орнататын азаматтардың барлығы да заңға сәйкес қолданушы ретінде идентификациядан өтуі тиіс.

Kolesa.kz сайтының заңгері Мұхтар Құсайынов Азаттыққа компанияның заң талаптарын орындау мақсатында күні-түні жұмыс жасап жатқанын айтады.

- Қазіргі кезде келісім-шартқа қол қоюды рәсімдеп жатырмыз. Келісім-шартты барлық мобильді байланыс операторларына қосып беретін провайдермен жасасып жатырмыз. Себебі, әр қолданушы түрлі оператордың қызметін пайдаланады, - дейді ол.

Заңгердің айтуынша, қолданушыларды тіркеу шығынын интернет-ресурстың өзі көтереді. Әйткенмен ол келісім-шарт құнын айта алмайтынын жеткізді.

«ҰЯЛЫ ОПЕРАТОРЛАРҒА ТАРИФТЕРІН АРЗАНДАТУДЫ ҰСЫНАМЫЗ»

Медиа саласы бойынша заңгер Ольга Диденко бұл тұста заң талаптарын орындау оңайырақ болу үшін Ақпарат және коммуникация министрлігі интернет-ресурстарға көмектесуі қажет деп санайды. Атап айтқанда, министрлік елдегі мобильді байланыс операторларына тарифтерін арзандату туралы ұсыныс жасауы керек.

- Біз де өз тарапымыздан байланыс операторлары қауымдастығымен келісіп, ақпарат құралдары үшін бір реттік пароль жіберетін SMS құнын арзандату жөнінде ұсыныс айтамыз. Әзірше бұл туралы қатты алаңдамауға мүмкіндік бар. Бірақ бұл ұзаққа бармайды. Себебі, бәрібір мониторинг жүргізіледі. Оны ешкім алып тастаған жоқ. Белгілі бір уақыт өткен соң олар ескерту жасауды бастайды. Сондықтан мұны орындаған дұрыс, - дейді Ольга Диденко.

Қолданыстағы заңға жаңадан енгізілген талаптарға байланысты Азаттық тілшісі Қазақстанда мобильдік байланыс қызметін көрсететін операторларға хабарласқан еді. «Кселл» компаниясы акционерлік қоғамының Азаттыққа жіберген ресми жауабында «комментаторларды анықтау тетігін іске қосу техникалық қиындық тудырмайтыны» айтылған.

«Қазіргі кезде компаниямызға жеке тұлғалардан сауда-саттық туралы хабарландыру қабылдайтын бірнеше интернет-ресурс хабарласты. Заңның аталған тармағын техникалық тұрғыда жүзеге асыру қиын емес. Компаниямыз бұл тетікті іске асыруға дайын, оның үстіне осыған ұқсас қызмет көрсету түрі банктік және өзге коммерциялық жобаларды жүзеге асыруда ыңғайлы екенін көрсетті. [Қолданушыларды] тіркеу жүйесін жүзеге асыру барысын интернет-ресурстың өзі анықтайды» деп жазған «Кселл» компаниясы коммуникация бөлімінің жетекшісі Наталья Еськова.

«ЗАҢДЫ ОРЫНДАМАСАЖАУАПҚА ТАРТЫЛУЫ МҮМКІН»

Қазақстанның ақпарат және коммуникация министрлігі Азаттыққа жіберген жазбаша жауабында сайтта жарияланатын комментарийге қатысты заң талаптарын орындау үшін елдегі интернет-ресурстар мобильді байланыс операторларымен келісім-шарт жасасуы қажет екенін айтқан.

«Аталған келісімдер SMS-хабарламалар жібергені үшін интернет-ресурс немесе интернет-ресурс пайдаланушыларының төлем мәселелерін қарастыратын болады» делінген жауапта.

Қазақстан ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев парламентте.
Қазақстан ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев парламентте.

Министрліктің жазуынша, интернет-ресурс пен қолданушы арасында жасалатын келісім үлгісі министрлік сайтында орналастырылады. Заңға енгізілген талаптарды орындамағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте (ӘҚБК) тікелей жауапкершілік қарастырылмағанымен, министрлік хатында әлгіндей талапты орындамағаны үшін интернет-ресурстардың жауапқа тартылуы ықтимал екені айтылған.

«Аталған норманы ұстанудың бақылауын қамтамасыз ету үшін уәкілетті орган интернет-ресурстарға пайдаланушыларды сәйкестендіру жоғарыда көрсетілген тетіктерінің бірі болуына мониторинг өткізіледі. Заң талаптарын орындамағаны үшін ӘҚБК-ның 462-бабына сәйкес интернет-ресурс атына анықталған бұзушылықты жою туралы уәкілетті органның нұсқамасы жіберіледі. Оның шарттары берілген мерзімде орындалмаса, ӘҚБК-ның жоғарыда көрсетілген бабына сәйкес интернет-ресурстың меншік иесін әкімшілік жауапкершілікке тарта алады» делінген жауапта.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG