Accessibility links

Қоғамда дау туғызған заңдар


Жерлерінен айыруға қарсы тұрғындар Конституциядан үзінді жазылған баннер ұстап тұр. Астана, 28 маусым 2014 жыл. (Көрнекі сурет.)

2017 жылы Қазақстан Конституциясына кезекті мәрте өзгерістер енгізіліп, жаңадан бірнеше заң қабылданды. Кей сарапшылар бірқатар сала бойынша енген заң өзгерістерін жақсылыққа жорыса, кейбірі қоғамда дау тудырған жаңа заңдар азаматтардың саяси құқықтары мен бостандықтарын тарылта түскенін айтады.

Өткен жылы Қазақстан қоғамында дау тудырған заң өзгертулері қатарына Жер кодексін, Діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері туралы, бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты, "Адвокаттар қызметі және заң көмегі туралы" заң жобаларын жатқызуға болады.

КОНСТИТУЦИЯҒА ЕНГЕН КЕЗЕКТІ ӨЗГЕРІСТЕР

Жыл басында Қазақстан Конституциясының 19 бабына 26 өзгеріс енгізілді. Билік бұл өзгерістер президенттің бірқатар өкілеттіліктерін үкімет пен парламентке беру үшін жасалды деп түсіндірді.

Жаңа өзгерістерге сәйкес, президенттің құзырында сыртқы саясат, ұлттық қауіпсіздік мәселелері мен қорғаныс мүмкіндігін қамтамасыз ету өкілеті қалды. Президенттің әлеуметтік-экономикалық саладағы заңмен бекітілген өкілеті үкіметке берілді.

Қазақстан Қонституицясын бейнелейтін кітап пен оның жанында тұрған сарбаз. (Көрнекі сурет.)
Қазақстан Қонституицясын бейнелейтін кітап пен оның жанында тұрған сарбаз. (Көрнекі сурет.)

Конституцияның жаңа редакциясы парламенттің рөлін күшейтті. Осыған дейін заң шығару фунциясын атқарып келген парламент енді заң шығару билігіне ие болды. Бұрын премьер-министр үкімет жұмысының негізгі бағыттары туралы президентке ғана баяндауы тиіс болса, бұдан былай президент пен парламентке таныстыруы тиіс.

Сарапшыларды әсіресе, Конституцияның 10-бабының 2-тармағындағы азаматтықтан айыру туралы қосымшасы ерекше алаңдатқан еді. Оған сәйкес, террористік қылмыс сонымен бірге “Қазақстан Республикасының өмірлік маңызы бар мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтірген” қылмыс түрлерін жасаған азаматтарды сот азаматтығынан айыра алады.

Азаматтықтан айырудың ауыр жаза екенін айтқан сарапшылар сол кезде бұл өзгерісті билік "террористер" мен саяси қарсыластарына қарсы қолдануы мүмкін деп болжады.

Конституцияның 91-бабына енгізілген толықтыру Қазақстанның қазіргі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мәртебесін бекітуге арналды. Аталған баптың 2-тармағының жаңа редакциясында: "Конституцияда белгiленген мемлекеттiң тәуелсіздігі, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптері және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесі өзгермейді" деп берілген. Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басы аталған қосымша ел президенті туралы бөлімнен тыс орналасқан.

БАҚ ТУРАЛЫ ЗАҢ

Биылғы жылы қоғамда ең көп дау тудырған заң жобаларының бірі БАҚ пен журналистерге қатысты болды. Заң жобасының авторы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі құжат БАҚ, телерадио хабарларын тарату, ақпараттандыру және байланыс, ақпараттық қауіпсіздік салаларындағы қатынастарды құқықтық жағынан реттейтінін айтқан еді.

Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев (сол жақта) парламент отырысында заң жобасын таныстырып отыр. Астана, 27 маусым 2017 жыл.
Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев (сол жақта) парламент отырысында заң жобасын таныстырып отыр. Астана, 27 маусым 2017 жыл.

Ал баспасөз құқығын қорғаушылар заң елдегі сөз бостандығының аясын тарылтып, ақпарат құралдарының жұмысын қиындатады деп мәлімдеді.

Оларды әсіресе ақпарат құралдарын жеке, отбасылық құпия туралы мәліметтерді тарату үшін кейіпкерлерден келісім сұрауға міндеттеу, қолданушылардың интернет сайттарда анонимді түрде комментарий қалдыра алмауы, интернет сайттарды қолданушылармен келісім-шарт жасатуға міндеттеу, мемлекеттік органдардың журналистер сауалына жауап беру мерзімінің екі есе ұзартылуы тәрізді мәселелер алаңдатты.

Оқыңыз: Парламент БАҚ туралы даулы заң жобасын қабылдады

Желтоқсанда заң жобасын парламент мақұлдағаннан кейін құқыққорғаушылар президентке даулы заң жобасына вето қою туралы өтініш білдірген еді. Желтоқсан айының соңында президент Назарбаев заңға қол қойды.

ЖЕР КОДЕКСІ

Желтоқсанның 28-і күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" кодекске де қол қойды.

2016 жылы елдегі жер туралы наразылық акцияларына негіз болған заң жобасына кейбір белсенділердің көңілі толмады. Олардың пікірінше, заңды қабылдар кезде дау тудырған ең негізгі нәрселер: ауыл шаруашылық жерлерін сату және жалға беруге қатысты баптар заңда бұлыңғыр жазылған.

Ауыл шаруашылығы министрлігі таныстырған жобада шекара сызығында орналасқан жерлердің ешкімге берілмейтіні көрсетілген.

Азаматтық белсенді Макс Боқаев (ортада) жер мәселесіне арналған митингіде сөйлеп тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.
Азаматтық белсенді Макс Боқаев (ортада) жер мәселесіне арналған митингіде сөйлеп тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Қазақстанның жер туралы заңына 2015 жылы күзде ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен енгізілген өзгерістер 2016 жылы көктемде Қазақстан қоғамында резонанс тудырған "жер митингілеріне" түрткі болған еді. Алғашқы "жер митингісі" 2016 жылы сәуірдің 24-і күні Атыраудағы Исатай-Махамбет алаңында өтті. Акцияға қатысушылар заңдағы шетелдіктерге ауыл шаруашылығы жерін жалға беру мерзімін 10 жылдан 25 жылға дейін ұзарту және құрамында шетелдіктер бар серіктестіктерге сату туралы баптарға қарсылық білдіріп Назарбаевқа үндеу жолдаған. Бұдан соң бірнеше қалада "жер дауына" қатысты наразылық акциялары өтті. Осыдан кейін президент Назарбаев әлгі заңның даулы баптарына бес жылға мораторий жариялап, заңды талқылау үшін қоғамдық жер комиссиясын құрған.

Атыраудағы жер митингісіне қатысқан жергілікті азаматтық белсенділер Талғат Аян мен Макс Боқаевты 2016 жылы қарашада Атырау соты "әлеуметтік араздық тудырды", "митинг өткізу туралы заңнаманы бұзды" және "жалған ақпарат таратты" деген айыппен бес жылға соттаған. Бұған қоса сот оларға ірі мөлшерде айыппұл салған. Боқаев пен Аян өздеріне тағылған айыпты мойындаған жоқ. Жақтастары мен құқық қорғаушылар белсенділерге қарсы істің саяси астары бар деп санайды.

ДІН САЛАСЫНДАҒЫ ЗАҢ ЖОБАСЫ

Қазіргі кезде парламенттің қарауында жатқан "Діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері туралы" заң жобасындағы кейбір баптар да құқыққорғаушыларды алаңдатып отыр.

Заң жобасына сәйкес, ендігәрі 16 жасқа жетпеген азаматтар діни рәсім-шараларға ата-анасының рұқсатынсыз қатыса алмайды. Бұл талапты бұзған діни ұйым 680 доллар шамасында айыппұл төлейді.

Құрбан айт күні "Нұр Астана" мешітінде намаз оқып жатқан адамдар. Астана, 1 қыркүйек 2017 жыл.
Құрбан айт күні "Нұр Астана" мешітінде намаз оқып жатқан адамдар. Астана, 1 қыркүйек 2017 жыл.

Бұған қоса, шетелде діни білім алғысы келетін азаматтар діни білімді ең әуелі Қазақстанда алуы тиіс деген талап бар.

Сонымен бірге құжатта дін саласында құқықбұзушылық үшін айыппұл көлемін көбейту, заңсыз үгіт-насихат үшін жазаны қатайту, қоғамдық орында адамның бет-жүзін көрсетпейтін киім киюге тыйым салу қарастырылған. Заң жобасында мемлекеттік қызметкерлерге жұмыс уақытында діни мекемелерге баруға болмайтыны айтылған. Балаларын түрлі дертке қарсы ектіруден бас тартқан ата-аналарға 68 доллар көлемінде айыппұл салу көзделген.

АДВОКАТТАР ТУРАЛЫ ЗАҢ

"Адвокаттар қызметі және заң көмегі" туралы заң жобасына адвокаттар қауымы тарапынан көптеген сын айтылды. Даулы құжатты әзірлеп ұсынған Әділет министрлігі жоба елде адвокат қызметінің сапасын жақсартып, олардың жұмысын ашық етуге әрі оңайлатуға бағытталған дейді.

Үкімет ұсынған заң жобасын сынайтын адвокаттардың пікірінше, аталған құжаттағы баптар тәуелсіз адвокаттық қызметті шектеуі мүмкін және өзін-өзі реттейтін ұйымдардың құрылуына мүмкіндік бермейді. Олар жобада адвокаттардың құқықтары мен қауіпсіздігіне кепіл беретін нормалар алынып тасталғанын, биліктің адвокаттық қызметке араласуына жағдай жасалғанын атап көрсеткен. Мұндай ережелер халықаралық стандартқа қайшы дейді олар.

"Адвокаттар қызметі және заң көмегі туралы" заң жобасының біраз баптары тәуелсіз адвокаттық қызметті шектеуі мүмкін екені және өзін-өзі реттейтін ұйымдардың құрылуына мүмкіндік бермейтіні туралы заңгерлердің халықаралық комиссиясы (International Commission of Jurists - ICJ) да мәлімдеген. ICJ делегаттарының пікірінше, атқарушы билік Қазақстан адвокаттар алқасының өзіндік жұмыс істеу тәртібіне килікпеуі тиіс, себебі ол кез-келген қоғамдастықтың тәуелсіздігіне негіз болады.

Қазақстан адвокаттарының жиынына қатысушылар. Астана, 14 қазан 2017 жыл.
Қазақстан адвокаттарының жиынына қатысушылар. Астана, 14 қазан 2017 жыл.

Өткен жылы қазанда 500-ден астам адвокат Қазақстан премьер-министріне үндеу жолдап, "Адвокаттар қызметі және заң көмегі туралы" заң жобасы әділет министрлігі дайындаған күйінде қабылданбауы тиіс екенін мәлімдеген. Қазір заң жобасы парламенттің қарауында жатыр.

ОҚЫҢЫЗ: Адвокаттар жаңа жобадан "қолайсыздармен күресті" байқаған

Сонымен бірге адвокаттық қызметке қатысты заң жобасындағы жаңа өзергістер қоғам өміріне оң әсер етеді деп санайтындар да бар. Заңгер Жохар Өтебековтің пікірінше, заң жобасының елдегі заңгерлер жұмысын жақсартатын тұстары аз емес.

Қазақстандық адвокат Жохар Өтебеков.
Қазақстандық адвокат Жохар Өтебеков.

- Ең негізгі жетістігі ретінде адвокаттар алқасына кіру жарнасының жойылуын атап өтер едім. Бұл адвокаттар санының көбеюіне әсер етеді. Қазір көпшілігі соны күтіп отыр. Кіру жарнасы адвокат болғысы келетіндерге түкке керексіз жасанды нәрсе. Ол заңгерлер санын қысқартып, адвокат қызметін пайдалануды күрделендіреді. Бәсекені төмендетеді, - дейді Жохар Өтебеков.

Оның айтуынша, бұған қоса адвокаттар алқасы президиумы мүшесінің сайлану мерзімін қысқарту да саладағы бюрократияны азайтып, артық әбігерліктерден арылтуға септеседі.

- Үшіншіден, ордерді алып тастағандары дұрыс болды. Қазіргі кезде адвокат мейлі ол қылмыстық, азаматтық немесе әкімшілік істі жүргізсін, кез-келген іс бойынша ордер алуға міндетті. Кей кезде бұл соттың өзге өкілдерімен тең емес жағдайда қалуға мәжбүрлейді. Мәселен, азаматтық сот өндірісінде олар тек сенімхат ғана көрсете салса, ал адвокат әдетте ордерді де көрсетуі тиіс, - дейді ол.

Қолданыстағы "Адвокаттық қызмет туралы" заң 1997 жылы қабылданып, кейін оған әлденеше рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Үкімет бұл заңның "ескіргенін" айтады.

"ЕРКІНДІКТІ ШЕКТЕЙТІН ЗАҢДАР КӨБЕЙЕ ТҮСТІ"

Қазақстандық құқыққорғаушы Евгений Жовтистің пікірінше, өткен жылы елде қабылданған заңдар азаматтардың саяси құқықтары мен бостандықтарын шектейді және олардың барлығы мәселені тек күрделендіре түседі. Ол әсіресе, азаматтықтан айыру туралы Конституцияға енген өзгеріске қатты қынжылатынын айтады.

Құқыққорғаушы Евгений Жовтис.
Құқыққорғаушы Евгений Жовтис.

- Экстремистік қылмыс жасағаны үшін азаматтықтан айыру туралы Конституциядағы өзгеріс тоталитарлық режимнің белгісі ретінде Совет одағы құлағаннан кейін бірден алынып тасталған болатын. Бұл сол кездегі Конституциядағы комментарийлердің барлығында жазылды. Соған қарамастан 2017 жылы бұл бап Конституцияға қайта еніп отыр. Бұл - өте өкінішті, - дейді Евгений Жовтис.

Конституцияға енген соңғы өзгерістер әлеуметтік желіде де жыл бойы қызу талқыланып шықты. Мәселен, ол туралы тәуелсіз журналист әрі құқыққорғаушы Сергей Дуванов былай деп жазды:

"…Еліміздегі ең тұрақсыз нәрсе – Конституция сияқты, ол билігін мәңгі сақтап қалу үшін бәріне даяр жоғарыдағылардың жағдайын жасау үшін қайта-қайта жазылып жатыр. Біздің Конституция Назарбаевтың қолындағы жазба дәптер сияқты – қаласа жазып, қаламаса сыза салады. Конституциядағы кез-келген өзгеріс – бұл бейбіт түрдегі мемлекеттік төңкеріс деген сөз бар. Бұл биліктің сенімсіздігі және оның заңдылық пен құқыққа қатысты мемлекетшілдікке жатпайтын көзқарасынан хабар беретін өте алаңдатарлық практика".

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG