Accessibility links

Азаматтықтан айыру және тоталитаризмге оралу


Қазақстан конституциясы макетін күзетіп тұрған сарбаз. Алматы, 30 тамыз 2014 жыл.

Қазақстанның қылмыстық кодексіне елдің «өмірлік маңызы бар мүдделеріне ауыр зиян келтірді» деген ұғым енгізбек. Ондай қылмыстар үшін азаматтықтан айыру немесе өлім жазасы қарастырылған. Жоба авторлары ұғымды толық түсіндіре алмайды. Сарапшылардың айтуынша, елде неототалитаризм белгілері байқалады.

МЕМЛЕКЕТ МҮДДЕСІ ҮШІН

Әділет министрлігіне қарасты заң департаменті директоры Дархан Игембаев Қазақстанның өмірлік маңызды мүдделеріне ауыр зиян келтіру дегенді қазіргі қылмыстық кодекстің «15 бабында қарастырылған белгілі бір қылмыстар жасау нәтижесінде келтірілген зиян» деп түсінеді. Ол мұны әлгі ұғымды түсіндіру үшін осы аптада өткізілген арнайы брифингте жариялады.

Қылмыстық кодекстегі өзгеріс дауға қалды
please wait

No media source currently available

0:00 0:07:57 0:00
Жүктеп алу

Әлеуметтік желілерде әділет министрлігінің кей заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасындағы 184-1 бабына қатысты пікірталас жүріп жатыр. Бірақ кейінірек әділет министрлігі заң жобасын мемлекеттік сайттан түгел алып тастап, әлгі бапты өзгертіп қайта жариялады. Әділет министрлігі өкілдері «бұл парламентке әлі түспеген заң жобасымен жұмыс істеген кезде қолданылатын әдеттегі тәжірибе» дейді, сондықтан әділет министрінің орынбасары Зәуреш Баймолдинаның сөзінше, олардың оны мүлде жарияламауына да болушы еді.

- Кез келген мемлекеттің өмірлік маңызды мүдделері дегеніміз – мемлекеттің территориялық тұтастығына, конституциялық құрылысының мызғымас беріктігіне, әлеуметтік, саяси тұрақтылығына, қорғаныс қабілетіне, қауіпсіздігіне қарсы жасалған қылмыстар, - дейді Зәуреш Баймолдина.

Әділет министрлігіне қарасты заң департаменті директоры Дархан Игембаев пен әділет министрінің орынбасары Зәуреш Баймолдина. Астана, 28 наурыз 2017 жыл.
Әділет министрлігіне қарасты заң департаменті директоры Дархан Игембаев пен әділет министрінің орынбасары Зәуреш Баймолдина. Астана, 28 наурыз 2017 жыл.

«Открытые НПА» («Ашық нормативті-құқықтық актілер») порталы сайтында жарияланған заң жобасының екінші нұсқасында мемлекетке келтірілген ауыр зиян туралы әлгі ұғымға терроризм, қарулы қақтығыстарға қатысу, агрессиялық соғыс ашу немесе жүргізу, жаппай адам өлтіретін қаруды сатып алу немесе сату, геноцид, мемлекеттік құпияны жариялау және өзге баптар жатқызылған.

Жаза мерзімі үлкен – 15 жылдан 25 жылға дейін түрмеге кесу. Кей баптарда дүние-мүлкін тәркілеп, өзін өлім жазасына немесе өмір бойына бостандығынан айыру жазасына кесетіні жазылған. Бірақ қылмыстық кодекстің 15 бабының бәрінде Қазақстан азаматтығынан айыру қосымша жаза ретінде қарастырылған.

Әділет министрлігі «заңды қызметіне кедергі келтіру немесе ондай қызметі үшін кек алу мақсатында» Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өміріне қастандық жасағаны үшін де азаматтықтан айырып, өлім жазасына кесуді ұсынады.

Бұған қоса, азаматтықтан айыру жазасын «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық және діни араздықты қоздыру» деген 174-баптың барлық тармақтарына енгізуді ұсынады. Қазір бұл бап бойынша бес жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Кейінгі жылдары бұл бап бойынша ондаған белсенді, саясаткер, түрлі діни қауым өкілдері сотталған.

Әділет министрінің орынбасары Зәуреш Баймолдинаның сөзінше, қосымша жазаны әлдекімдерді қорқыту-үркіту амалы деп санамау керек.

Біреулер ұлт араздығын қоздырады, ал халық біртұтас болуы тиіс қой. Егер ұлттар арасында араздық қозатын болса, ол қандай мемлекет болмақ?

- Біреулер ұлт араздығын қоздырады, ал халық біртұтас болуы тиіс қой. Егер ұлттар арасында араздық қозатын болса, ол қандай мемлекет болмақ? Мен мұны мемлекет құрылымына қарсы, белгілі бір мемлекеттің қоғамдық өмірі негіздеріне қастандық жасау деп түсінемін, бұл түбінде әлгі елдің ыдырауына соқтырады, сондықтан мұны ешқандай қорқыту деп ойламаймын, - дейді әділет министрінің орынбасары Зәуреш Баймолдина.

Бұған қоса, қылмыстық кодекстің «билiктi күшпен басып алуды я билiктi күшпен ұстап тұруды насихаттау немесе оған жария түрде шақыру, билікті күшпен басып алу я күшпен ұстап тұру немесе Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен өзгерту» деген 179-бабының 1-бөлімі бойынша да азаматтықтан айыруды ұсынады. Қазір 179-баптың бірінші бөлімі бойынша айыппұл салу немесе жеті жылға дейін түрмеге кесу жазасы қарастырылған.

Бұдан бөлек, заң жобасы «Қазақстан Республикасы азаматын азаматтығынан, азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға, сондай-ақ оны Қазақстаннан тысқары жерге аластауға болмайды. Қазақстан Республикасы азаматтығынан айыруға террорлық қылмыстар жасағаны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өмірлік маңызы бар мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін соттың шешімімен ғана жол беріледі» деген тармақпен толықтырылған.

Әділет министрлігі өкілдерінің айтуынша, Қазақстанда азаматтықтан айыру мәселесінде түпкілікті шешімді Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қабылдайды. Бірақ әділет министрлігі өкілдері азаматтықтан айырылған жандардың одан кейінгі өмірі не болатынын түсіндіре алмады. Жоба авторлары ондай адамдар «бүкіл игіліктен айырылады» деген сөзбен шектелді.

СОВЕТ ЗАМАНЫНДАҒЫ ЗАҢДАРДЫ ЖАҢҒЫРТУ

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис. Алматы, 17 қазан 2016 жыл.
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис. Алматы, 17 қазан 2016 жыл.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтистің Азаттыққа айтуынша, бұрын Қазақстанда зиян келтіру ұғымы адам денсаулығына қатысты ғана қолданылатын, ал мүліктік және өзге зардаптарға қатысты «нұқсан» сөзі қолданылатын. Оның сөзінше, заң жобасындағы «өмірлік маңызы бар мүдделер» мен «тұрақты ахуал» тіркестері мүлде субъективті ұғымдар әрі заң анық әрі болжамды болуы тиіс деген халықаралық принциптерді бұзады. Құқық қорғаушы биліктің қазіргі ұсыныстары – совет кезіндегі қылмыстық заңдардың антисоветтік үгіт-насихатқа, совет құрылысы негіздерін бүлдіруге қатысты жаңғыртылған баптары. Ол қылмыстық кодекстің 15 бабында азаматтықтан айыру жазасын қарастыруды «мүлде сандырақ нәрсе» деп атайды.

- Біздің елде азаматтықтан айыру бабы конституциядан 1993 жылы алынып тасталған, сондықтан 1995 жылғы конституцияда ондай бап болған жоқ, өйткені ол тоталитарлық мемлекет мен советтік режимнің белгісі деп саналатын. Оны әуелі конституцияға тып-тыныш қана енгізіп алды, яғни 10-бапта аяқ асты пайда болды. Ондай түзетуді жалпыхалықтық талқыға салған жоқ. Өмірлік маңызды мүдделерге ауыр зиян келтіргені немесе терроризм үшін азаматтықтан айыру деген не сөз? Ал сонда оларды қайда жібермексіңдер? Елден қумақсыңдар ма? Сонда қайда қумақ, оларды қай ел қабылдайды? Бірақ егер оларды ешқайда жібермесеңдер, олар Қазақстанда тұра береді, бірақ ел азаматы болмайды. Ең күлкілісі, олар конституцияға сәйкес, азаматтықтан айырғанымен, елден қуа алмайды, өйткені олар мұны ескермеген, - дейді Евгений Жовтис.

Оның сөзінше, тіпті Совет Одағының өзі азаматтықтан айыруға дейін жеткен жоқ, ол кезде отанға опасыздық жасағаны үшін азаматтығын жоғалтады деген жалғыз бап болған. Құқық қорғаушы мұны «Қазақстан экстремизммен күрес деген сылтауды жамылып әрі азаматтардың еркіндігі мен құқығын таптауды жалғастыру арқылы өзінің жасқандыру сипатындағы профилактикалық жоспарын іске асырып жатыр» деп түсінеді.

«Халық жаулары» мен «жат элементтер» пайда болатын кез жақын қалды, өйткені келіспейтін оппозиционерлер, тәуелсіз журналистер немесе белсенділер бар.

- «Халық жаулары» мен «жат элементтер» пайда болатын кез жақын қалды, өйткені келіспейтін оппозиционерлер, тәуелсіз журналистер немесе белсенділер бар, - дейді Евгений Жовтис.

Саясаттанушы Талғат Мамырайымов Қазақстан билігі жұртты қорқыныш пен үрей атмосферасында ұстау үшін экстремизм мен терроризм қауіп-қатерлерін, сыртқы, оның ішінде геосаяси қатерлерді қасақана дабырайтып көрсетеді деп санайды.

- Бұл - біздің авторитарлық режим құлдырап бара жатқан неототалитарлық режимнің тіршілік етуі үшін қажет шарт. Ондай қорқынышты көбейту арқылы оппозиция мен азаматтық-саяси өзгеше ойлауды бейтараптандыру жүріп жатыр. Біз мұндайдан баяғыда да өткенбіз. 1920 жылдары советтік Ресейде контрреволюциялық интеллигенция өкілдерін кеме, пойыздарға отырғызып алғаш рет елден шығара бастаған. Әлгі кемелерді «философиялық» деп атап, большевиктер әлемге саяси оппозицияны, өзгеше ойлайтын жандарды адамгершілікпен бейтараптандыруға тырысып отырғанын көрсеткісі келген. Біздің билік те әлгі тәжірибені соған сүйеніп қайталап жатқан сияқты. Біздің саяси жүйе көп жағдайда советтің қоғамдық-саяси жүйесін жаңғыртып жатқаны да кездейсоқтық емес, - дейді Талғат Мамырайымов.

Адвокат Айман Омарова «елдің өмірлік маңызды мүдделері» деген ұғымға нақты анықтама беріп, «ел үшін өмірлік маңызды» нәрсе не екенін анықтап алу қажет деп санайды.

Адвокат Айман Омарова. Алматы, 3 наурыз 2016 жыл.
Адвокат Айман Омарова. Алматы, 3 наурыз 2016 жыл.

- Шын мәнінде, кей террорлық баптар ғана емес, бюджет ақшасын жымқыру да іс жүзінде өмірлік маңызды нәрсе емес пе, өйткені адамдар әлденеден қағылады. Шындап келгенде, коррупциялық баптар да өмірлік маңызы бар мүддеге зиянды, - дейді Айман Омарова.

Оның сөзінше, конституциялық құрылысқа және елдің қауіпсіздігіне қарсы жасалатын қылмыстар үшін онсыз да қатал жазалар қарастырылған, сондықтан жаңа қылмыстық құрамдарды ойдан құрастырудың қажеті жоқ.

- Мұндай қылмыстардың бәрінің зардаптарын ауыр және аса ауыр зардаптарға жатқызуға болады, бұған қоса, әлгі өмірлік маңызды мүдделер дегенді әркім өзінше түсініп, оны билікке жақпаған кез келген адамды жазалауға қолдануға болады, - дейді Айман Омарова.

Адвокаттың айтуынша, бұл жоба да қылмыстық кодекстегі «араздық» ұғымының нақты анықтамасы жоқ әрі баптың диспозициясы түсініксіз, араздық қоздыру туралы 174-бабы сияқты болып шығуы мүмкін. Ол әлгі бап бойынша әзірше ешкімге ақтау үкімі шыққанын естімегенін айтады.

Әділет министрлігінің заң жобасы Қазақстан президентінің конституцияға жуырда енгізілген түзетулерге байланысты заңдарға өзгерістер мен түзетулер енгізу жөніндегі жарлығы аясында пайда болды. «Уақыт тығыз болғандықтан, қауырт жұмыс істеуге мәжбүр болып жатырмыз» деген әділет министрлігі өкілдері жобада ҰҚК, ІІМ және бас прокуратураның ұсыныстарын топтастырған.

Ертеректе парламент «конституциялық құрылымды, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың еркіндіктері мен құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында конституцияның 10-бабының 2-тармағына азаматтықтан айыру нормасын енгізу ұсынылды» деп мәлімдеген. Әлгі норманы террорлық қылмыс жасағаны және елдің өмірлік маңызды мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін сот шешімімен қолдануға рұқсат етіледі.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG