Accessibility links

Түрік кәсіпкері министрге пара бергенін айтты


Реза Зарраб, түрік кәсіпкері (оң жақта) және банкир Мехмет Хакан Атилла

Иранда туған түрік кәсіпкері Реза Зарраб түркиялық кейбір үкімет мүшелері мен кәсіпкерлердің үстінен өтіп жатқан АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы сотта даулы мәлімдеме жасады.

Зарраб Иранға қарсы АҚШ санкцияларын айналып өту үшін Түркияның бұрынғы экономика министрі Зафер Чаглаянға миллиондаған доллар пара бергенін айтқан.

Кәсіпкер жалпы сомасы 1 миллиард долларға тең жемқорлық схемасын жүзеге асыру үшін министрге 50 миллион доллар пара бергені туралы хабарлаған.

Ірі көлемдегі алтын бизнесімен айналысқан ол Иранға салынған санкциялық режимді бұзғанын мойындаған. 34 жастағы Зарраб БҰҰ салған шектеулерді айналып өтіп, Түркияда алтын бұйымдар сатып алып, оны курьер жалдап, Дубайға чемоданмен тасыған. Дубайда алтынды қайта ақшаға айналдырып, арнайы шоттарға салып отырған.

Зарраб БҰҰ салған шектеулерді айналып өтіп, Түркияда алтын бұйымдар сатып алып, оны курьер жалдап, Дубайға чемоданмен тасыған.

Батыс басылымдары Заррабтың мәлімдемесін америкалық судья аса маңызды айғақ санап, оның бұл соттағы "айыпталушы" статусын "куәгер" статусына айналдыруы мүмкін деп жазады. АҚШ соты Реза Заррабпен қатар, Түркияның ірі банкі Halkbank басшысының орынбасары Мехмет Хакан Атилла да "Иранға салынған санкцияны бұзды" деп күдікке ілініп отыр. Енді Зарраб тағылған айыптарды мойындап, Түркия үкіметіне қатысты мұндай мәлімдемелер жасағаннан кейін Мехмет Хакан Атилла тергеу ісіндегі өте маңызды фигурантқа айналуы мүмкін. Зарраб "санкциядан жалтару схемасы Halkbank-тің іс жүзіндегі жетекшісі болған 47 жастағы Атилла кеңесімен жасалды, ақша жуу бірнеше банк транзакциясы, соның ішінде АҚШ қаржы институттары арқылы санкцияларды бұза отырып жүзеге асты" дейді.

Оқи отырыңыз: ЗАРРАБТЫҢ ІСІ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

АҚШ прокурорының көмекшісі Сидхардха Камараджу сотта Заррабқа "мұнай мен газ саудасынан түскен Иран кірістерін АҚШ пен жаһандық банк нарықтарына көшіру үшін жоғары деңгейдегі келісімдерді ұйымдастырды, санкциялардан жалтаруға жағдай жасады" деген айыптарды оқыған.

2012-2016 жылдар арасында Иран халықаралық SWIFT төлем жүйесінен шеттетілген еді. Тегеран сыртқы әлеммен қаржы байланысын түркиялық банктер арқылы жүргізуге мәжбүр болған.

Бұрынғы министр Чаглаян ешқандай қателіктерге жол бермеді, өйткені Түркия ешқашан Иранға санкция салмады. Анкара Тегеранды маңызды сауда серіктесі санайды.
Тайып Ердоған, Түркия президенті

Түркияның бұрынғы экономика министрі Зафер Чаглаян пара алу бойынша айыпты мойындамайды. Ол Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған премьер-министр болған кезде экономика министрі қызметін атқарған.

2013 жылдың соңында түрік билігі мен басқа да тұлғалардың Иранға қарсы БҰҰ санкцияларынан жалтару ісі тергеле бастады. Зарраб сол уақытта Түркияда тұтқынға алынды, бірақ түрік билігі оны кейін босатып жіберген.

Ердоған америкалық билікті Зафер Чаглаянды айыптау туралы шешімін "қайта қарауға" шақырды. Ол "бұрынғы министр ешқандай қателіктерге жол бермеді, өйткені Түркия ешқашан Иранға санкция салмады. Анкара Тегеранды маңызды сауда серіктесі санайды" деп мәлімдеген.

Реза Зарраб бұл істегі маңызды куәгерге айналғанға дейін Ердоған бірнеше рет АҚШ билігінен оны босатуды талап еткен. Түркия министрлері бұл істі қолдан жасалған деп біледі және Заррабты жасамаған қылмысын күшпен мойындауға мәжбүрленіп, кепілде отырған адам деп сипаттайды.

XS
SM
MD
LG