Accessibility links

Қауіпсіздік қызметінің экс-басшысы "тергеліп жатыр"


Ихтиёр Абдуллаев
Ихтиёр Абдуллаев

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев отставкаға жіберген мемлекеттік қауіпсіздік қызметін басқарған Ихтиёр Абдуллаев тергеліп жатыр. Бұл туралы билік маңындағы дереккөзіне сілтеме жасаған Азаттықтың Өзбек қызметі хабарлады.

Ақпанның 11-і күні президент әкімшілігі Ихтиёр Абдуллаев денсаулығына байланысты қызметінен босатылғанын, оның орнына қорғаныс министрі болған Абдусалом Азизов келгенін мәлімдеген.

Өзбекстан билігі 52 жастағы Абдуллаевтың омыртқасына екі рет операция жасалғанын хабарлаған. Бірақ кейін мемлекеттік қауіпсіздік қызметін басқарған Абдуллаевтың үстінен іс қозғалғаны туралы ақпарат тарады.

Аты-жөнін атаудан бас тартқан үш мемлекеттік қызметкер Азаттықтың Өзбек қызметіне Абдуллаевқа қатысты іс ақпанның 8-і күні қозғалғанын айтқан. Оған пара алды және қызметін асыра пайдаланды деген айып тағылған.

Ресми Ташкент Абдуллаевқа іс қозғалғанына қатысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Ал елдің бас прокуратурасы Азаттықтың Өзбек қызметіне «бұл іске қатысты ештеңе білмейтінін» айтқан.

Өзбекстанды 27 жыл басқарған Ислам Каримов 2016 жылдың қыркүйек айында 78 жасында қайтыс болған. Осыдан кейін билікке келген Шавкат Мирзияев бірнеше шенеунікті, күштік құрылым басшыларын қызметінен алған. Абдуллаев президент Мирзияевті жақтайтын адам саналатын. Мирзияев Абдуллаевты 2018 жылы қаңтарда мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің басшысы етіп тағайындаған. Ал бұрынғы басшы Рустам Иноятовты отставкаға жіберген. Абдуллаев мемлекеттік қауіпсіздік қызмет басшылығына тағайындалғанға дейін бас прокурор болған.

2017 жылы Мирзияев бас прокуратураның жұмысын сынап, прокурорларды «ұрылар» деген. 2018 жылы ақпанда бас прокурор Рашид Кадыров қызметінен босатылып, артынан қамауға алынған. Қадыровтың ісі Ташкент сотында қаралып жатыр.

Шавкат Мирзияев.
Шавкат Мирзияев.

​Мирзияев қаржы министрлігін «жемқорлық министрлігі» деп атаған соң ведомоствоның жүздеген қызметкері жұмыстан кеткен.

Сарапшылардың айтуынша, жоғары билікке келгеніне үш жылға жуықтаған президент Мирзияев күштік құрылымдарды тазалау науқанын жүргізіп келеді.

Елдегі реформаны жалғастыруға шақырған халықаралық құқық қорғау ұйымдары соңғы кезде Өзбекстандағы адам құқығына қатысты жағдайдың оңала бастағанына мән беріп отыр. Дегенмен Орталық Азия бойынша кейбір сарапшылар Мирзияевтің қолға алған шаралары оның билігін күшейтеді деп қауіптенеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG