Accessibility links

Ташкентте бұрынғы бас прокурор ұсталды


Өзбекстанның бұрынғы бас прокуроры Рашид Қадыров
Өзбекстанның бұрынғы бас прокуроры Рашид Қадыров

Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтың билігі тұсында он бес жыл бойы бас прокурор қызметін атқарған Рашид Қадыровтың тұтқындалғаны туралы ақпарат тарады. Азаттықтың Өзбек қызметі өз дереккөздеріне сілтеп, Қадыровтың ұлы елден қашып кеткен деп хабарлады.

БҰРЫНҒЫ БАС ПРОКУРОРДЫ ТЕРГЕП ЖАТЫР

Ақпанның 22-і күні түстен кейін Өзбекстан бас прокуратурасы қызметкерлерінің бірі Азаттықтың Өзбек қызметіне (Озодлик радиосы) 66 жастағы бұрынғы бас прокурор Рашид Қадыров өзі талай жыл басқарған қадағалаушы органның ғимаратында тергеліп жатыр деп хабарлады. Оның сөзінше, Қадыровпен бірге прокуратураның бұрынғы басшылығынан тағы екі адам тұтқындалған.

Рашид Қадыровтың отбасына жақын адамдардың бірі Озодлик радиосына "бұрынғы бас прокурордың отбасы мүшелері оны қамауға байланысты қатты жабырқап отыр" деп хабарлады.

Озодлик дереккөзінің айтуынша, Рашид Қадыров "аса ірі көлемдегі мемлекет мүлкін иемденіп алған және шетел банктері арқылы заңсыз алынған ақшаның ізін жасырған" деген күдікпен ұсталып, оны тұтқынау туралы шешім қабылданған.

22 ақпанда Ташкент уақытымен сағат 20:30-да Өзбекстан бас прокуратурасы баспасөз қызметінің өкілі "хабарым жоқ" деген уәж айтып, Қадыровтың қамалғаны жайлы ақпаратты Азаттыққа растай я терістей алмайтынын мәлімдеді.

– Егер мына хабар шынымен рас болса, тым болмаса әлдебір ақпарат алып жатсақ, сіздерге мән-жайды ертең хабарлай аламыз, - деді бас прокуратура баспасөз қызметінің өкілі.

Өзбекстан бас прокуратурасын 15 жыл бойы басқарған Рашид Қадыровты 2015 жылғы сәуірде қызметінен босатқан.

2017 жылғы тамыздың 2-сі күні Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев видеобайланыс арқылы өткізген жиында прокуратура органдарын қатты сынап, прокуратура қызметкерлерін "ең үлкен ұрылар" деп айыптаған. Ол ешкімнің аты-жөнін атамай, бар кінәні бұрынғы бас прокурор Рашид Қадыровқа артқан.

- Жаңа бас прокурор тағайындап, қызметкерлерінің 80 пайызын жұмыстан қуып, прокуратура органдарын бұрынғы "қоқыстан" тазарттық. Бірақ прокуратурада бұрынғы ұры жүйеден қалған адамдардың 15-20 пайызы әлі жұмыс істеп жүр. Біз прокуратураны мұндай адамдардан ақырына дейін бәрібір тазартамыз, - деп мәлімдеген Мирзияев.

КОРРУПЦИЯ АЙЫБЫ

Рашид Қадыров бас прокурор қызметін атқарған тұстағы оның жұмысымен жақсы таныс болған өзбекстандық шенеуніктің Азаттыққа айтуынша, Қадыров Өзбекстандағы ең бай адамдардың бірі саналады. Латвия жылжымайтын мүлік реестрінің Азаттық журналистері танысып шыққан құжаттарына сәйкес, бұл елде Рашид Қадыров пен оның отбасының зәулім үйлері бар.

Азаттық дереккөздерінің сөзінше, Рашид Қадыровтың ұлы 42 жастағы Әлішер Қадыров Ташкент облысы Зәңгіата ауданында орналасқан "Asia Trade" кәсіпорнының құрылтайшысы. Бұл кәсіпорын бір рет пайдаланылатын шприцтер мен өзге де медициналық бұйымдар шығарады.

Озодлик радиосына Ташкенттегі бір-бірінен тәуелсіз бірнеше дереккөз "Әлішер Қадыровтың осыдан бірнеше күн бұрын елден кетіп қалғанын" айтқан.

КГБ ШЕКПЕНІНЕН ШЫҚҚАН КАДР

Рашид Қадыров Әндіжанда дүниеге келген. Өзбекстан ұлттық университетінің заң факультетін тәмамдаған ол 1980 жылдардан бастап Өзбек ССР-і мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) тергеу бөлімінде жұмыс істеген.

Өзбекстан коммунистік партиясы Әндіжан облыстық комитетінің бұрынғы хатшысының баласы Рашид Қадыров 1992 жылы Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, ал 1994 жылы бас прокурордың орынбасары қызметіне тағайындалған. 2000 жылы Өзбекстан бас прокуроры болып тағайындалған Рашид Қадыров бұл қызметті екі мерзім атқарып, 2010 жылы парламент шешімімен қызметінде үшінші мерзімге қалдырылған.

Рашид Қадыровтың бірінші санатты мемлекеттік әділет кеңесшісі шені бар.

(Азаттықтың Өзбек қызметінің тілшісі Сирожиддин Толибовтың мақаласы орыс тілінен аударылды.)

XS
SM
MD
LG