Accessibility links

Миллионға жуық жанкүйер, 52 мың жезөкше...


Femen ұйымының белсендісінің Еуро-2012 кубогын алып қашпақшы болған әрекеті. Киев, 12 мамыр 2012 жыл
Femen ұйымының белсендісінің Еуро-2012 кубогын алып қашпақшы болған әрекеті. Киев, 12 мамыр 2012 жыл

Маусымның 8-і күні Варшавадағы ұлттық стадионда өтетін Еуроның ашылу салтанатын 150 миллион адам теледидардан тамашаламақ. Еуро-2012 туралы қызықты статистикаға көз салыңыз.

2

Еуропа чемпионатында екі жануар ойындарға болжам жасайды. Украиналық мамандар Фунтик есімді торайдың көріпкелдік қасиеті бар деп отыр. Бұған қоса, Польшаның Краков қаласындағы зообақты мекендейтін Читта есімді піл де чемпионат ойындарында «көріпкелдің» рөлін ойнамақ. Читта биылғы Чемпиондар лигасының финалында «Челсидің» эмблемасы белгіленген ыдысты таңдап, лондондық команданың жеңіске жететінін дәл тауыпты. Естеріңізде болса, 2010 жылғы әлем чемпионатында Пауль есімді сегізаяқ талай кездесуде кімнің жеңіске жететінін дәл анықтаған.

3


Германия құрамасы Еуропа чемпионатын үш рет ұтып алған. Немістер – Еуропа чемпионатындағы ең тәжірибелі команда. 2008 жылы Еуропа чемпионатының финалына және 2010 жылғы әлем чемпионатының шешуші ойынына шыққан.

8


Бұл - Еуропа чемпионаты өтетін стадиондар саны. Еуропа чемпионатының матчтары Украинада – Донецк, Харьков, Киев және Львов, Польшада – Гданьск, Познань, Варшава және Вроцлав қалаларында ойналмақ. Чемпионаттың ашылу салтанаты Варшавада өтсе, финал шілденің 1-інде Украина астанасында жоспарланған.

9


Франция құрамасының бұрынғы ойыншысы Мишель Платини Еуропа чемпионатында осыншама голдың авторы атанған. Оның рекордын әзірше ешкім бұза алған жоқ. Бүгінде Платини – УЕФА президенті.

16


Бұл - Еуропа чемпионатына қатысатын командалар саны. Жалпы бұл турнирдің іріктеу турнирына барлығы 53 ел қатысты. Оның ішінде Қазақстан да бар. Қазақстандық құрама «А» тобында соңғы орында қалып қойды.

31


Әлеуметтік зерттеуге қатысқан Украина халқының 31% пайызы Еуро-турнир елдің имиджін жақсартпайды, кері әсер етеді деп есептейді. Украиналықтар чемпионат басталмай жатып, елдің беделіне нұқсан келіп жатыр дейді. Бұған дейін, британдық баспасөз бен BBC телеарнасы Украина елінде нәсілшілдік, жезөкшелік, саяси қуғын-сүргін мен жемқорлық өршіп тұр деп хабар таратқан еді. Бірақ сауалнама BBC-дің деректі фильмі мен мақалалалрдан бұрын жасалған.

50


Киевте Днепр өзеніндегі аралға қоныстанатын швециялық 10 мың жанкүйердің лагеріне бар-жоғы 50 дәретхана салыныпты.

65


ФИФА рейтингісі бойынша Польша құрамасы 65-орында тұр. Тізім бойынша Польша Еуроға қатысатын командалардың ең әлсізі.

70


Осыншама жыл бұрын, 1942 жылы нацистік неміс әскері мен киевтік динамошылар арасында «Өлім матчы» өтті. Осы жылы неміс әскерлері Киевті қоршауға алған еді. Қорқытып-үркітуге қарамастан матчта 5:3 есебімен украиналық команда жеңіске жетеді. Алайда кездесуден кейін Гестапо украиналық команданың бірнеше ойыншысын тұтқындап, кейбірін ату жазасына кескен. Деректер бойынша неміс офицерлері киевтік футболшыларды ойында жеңілмегені үшін жазалапты. Алайда 2005 жылы Германия соты футболшылардың өліміне матч нәтижесінің қатысы болмаған деген шешім шығарды.

241


Еуропа чемпионаты басталатын күні Украинаның бұрынғы премьер-министрі Юлия Тимошенконың қамауға алынғанына 241 күн толады. Тимошенко қызметін асыра пайдаланды деп 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Саясаткердің өзі «бұл – менен қауіптенген президент Виктор Януковичтің ісі» дейді.

300


Бұл Украинадағы Femen қозғалысына мүше әйелдердің саны. Тіркелмеген бұл феминистік ұйым тән саудасы мен жезөкшелікке қарсы шараларды жиі ұйымдастырып тұрады. Фемендіктер Еуропа чемпионаты кезінде тән саудасы қызады деп қауіптенеді. Олар екі мәрте кубокты ұрлап әкетпекші де болған.

800


Еуропа чемпионаты кезінде Киевтегі стадионға жақын орналасқан пәтердің бір күндік құны осыншама долларға тең.

1400


украиналық полицей чемпионат кезінде шетелдік туристермен тілдескен кезде арнайы электронды аударма құралын пайдаланады.

1960


Дәл осы жылы Еуропа чемпионатының негізі қаланды. Франциялық Анри Делони Еуропа елдері арасында чемпионат өткізу идеясын ұсынған.

52 000


Украинадағы жезөкшелер саны осыншама. Бұл мәліметті 2011 жылғы дерек бойынша Халықаралық СПИД-пен күрес одағы таратып отыр.

68 000


Еуропа чемпионатының финалы өтетін Киевтегі «Олимпиадалық стадионға» осыншама жанкүйер сыяды. Стадион 1923 жылы ашылған.

1 000 000


Еуропа чемпионаты кезінде Украинаға 1 миллион турист келеді деп болжанады.

150 000 000


Еуропа чемпионатының ашылу салтанатын әлемнің түпкір-түпкірінде осыншама жанкүйер телеарналардан тамашалайды. Турнирдың ашылу салтанаты Варшавадағы ұлттық стадионда ұйымдастырылады. Шара 20 минутқа созылмақ. Салтанатты жиында театрландырылған қойылымдар қойылып, венгриялық пианист Адам Гиорджи Шопеннің этюдтарын тартады.

13.4 миллиард


Украина Еуропа чемпионатына дайындық ретінде 13,4 милиард доллар қаржы жұмсаған. Рейтер агентігінің хабарлауынша, 6.6 миллард доллар мемлекет қазынасынан бөлініпті. Қалғаны – демеушілердің қаржысы.
XS
SM
MD
LG