Accessibility links

Италия маңызды жеңіске жетті


Еуро-2012 чемпионатында өнер көрсетіп жатқан Италия құрамасының соғылған допқа қуанған сәті. Көрнекі сурет
Еуро-2012 чемпионатында өнер көрсетіп жатқан Италия құрамасының соғылған допқа қуанған сәті. Көрнекі сурет

С тобынан көпшілік күткендей Италия мен Испания құрамасы ширек финалға шықты. «Скуадра адзурра» топтық кезеңдегі соңғы ойында Ирландияны ұтып кетті.

Кездесудің 35 минутында Италия ойыншысы Антонио Кассано баспен гол салып, есеп ашты. Ал ойынның соңғы минутында «супер Марио» (Марио Баллотелидің лақап аты) командаласы Андреа Пирлоның бұрыштан асырған добын кеудесінен асыра шалқая тепті - 2:0.

Кездесу кезінде Италия ойыншылары Шэй Гивен қақпасына 27 рет қауіп төндіріпті. Ал Ирландия футболшылары Буффонды бар болғаны алты мәрте мазалаған. Алаңда 38 рет ысқырық шалынып, төреші тәртіп бұзылғаны үшін ойынды жиі тоқтатты. Кездесу кезінде италиялық Кьеллини жарақаттанып қалды.

Азаттықтың сарапшысы, футбол төрешісі Еркін Шәкірұлы бұл ойынның түрік арбитры Жүнейт Шакирге ауыр тигенін айтады.

- Кездесу өте тартысты өтті. Бірақ ойыншылар алаңда тәртіпті көп бұзды. Сары қағазды да, алаңнан қуылу жағдайын да көрдік. Түркиялық төреші ойында барлығы 7 сары қағаз көрсетті. Ал ирландиялық Кит Эндрюс екі рет ескерту алып, алаңнан қуылды. Эндрюс бұл ойында өте қызуқанды ойнады. Төрешімен сөзге келіспей қалған сәтінде алаңнан кетті. Жүнейт Шакирдің қазылығына еш айтар мін жоқ. Кей сәттердегі кішігірім қателіктері болмаса, кездесуді бастан-аяқ жақсы қадағалап шықты, - дейді Еркін Шәкірұлы.

«АҚЫРЫН ЖҮРІП, АНЫҚ БАСАТЫН ИТАЛИЯ» ДЕГЕНІНЕ ЖЕТТІ

Футбол шолушысы Ермұхамед Мәулен «Бұл ойында Италия еш қиындықсыз жеңіске жетті» деді.

- Италия бапкері Чезаре Пранделли ойынға ерекше тактика құрып шыққаны көрініп тұрды. Италия құрамасы «ақырын жүріп, анық басатын» команда екенін дәлелдеді. Ойыншылар да күштерін көп жұмсаған жоқ. Екі голды да бұрыштан берілген пастың арқасында соқты. Футболшылар Ирландия құрамасының екі өрескел қателігін сәтті пайдаланып кетті. Ирландия Голландияның жолын қайталап, бұл сынды жеңіссіз аяқтады.

Ермұхамед Мәулен пайымдауынша, бұл ойында Марио Балотелли, Кассано және Пирло ерекше көзге түсті.

- Баллотелли осыған дейінгі екі ойында бапкер үмітін ақтамай, біраз ұтымды сәттерде гол сала алмаған еді. Ал бүгінгі матчта жаттықтырушы оны ойынның соңына таман шығарды. Алаңға тыңнан шыққан Балотелли өзіне берілген мүмкіндікті сәтті пайдаланды, - деді ол.

Футбол шолушысы Италия құрамасының ширек финалдағы мүмкіндігін де бағалады.

- Италия келесі кезеңде Франциямен кездесуі мүмкін. Демек, біз ширек финалда 2006 жылғы әлем чемпионатының "финалын" көріп қалуымыз ғажап емес. Ал жалпы Италияның жартылай финалға шығу мәселесін алаңдағы ойын шешеді. Франция да, Италия да бұл жарысқа өте үлкен дайындықпен келген. Егер италиялықтар француздармен кездеспей қалса, ондай Англиямен ойнауы да мүмкін. Ағылшындар да осал емес. Сондықтан ширек финалда жанкүйерлерді шым-шытырық кездесу күтіп тұр, - деді Ермұхамед Мәулен.

"ИРЛАНДИЯ ҮШІН ЕУРО-ТУРНИРГЕ ҚАТЫСУДЫҢ ӨЗІ - МӘРТЕБЕ"

Ал спорт журналисі Әзиз Оразбай бұл ойында Ирландиядан тегеурінді қарсылық күтіпті.

- Бүгінгі ойында Италияның жеңетініне сенгендер көп болды. Бірақ Ирландиядан тегеуірінді қарсылық күттік. Әйткенмен Трапатони командасының Италияға шамасы жетпеді. Ирландия бұл топтағы «ұпай таратушы» команданың міндетін атқарды. Бұл жарысқа Түркия, Болгария, Сербия сияқты елдердің келе алмағанын ескерсек, Ирландия үшін Еуропа чемпионатына қатысудың өзі - үлкен мәртебе.

Кездесуден кейін журналистерге сұхбат берген Италия бапкері Пранделли:

- Бүгінгі ойында жеңіс оңай келген жоқ. Біраз тер төктік. Бірақ жүйелі ойынның арқасында жарысты жалғастырамыз. Ширек финалда да барымызды саламыз. Ал бүгін жарақаттанып қалған Кьеллини ширек финалға дейін жазылады деп үміттенемін, - деді.

Италия футбол федерациясының президенті Джанкарло Абете ойын алдында «Пранделли ұлттық құраманы әлі екі жыл жаттықтырады» деп мәлімдеген еді.
XS
SM
MD
LG