Accessibility links

Ресей жанкүйерлерін полиция ерекше қадағаламақ


Польша полициясы төбелесіп жатқан Ресей мен Украина жанкүйерлерін ажыратып тұр. Львов, 8 маусым 2012 жыл
Польша полициясы төбелесіп жатқан Ресей мен Украина жанкүйерлерін ажыратып тұр. Львов, 8 маусым 2012 жыл

УЕФА Еуропа чемпионатында тәртіп бұзған ресейлік жанкүйерлердің үстінен тексерісті бастады. Сейсенбі күні болатын Польша-Ресей матчында сақтық шаралары барынша күшейтілді.

УЕФА Ресей-Чехия ойыны кезінде тәртіп бұзған ресейлік фанаттардың фотосуреттері мен бейнекөріністерін тексеріп жатыр. Бұған қоса, ресейлік жанкүйерлер ойын кезінде ұстап тұрған әсіре ұлтшыл плакаттар да зерттеледі. Маусымның 8-і күні өткен матч кезінде орыс фанаттары Чехия құрамасының сапындағы қара нәсілді Гебре Селассиені кемсітіп, балағаттағаны жайлы да ақпарат тарады. Бұл жайтты да УЕФА нақтылайды. Тексеру қорытындысы маусымның 13-і күні жарияланады.

ОН ЕКІСІНІҢ АТЫ БЕЛГІЛІ

Халықаралық агенттіктердің хабарлауынша, маусымның 9-ы күні Польшада тағы 4 орыс фанаты ұсталды. Олар сыраханада мас болып, тәртіп бұзған.

Ал Ресей футбол федерациясының басшысы Сергей Фурсенко маусымның 9-ы күні жанкүйерлерді сабырлыққа шақырып, үндеу жолдады. «Егер фанаттар өз қылықтарын қоймаса, Ресей құрамасына техникалық жеңіліс жазылуы мүмкін» деп ескертті Фурсенко. Ол маусымның 10-ы Варшавадағы арнайы еске алу орнына барып, ұшақ апатынан қаза болған Польша президенті Лех Качинскидің қазасын аза тұтты.
Вроцлавтағы ресейлік фанаттар. 8 маусым 2012 жыл
Вроцлавтағы ресейлік фанаттар. 8 маусым 2012 жыл

Польшаның thenews.pl вебсайты сейсенбі күнгі Польша-Ресей матчы кезінде Варшава полициясы ерекше сақтық шараларына көшеді деп хабарлады.

Жергілікті полиция 12 ресейлік тәртіп бұзған фанаттың аты-жөндерін анықтағанын, олардың тіпті болмағанда Польша шекарасынан өтер кезде бәрібір ұсталатынын мәлімдеді.

ТУҒАН КҮН ИЕЛЕРІ

Еуро-турнир кезінде жанкүйерлер бұзақылығы сияқты келеңсіз жайттардан өзге қуанышты оқиғалар да көп болмақшы. Чемпионатпен туған күндері тұспа-тұс келген футболшылар үшін бұл мезгіл шағын мерекеге айналғалы тұр.

Маусымның 9-ы күні өткен матчтарда екі ойыншы алаңда туған күнін тойлады. Олар – Голландия құрамасының футболшысы Уэсли Снейдер мен Германия ойыншысы Мирослав Клозе. Снейдер 28 жасқа толса, Клозе 34 жасқа келді. Жалпы, Еуропа чемпионаты кезінде 16 футболшы туған күнін тойлайды.

Маусымның 10-ы күні Грекия футболшысы Василис Торисидис 27 жасқа толды.
Маусымның 12-і күні Польша ойыншысы Артур Собех 22-ге келеді. 13 маусым – Флоран Малуда 32 жасқа толады.

Маусымны 15-і күні голландиялық Вилфред Баума өз туған күнін тойлайды. Ол 34 жасқа толады.

17 маусым – ресейлік Алан Дзагоевтың 22 жыл бұрын дүниеге келген күні. Дәл осы күні Джордан Хендерсон да (Англия, 22 жас) туыпты.

19 маусымда Милан Петржела (Чехия, 29 жас), 20 маусымда ресейлік Алексей Березуцкий (35 жас), 21 маусымда Костас Кацуранис (Грекия, 33 жас), 22 маусымда швед қақпашысы Пер Ханссон, 25 маусымда тағы бір швециялық Понтус Вернблум туған.

Ал маусымның 28-і күні украиналық Андрей Пятов пен швед Самуэль Хольмен 36-ға, 29 маусымда тағы бір украин ойыншысы Александр Горяинов 35 жасқа толады.
XS
SM
MD
LG