Accessibility links

Facebook компаниясын сотқа берді


Facebook желісі логотипі басқа компаниялардың белгілерінің арасында тұр. (Көрнекі сурет)
Facebook желісі логотипі басқа компаниялардың белгілерінің арасында тұр. (Көрнекі сурет)

Facebook компаниясы әлеуметтік желіде тіркелген аккаунт иелерінің ғана емес, өзге қолданушылардың да интернеттегі «жүріс-тұрысын» бақылап отырады.

Брюссель соты Facebook компаниясын жауапқа тартпақ. Бельгияның адамның жеке өміріне қол сұқпау құқын қорғайтын комиссиясы әлеуметтік желіні Еуропаның дербес деректер туралы заңын бұзып отыр деп айыптайды. Ақпан айында жарияланған ғылыми зерттеу нәтижелеріне негізделген айыптауға қарағанда, Facebook компаниясы желідегі аккаунт иелері ғана емес, ол желіге мүлде қатысы жоқ қолданушылардың да интернеттегі әрекетін бақылап отырады.

Маусымның 18-і күні Брюссельдің азаматтық соты қысқа отырыс өткізіп, қорғаушы тараптың уәжін тыңдауды 21 қыркүйекке белгіледі. Талапкер, яғни жеке өмірді қорғау комиссиясы Facebook желісінде тіркелмеген интернет пайдаланушылары жайлы ақпаратты тіркеп, бақылап отыратын "track and trace" жүйесін өшіргенге дейін әлеуметтік желіден күніне 250 мың еуро өтемақы өндіруді талап етеді.

Бейсенбі күні De Morgen газетіне сұхбатындан Бельгиядағы адамның жеке өміріне қол сұқпау құқығын қорғайтын комиссия басшысы Виллем Дебеукелар мұның символикалық сома екенін түсіндірді.

– Мүмкін, Facebook компаниясы үшін бұл мардымсыз ақша шығар, бірақ бірер күннен кейін жағдай өзгереді. Мұндай өсімақының әсері мықты болады, – дейді ол.

Тараптардың кездесуі жұма күнге жоспарланған еді. Бірақ сотта Facebook адвокаттары «сөйлесуге әзірше ерте» деген уәжбен кездесудің болмайтынын мәлімдеді. Голландияның BNR радиосына берген сұхбатында Дебеукелар «сөйлесетін күн бәрібір туатынын олардың іштері сезіп отыр» дейді.

– «Ұнайды» (I like) деген түймеше сияқты әлеуметтік плагиндері бар сайттарға кірген сайын сіздің компьютеріңізде Facebook серверлеріне екі жыл бойы сіздің желідегі әрекетіңізді автоматты түрде бақылауға мүмкіндік беретін "cookie" сияқты файлдар орналастырылады, – дейді Дебеукелар.

«Интернеттегі әлеумет мұндай бақылаудан әлдебір қолайсыздықты сезіне ме?» деген сұраққа Facebook компаниясының қарсыласы:

– Жоқ, мұндай «аңдудан» әзірше ешкім ешқандай зардап шеккені байқалмайды. Ал Facebook компаниясы «желіні пайдаланушылардың әрекетіне мониторинг жүргізу ешкімге қолайсыздық тудырмайды, компания бақылау жүргізгені болмаса, жиналған ақпаратты мүлде пайдаланбайды» деген уәж келтіреді. Олай болса, Facebook компаниясы бізді жайымызға қалдырсын. Бақылау жүргізуге бізден ешкім рұқсат сұраған жоқ әрі әлеуметтік желіге өздігімізден ешқандай ақпарат берген жоқпыз, олай болса бізді қандай негізде аңдисыздар? Бұл әрекетті доғарыңдар! Міне, біздің талабымыз осы, – деп жауап береді.

Мүмкін, әлеуметтік желідегі жұрттың өзі көбірек абайлағаны жөн шығар? Жеке өміріне қатысты ақпаратты таратуда жауапкершілікті неге өзі алмайды, яғни дербес деректерді интернетке орынсыз жариялай бермеу керек шығар?

Виллем Дебеукелардың сөзінше, желідегі әр адам өз әрекетінің салдарын ойланғаны ешқашан артықтық етпейді, бірақ оның зардабын алдын ала болжау оңай емес.

– Әлеуметтік желіні пайдалануға қатысты бүкіл нұсқаулықты мұқият оқып шықсаң да, олардың пайдасы аз екенін Бельгия мен Нидерландыда бұл тақырыпта жүргізілген зерттеу нәтижелері көрсетті. Әлгі нұсқаулықтар «қалай түсінсең, солай түсін» принципімен жазылған сияқты. Желіде жарияланған жеке деректеріміз қайда кетіп, кім пайдаланып жатқаны және желідегі бақылаудан қалай құтылуға болатынын үйрететін ақпарат мүлде жоқ. Бұл істе жеңіске жетеміз бе, белгісіз. Бір қарағанда, бұл пілдің артынан үрген қанденнің әрекеті сияқты көрінуі мүмкін. Өзге де салыстырулар келтіруге болады, – дейді Виллем Дебеукелар.

«Бұл күрес Давид пен Голиафтың шайқасына аздап ұқсайтыны рас» деген Дебеукеларөздерін Нидерланд, Франция мен Испания қолдап отырғанын айтады.

– Facebook компаниясын бірінші болып біз, яғни Бельгия сотқа берді. Бірақ желіні пайдаланушылардың жеке өмірін қорғау жұмысы әр елдің заңына сәйкес өзге елдерде де жүріп жатыр. Біз Facebook компаниясы дербес деректер жайлы Еуропа заңдарын орындағанын қалаймыз. Бұл жағынан прецедент бар – кезінде Google компаниясына қарсы процесс қозғалған. Испанияның жеке өмірге қол сұғудан қорғайтын комиссиясының талап-арызы бойынша Еуропа соты 2014 жылдың 13 мамырында Еуропа заңдарын бұзды деп танығанға дейін Google де бұл тақырыпта сөйлесуден көпке дейін қашқақтаған болатын. Ал соттан кейін бірер күн не істерін білмей дағдарып, сот шешіміне наразылығын білдірген болды, бірақ кейін «бұдан былай Еуропа заңдарын мұқият орындауға уәде етеміз» деген мәлімдеме жасаған. Google өз уәдесінде тұрды, – дейді ол.

Бір жыл бұрын Google компаниясы іздеу парақтарынан жеке өмірге қатысты шетін дербес деректерді алып тастауға келіскен. Бірақ болашақта ірі интернет компаниялары ааматтар туралы деректерді жаппай әрі автоматты түрде жинаудан бас тарта ма, жоқ па, бұл – даулы мәселе. Таяу болашақта ақпарат көлемі мен мазмұны жағынан теңдесі жоқ бұл ақпарат жасанды интеллект моделін жасау сияқты жаңа технологиялар құрастыруға пайдаланылуы мүмкін.

Азаттық тілшісі Софья Корниенконың мақаласын орыс тілінен аударған - Айжан Оралғазина.

XS
SM
MD
LG