Accessibility links

Даудың басы – саясаткерлердің амандасуы


Германия «Жасылдар» партиясының басшысы Клаудия Рот (сол жақта) пен Иран елшісі Реза Шейх Аттардың амандасуы. Мюнхен, 2013 жылдың ақпаны.
Германия «Жасылдар» партиясының басшысы Клаудия Рот (сол жақта) пен Иран елшісі Реза Шейх Аттардың амандасуы. Мюнхен, 2013 жылдың ақпаны.

Халықаралық деңгейдегі конференцияда ирандық дипломат еркек пен германиялық саясаткер әйел бір-бірімен алақандарын тигізіп амандасқан сәт эфирден көрсетілген соң жанжал басталды.

Германиядағы «Жасылдар» партиясының басшысы Клаудия Рот пен Иранның Германиядағы елшісі Реза Шейх Аттар өткен аптаның соңында Мюнхендегі қауіпсіздік конференциясында бір-бірімен алақан соғып сәлемдескен.

Әдетте саяси басшылар мен дипломаттарға тән емес, көбінесе қарапайым халықтың арасында қолданылатын сәлемдесу ишарасы камераға түсіп қалған соң елге тез таралды.

РОТ ПЕН АТТАРДЫҢ АҚТАЛУЫ

Бұл видеоны Германияның бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) бірнеше рет көрсеткен соң Иранның мемлекеттік БАҚ-ы мен блогерлері де тарата жөнелді.

Амандасу оқиғасының соңы дау-дамай мен сын ескертпелерге ұласты.



Клаудия Рот «адам құқықтарын бұзды» деп айыпталып жүрген ирандық шенеунікпен қол жанастырып сәлемдескені үшін сынға ұшырады. Германияның күнделікті «Bild» басылымы осы жылы шыраймен сәлемдесу оқиғасына орай Ротты «күні біткен адам» деп жазды.

Бұдан бұрын Иранды «адам құқықтарын таптап жатыр» деп сынап келген Роттың баспасөз хатшысы оқиғаны жұмсартуға тырысты. Ол Роттың «Иран
Түркия сыртқы істер министрі Ахмед Давудоғлы (сол жақта) мен АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтоннның амандасуы. Абу-Даби, 9 маусым 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Түркия сыртқы істер министрі Ахмед Давудоғлы (сол жақта) мен АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтоннның амандасуы. Абу-Даби, 9 маусым 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
оппозициялық қозғалысымен» бірге екенін, бірақ елшімен бірнеше жылдан бері жақсы таныс болғандықтан онымен солай амандасуға мәжбүр болғанын» айтты.

Ал Иран елшісі Аттар «Ротпен амандасқан сыңай танытқанымен, шын мәнінде қолы Роттың қолына тимегені» жайлы ұзын-сонар түсініктеме беруге мәжбүр болды.

Иран ислам республикасында ер адамдардың өзіне туыс емес әйелге бұлайша жақындауына тыйым салынған. Аттар да дипломат ретінде әйел адамның қолын қысып сәлемдесе алмайды.

Fars жаңалықтар агенттігіне сұхбат бергенде Реза Шейх Аттар Клаудия Ротпен сәлемдесу үшін жай ғана қолын көтергенін айтты.

– Шариғат заңына орай біз әйелдің қолын алып амандаспаймыз. Сондықтан да мен оған құрмет белгісі ретінде қолымды ғана көтердім. Мен оның алақанын қысу үшін қолымды созған жоқпын. Әрине, біз жақын тұрғанбыз – бірақ мен оның қолын ұстаған жоқпын, – деді ол.

Аттар «Bild» басылымын «сионистерді, Тегеран террористік ұйым деп танитын Иранның оппозициялық «Муджахедин-е Халқ» ұйымын қолдап отыр» деп айыптады.

Оның айтуынша, Германияның «Жасылдар» партиясы мен Иран адам құқтары сияқты кейбір мәселеде келісе алмағанымен, екеуі де «Муджахедин-е Халқ» ұйымы төндіріп отырған «қауіп» мәселесінде келіседі». Аттар «Муджахедин-е Халқ» ұйымы осы оқиғаны пайдаланып, Ротқа қысым көрсеткісі келеді» деп мәлімдеді.

Аттар өзіне тағылған айыпты – «Иранның солтүстік-батысындағы Күрдістан аймағында басшы боп отырған кезінде жүздеген күрд белсенділерін өлтіруге бұйрық берді» деген сөзді теріске шығарған мақала жазғанын, бірақ мақаланың әлі жарық көрмеген де айтты.

ИРАННЫҢ «ПРОБЛЕМАСЫ»

Әлемдік деңгейдегі саясаткер әйелдермен қол беріп сәлемдеспеу ережесі – Иран дипломаттарының көптен бергі проблемасы.

Олар әйелдерге көбіне қол бермей, бас изеп қана сәлемдеседі. Иран сайттары президенті Махмуд Ахмадинежадтың Египетке барған сапарында бір әйелмен қол ұстаспай, үнді салты бойынша қос қолын қусырып қана амандасқан суретін жариялаған.

Ең қызығы, «әйелдердің қолын ұстап сәлемдесуге болмайды» дейтін Иран қауіпсіздік күштері әйел шерушілермен қақтығысқан кезде бұл ережелерді сақтамайды.

Махмуд Ахмединежад 2009 жылы қайтадан президент болып сайланғаннан кейін басталған жаппай толқу кезінде қауіпсіздік қызметкерлерінің әйелдерді қолмен ұрып, сойылмен сабап, аяқпен теуіп жатқан видеолары YouTube-те көп.



Ирандағы шариғат полициясы да хиджаб тақпаған әйелдерді тұрақты түрде жазалап отырады. Үкімет басшылары бұл рейдтерді «Ислам құндылықтарын сақтау үшін жүргізіп жатырмыз» деп түсіндіреді.

Мақаланы ағылшын тілінен Сағынай Кәрім аударды.
XS
SM
MD
LG