Лондон олимпиадасына 44 елден 212 семсерлесуші қатысады. Ең көп семсерлесуші – АҚШ-тан (16 спортшы) барады. Италия мен Ресей – 15, Оңтүстік Корея – 14, Германия - 12, Франция – 11, Египет пен Ұлыбритания 10 адамды жарысқа шығарады.
Лондон олимпиадасында семсерлесуден 10 комплект жүлде бөліске түседі. Бұл сайыс семсер, қылыш, рапира атты үш бағдарламаға бөлінеді.
ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҮШ СПОРТШЫ
Қазақстандық спортшылар семсерлесуден сайысқа түседі.
Элмир Әлімжанов олимпиадаға семсерлесу бағдарламасы бойынша қатысады. Ол – жасөспірімдер арасындағы 2006 жылғы әлем чемпионы (бұл атақты командалық жарыста жеңіп алды), ересектер арасында үш дүркін Азия чемпионатының күміс жүлдегері (2008, 2011, 2012), 2012 жылы Эстония астанасы Таллинн қаласында өткен әлем кубогының қола жүлдегері.
Спортшы әлемдік рейтингте оныншы орында тұр. Олимпиада жолдамасын Халықаралық семсерлесу федерациясының рейтингіндегі осы көрсеткіш бойынша алды.
Дмитрий Алексанин шпага бойынша жарысқа қатысады. Халықаралық семсерлесу федерациясының Азия құрылығына бөлген екі жолдамасының бірі осы спортшыға бұйырды. Ол ірі халықаралық жарыстарға алғаш рет қатыспақ.
Элмир Әлімжанов пен Дмитрий Алексаниннің басты қарсыластары – Паоло Пиццо (Италия, 2011 жылғы әлем чемпионы), Николай Новосжолов (Эстония, 2010 жылғы әлем чемпионы), Гаутиер Грумер (Франция, үш дүркін әлем чемпионы), Жун Жин Сун (Корея, 2010 жылғы Азия ойындарының чемпионы).
Юлия Живица – қылыштасудан сынға түсетін, алматылық 22 жастағы спортшы. Ол олимпиада жолдамасын Жапонияның Вакаяма қаласында өткен іріктеу жарысында иеленді. Азия чемпионы (2008 жыл, Сингапур), құрылық біріншілігінің жеңімпазы (2009 жыл, Филиппин). Азия ойындарының қола жүлдегері (2010). Олимпиада ойындарына алғаш рет қатыспақ.
Лондон олимпиадасында Юлия Живицаға ресейлік София Великая (төрт дүркін әлем чемпионы), украиналық Ольга Харлан (Пекин олимпиадасының чемпионы) сынды мықты спортшылар қарсылас болады.
Ұқсас
Жаңалықтар
Көз сала отырыңыз
-
СПИД-пен күрес күні
"ВИЧ адамның мінез-құлқын сипаттамайды". Ауру – үкім емес