Accessibility links

Ресей әскері шұлғаудан құтылмақшы


Шұлғау орауды үйреніп жатқан балалар. Красноярск, 3 қараша 2010 жыл.
Шұлғау орауды үйреніп жатқан балалар. Красноярск, 3 қараша 2010 жыл.

Ресейдің жаңа қорғаныс министрі Сергей Шойгу солдаттарға шұлғау орауға тыйым салып, жыл соңына дейін одан құтылуды тапсырды. Ал Қазақстан сарбаздары шұлғауды 2011 жылы шешкен.

– 2013 жылдың соңына дейін «шұлғау» деген сөзді ұмытуымыз керек. Шұлғауды жаңа шұлықтармен алмастырған жөн. Бізде солдаттарға жағдай жасалып отырған жоқ. Сондықтан алдымен шұлғау мәселесін шешуіміз тиіс. Керекті қаражатты министрлік бөлуге дайын, – деді Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу қаңтардың 14-і күні өткен жиында.

«ШҰЛҒАУ ОРАУ – ЕРЕКШЕ ӨНЕР»

Сергей Шойгу Ресейде шұлғауға қарсылық білдірген бірінші министр емес. Шойгуға дейін қорғаныс министрі қызметін атқарған Анатолий Сердюков та бірнеше рет шұлғауды тастап, әскерлерге оның орнына шұлық кигізуді ұсынған еді.

«Сарбаз аналары» қоғамдық қорының өкілдері де шұлғауға қарсылық білдірген.

Ресей әскерінде аяққа шұлғау орау Бірінші Петр патшаның кезінде басталған. Патша Нидерланд корольдігіне барғанда ондағы солдаттардың аяғына оралған шұлғауды көріп, кейін өз әскерлеріне де аяқтарына шұлғау орауды бұйырған.

Шұлғауды жақтаушылардың айтуынша, ол – аяққа ыңғайлы және аяздан қорғайтын киім. Ал соғыс ардагерлері «шұлғау орау – ерекше өнер, шұлғау – нағыз сарбаздың белгісі» дейді.

Бұл киімді сынаушылар ойынша, шұлғау аяққа ауа өткізбей, терлетеді.

«ҚАЗАҚСТАНДА ШҰЛҒАУ ЖОҚ»

Қазақстан қорғаныс министрлігінің өкілі Сәуле Смағұлованың айтуынша, бұл елде әскерлер шұлғауды 2011 жылдан бері орамайды.

– Қазақстанда солдаттар шұлғау орамайды. Оның орнына арнайы шұлық киіп жүр. Жазда жұқа, қыста жылы шұлық беріледі. Бұл шұлықтар Қазақстанның өзінде жасалады. Жыл басында тендер өтіп, жеңген компаниялар тігеді, – деп жауап берді министрлік өкілі.

2012 жылдың қарашасында әскерден келген екібастұздық Сүйінбай Қабылов әскерде шұлғау орамағанын айтады.

– Әскерде аяққа шұлғау ораған жоқпыз. Оның орнына шұлық кидік. Шұлықты апта сайын беріп тұрды. Кәдімгі шұлықтан еш айырмашылығы жоқ. Бірақ өте ыңғайлы. Жазда аяқты ыстықтатпайды, қыста тоңдырмайды, – дейді Алматы облысында әскерде болған жігіт.

ВИДЕО: Шұлғау орауды үйретіп тұрған адам

XS
SM
MD
LG