Accessibility links

Түркияның географиялық амбициясы


Түркия (сол жақта) мен Еуропа одағының туралы. (Көрнекі сурет)
Түркия (сол жақта) мен Еуропа одағының туралы. (Көрнекі сурет)

«Түркия басшысы Таяу Шығыста ықпалды геосаяси ойыншыға айналу арқылы Еуропаға сөзін өткізуді көздейді» дейді Stratfor сарапшылары.

Еуропа мен әлемнің басқа да бөліктерінде басшылардың бірі келіп, бірі кетіп жатқанда, он жылдан бері Түркия премьер-министрі болып отырған Режеп Тайып Ердоғанның амбициясы аспандап тұр. Бәлкім, белсене әрекет етіп, Батыстың қолайына жақпай отырған одан басқа жалғыз тұлға – Ресей президенті Владимир Путин ғана болар» деп жазады Stratfor («Стрэтфор») сарапшылары Роберт Каплан мен Рева Балла.

КЕМАЛИЗМ МЕН НЕОЦАРИЗМ

Ердоған мен Путинді бұлай құлшына әрекет етуге итермелеп отырған – геосаясат. Ресей басшысы Шығыс Еуропа мен Кавказды буферлік аймақ ретінде пайдалануға тырысып бақса, Түркия басшысы Таяу Шығыста ықпалды геосаяси ойыншыға айналу арқылы Еуропаға сөзін өткізуді көздейді. Сарапшының сөзімен айтсақ, «Ердоғанның проблемасы – Түркияның Шығыс пен Батыстың аралығындағы географиялық орналасуы. Оның осал тұсы да, артықшылығы да – осы. Ол кейде шектен шығып кетіп жатады. Бірақ бұл әрекеттері – тарихи әрі географиялық тұрғыдан қисынды».

Бірінші дүниежүзілік соғыста жеңілген Осман империясы біраз жерінен, ықпал ету аймақтарынан айырылып қалды. Қожыраған елдің басын қайта біріктіріп, Анадолыда жаңа түрік мемлекетін құрған Мұстафа Кемал Ататүріктің басты мақсаты елді Шығыстан гөрі Батысқа қарай интеграциялау болды. Бір этносты Түркия республикасында басқа ұлттардың барлығы «түріктер» деп аталды. Мәселен, күрдтерге «тау түріктері» деген айдар тағылды. Сөйтіп жеңілген Осман империясының көп мәдениетті құрылымы келмеске кетіп, оның орнына Еуропаның бір бөлігі болып көрінуге тырысқан жаңа зайырлы қоғам орнады.

«Кемализм тек этностық азшылықтардан ғана емес, араб әліпбиінен де бас тартты. Түрік тілін латын қарпіне көшіру елдегі сауатсыздық деңгейін арттырып жіберуі мүмкін еді» дейді мақала авторлары.

Сарапшылар қазіргі Ресейде болып жатқан өзгерістерді Ататүріктің реформаларымен салыстырады. «Кемализм – қарулануға шақыру (яғни түріктердің Севр шартына әскери қарсылық) болса, Путиннің неоцаризмін 1990-жылдары Ресейді жайлаған Борис Ельциннің анархиясына қарсы реакция десек болады» дейді сарапшылар.
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған. Стамбул, 3 желтоқсан 2012 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған. Стамбул, 3 желтоқсан 2012 жыл.

ӨЗАЛДЫҢ САЯСАТЫ

Бірақ Түркияның Батысқа бұрылу саясаты екі құрлықтың ортасында отырған бұл елдің географиялық орналасу ерекшелігіне қайшы келді. «Өзгеріс қажет болды. 1983 жылы премьерлікке сайланған, суфизм бағытын ұстанатын Тұрғұт Өзал осы өзгерісті жүзеге асырды» дейді мақала авторлары.

Өзал саяси тәжірибесінің арқасында ішкі және сыртқы саясат билігін қатаң кемалистік бағыттағы әскерилерден қайтарып алды. Ататүріктен кейінгі басшылар Түркияны Еуропаның бір бөлшегі деп қана сипаттап келсе, Өзал елін Эгей теңізінен Қытай қорғанына дейінгі аймаққа ықпал жүргізетін саяси күш ретінде суреттеуге көшті.
Түркияның бұрынғы президенті болған Тұрғыт Өзал.
Түркияның бұрынғы президенті болған Тұрғыт Өзал.

«Өзалдың пайымдауынша, Түркия Шығыс пен Батыс арасында таңдау жасамауы керек. Түркия географиялық тұрғыдан екі құрлықта да орналасқандықтан, саяси тұрғыдан екі әлемге сіңісе білуі тиіс» дейді сарапшылар. Өзал исламды қайтадан биік тұғырға көтерді. Ол АҚШ-ты қатты қолдай отырып, исламшыл ұстанымын да берік сақтап қала алды.

Ең бастысы – Өзал Түркияны мұсылман әлеміндегі зайырлы исламның көшбасшысы жасауға күш салып, Мұстафа Кемал Ататүріктің «панисламизм Түркияны әлсіретеді және оны державалардың жемтігі етеді» деген тұжырымын жоққа шығарды. Сондықтан Өзал билігінің соңғы жылдары «нео-оттоманизм» термині қолданыла бастады.

ЕРДОҒАННЫҢ ДӘУІРІ

«Тұрғұт Өзал 20 жылдан кейін исламшыл саяси тұлға Ердоғанның билікке келуіне жол салып берді» дейді Stratfor сарапшылары. 2002 жылы парламенттегі орындардың басым көпшілігін жеңіп алған «Әділет және даму партиясы» Өзалдың орташыл-оңшыл «Отан» партиясынан гөрі ашық діни ұстанымымен белгілі. «Өзал мен Ердоған бір кезеңнің бастапқы және соңғы тұлғалары іспетті. Екеуінің саяси көзқарастары бір – Кемализм дәстүрінен барынша алшақтау» дейді авторлар.
Ердоған Ататүрікше әскери күшке емес, Өзалша мәдени және экономикалық байланыстарға арқа сүйейді.

Ердоған Ататүрікше әскери күшке емес, Өзал сияқты мәдени және экономикалық байланыстарға арқа сүйеп, Солтүстік Африкадан Иран жазығына, Орталық Азияға дейінгі аралықта «өзі мейірман, өзі қырағы Осман империясын» қайта тірілтуге күш салып жатқан сыңайлы. Сарапшылардың ойынша, Батыстағы әйгілі ислам зерттеушілерінің бірі Маршалл Ходжсонның (Чикаго университеті) «ислам – әу баста саудагерлердің діні болған, шөл даладағы оазистердегі діни байланыстарды сауда және саяси байланыстарға ұластырған» деген сипаттамасы қазіргі заманға да келіп тұрған сыңайлы.
Тауға Түркияның картасын сызып, Ататүріктің "Түрікпін деген адам неткен бақытты" деген сөзін жазып қойған. Түркия, Түнжелі өлкесі, 23 сәуір 2013 жыл.
Тауға Түркияның картасын сызып, Ататүріктің "Түрікпін деген адам неткен бақытты" деген сөзін жазып қойған. Түркия, Түнжелі өлкесі, 23 сәуір 2013 жыл.

Ердоған Түркияның зайырлы ислам арқылы Таяу Шығысқа ықпал жүргізу жоспарына кедергі көп екенін түсінеді. Әзірше Анкараның бұл істі орындауға саяси әрі әскери әлеуетінің қаншалық жеткілікті екендігі де беймәлім. Ең алдымен Түркия шығыстағы көршілерімен сауда қатынасын арттыруға күш салып көрмек – бірақ айналым көлемі бәрібір Еуропа елдерімен арадағы сауда мөлшеріне жетпейді.

Кавказ бен Орталық Азияда географиялық және тілдік туыстық көмекке келеді. Алайда Путин Орталық Азияға бұрынғыдан да қатты ықпал етіп, ал Грузияда айлалы саяси амалдар жасау арқылы Әзербайжанды өте ыңғайсыз жағдайға түсірді. Месопотамиядағы Түркияның ықпалы Ирандыкімен салыстыруға келмейді.

Ердоған «Сирияда алауит тайпасынан шыққан Башар Асадты биліктен тайдырып, орнына оппозициядағы сүнниттерді қоямыз» деп қателесті.

Израильді сынау арқылы араб әлемінде ұпай жинаған Ердоған мұның кесірі өзіне келіп тиетінін ойламаса керек. Израиль қазір Грекиямен тіл табысып, олар даулы Кипрде мұнай өңдеуге бірлесе кірісіп жатыр.

КҮРД МӘСЕЛЕСІ

Түркияда географиялық мәселе де бар. Түркия басқа Таяу Шығыс елдеріне дәл Ирандай етене жақын орналаспаған. Оның үстіне латын қарпін пайдаланатындықтан, араб қарпін пайдаланатын Солтүстік Африка аймағына мәдени ықпалы аздау. Бірақ ең қиыны – үкіметтің Таяу Шығысқа ықпал ету шараларына кедергі болып отырған іштегі күрд диаспорасы.
Шеруге шыққандар мен полицияның қақтығысы. Стамбул, 1 мамыр 2013 жыл.
Шеруге шыққандар мен полицияның қақтығысы. Стамбул, 1 мамыр 2013 жыл.

Ердоған аймақта ықпалын арттыру үшін күрд мәселесін реттеп алуы қажет екенін түсінеді. Ол тіпті күрдтерге жартылай автономия мәртебесін беруді көздейтін «уәлаят» терминін де айтып қалды. Күрдтерге автономия беру түйінді шешуге көмектескенімен, ел ішіндегі ұлтшылдарды ашуландыруы мүмкін. Бірақ мұндай ұсыныстың өзі кемализм идеясының түп негізіне қарсы шығады.

Бірақ Ердоғанның әскерилерді қалайша әлсіреткенінің өзі оның саяси әлеуетінен хабар береді. Мұны осыдан он жыл бұрын көзге елестетудің өзі қиын болатын. «Батыс элитасы Путинге шарасыз түрде кекесінмен қарап отырғанда, Ердоған ондай кездесулерде әлденені құштарлана түртіп алып жатады» деп сипаттайды Stratfor сарапшысы.
XS
SM
MD
LG