Accessibility links

Батыс елдері Түркиядағы демократияның дамуына алаңдайды


Түркия премьер-министрі Режеп Тайып Ердоған парламентте сөйлеп тұр. Анкара, 9 қазан 2012 жыл.
Түркия премьер-министрі Режеп Тайып Ердоған парламентте сөйлеп тұр. Анкара, 9 қазан 2012 жыл.

The Independent («Индепендент») басылымында жарық көрген мақала осы тақырыпқа арналған. Автор Түркия премьер-министрі Ердоғанның журналистерді түрмеге қамағанын сынайды.

Желтоқсанның 10-ы күні жарық көрген мақала авторы Хью Робертс «Түркия қай жаққа бағыт алды?» деген сауал қояды.

«Еуропа мемлекеттері экономикалық дағдарысты бастан өткеріп жатыр. Ал Түркияға көктем келген сияқты. Соңғы он жылда оның экономикасы екі есе дамыды. Көрші мемлекеттер түріктер түсірген фильмді түріктер жасаған теледидардан көреді. Ал шенеуніктері «әлемдік аренадан ойып орын алдық» деп сенімді түрде мәлімдейді» деп жазады автор.

Робертстің пікірінше, «Европа одағы мен Түркия арасындағы байланыс ушығып барады. Түріктер енді бұлталақтай алмайды, уәдесін (демократияны дамыта түсуді айтады - ред.) орындайтын кезі жетті. Енді түрік басшылары мен Батыс саясаткерлері бағытты өзгертуге тиіс».

ЕРДОҒАННЫҢ РЕФОРМАСЫ

Мақала авторының жазуынша, «Түркия премьер-министрі Ердоған билікті қолына алғанда Түркиядағы демократияның ұзақ тарихы сәтті аяқталатындай көрінген».

Түркияда әскерилердің қоғам бақылауына алынуы, елдегі аз ұлттармен татуласуға қадам жасалуы, түрмедегі азаптаулар мен өлім жазасының тоқтатылуы Еуропа одағына мүше болу үшін жасалған.
АҚШ президенті Барак Обама мен Түркия премьер-министрі Режеп Тайып Ердоған.
АҚШ президенті Барак Обама мен Түркия премьер-министрі Режеп Тайып Ердоған.

Автор «Еуропа одағына қосылудың ресми келісімдері басталған соң Түркияның мүше боламын деген ниетіне әуелде кекесінмен қараған елдер көзқарасын өзгертті. Алдымен АҚШ президенті Обама «серіктестік үлгісін» көрсетіп, сайлаудан кейінгі шетелге сапарын Түркиядан бастады» дейді. Робертстің болжауынша, Түркия «бүлікшіл аймақтар бас көтерсе, АҚШ көмектеседі» деп үміттенеді.

Алайда мақала авторы «Қазір Ердоған журналистерді түрмеге қамаудан алдына жан салар емес. 76 тілші темір торға қамалды. Конституциялық реформа оның өзімшіл менмендігіне қызмет ететін құралға айналды» деп жазады.

«Үкімет халық қолдауына ие болу үшін экономиканы өркендетуі керек. Жаңа реформа Түркияның ресурстарының бірі – жастарға көңіл бөлуге тиіс. Бірақ елдегі саяси мәселелермен салыстырғанда ол түк емес. Егер Түркия үшін Ердоған мырза жауап бермесе, ел атасы болып саналатын Мұстафа Кемаль Ататүрікке сыйынғаннан пайда жоқ. Елдегі этникалық бөлініс тағы да қанды қырғынға ұласуы мүмкін. Түркияда 15 миллион күрд тұрады. Оларды бейбітшілікте ұстап тұру үшін тілі мен этностық ерекшелігін мойындау керек» дейді автор.

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯНЫҢ МАҚСАТЫ

Автордың пайымдауынша, «Түркияның жаңа конституциясының мақсаты – Ердоғанның мансабын арттыру емес, елдегі плюрализмді мойындау. Ол үшін Батыстан сабақ алу міндет емес, түріктер Бразилия мен Үндістанның гүлденген демократиясына қараса да жеткілікті».
Түркия конституциясының мақсаты – Ердоғанның мансабын арттыру емес, елдегі плюрализмді мойындау. Батыстан сабақ алу міндет емес, Бразилия мен Үндістан демократиясына қараса да жеткілікті.


Робертс соңғы кезде Таяу Шығыстағы демократияға қатысты көптеген пікірлер айтылып, мыңдаған адам сол үшін құрбан болғанын ескертеді.

«Соңғы екі жылда бірнеше мемлекет саяси ұстанымдарын өзгертті. Бірақ Таяу Шығыста ешқашан мұсылман демократиясы орнамаған. Түркияда өзгеріс орнамаса, ештеңе болмайды да. Түркия басшылары өздерінің жетістігіне тағы бір мәрте көз жүгіртсін: олар қадамдарын жақсы бастап, кейін жүрісінен жаңылды» деп аяқталады Independent-тегі мақала.

Баспасөз шолуын әзірлеген Динара Мәзен.
XS
SM
MD
LG