Accessibility links

Интернет-тыңшылық дауы автократтарға қолайлы


АҚШ-тың құпия интернет-бақылау бағдарламасына наразылық білдіріп тұрған германиялық демонстратор. Гамбург, 11 шілде 2013 жыл
АҚШ-тың құпия интернет-бақылау бағдарламасына наразылық білдіріп тұрған германиялық демонстратор. Гамбург, 11 шілде 2013 жыл

АҚШ үкіметінің интернет-ресурстар арқылы тыңшылық жасау бағдарламасы жұртқа жария болғаны автократ басшылар үшін интернет еркіндігін шектеуге жақсы сылтау болуы мүмкін.

АҚШ Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің (NSA) интернет-тыңшылық бағдарламасы ел ішінде қызу пікірталас тудырса, Вашингтонның одақтастары ойға қалып, ал Обама әкімшілігі жанталаса ақталуға кірісті. Бірақ бұл әлемдегі кейбір авторитарлық режимдер үшін «іздегенге – сұраған» оқиға болып шығуы мүмкін.

«ИНТЕРНЕТТІ БӨЛШЕКТЕУ»

Интернет сарапшыларының айтуынша, шетелдіктердің онлайн әрекеттерін Facebook, Google, Skype және басқа да америкалық компаниялардың көмегімен бақылауды көздейтін құпия бағдарлама репрессияшыл режимдердің ойынан шығуы ықтимал. Құпияның жария болуы олардың интернет бостандығын шектеу бағдарламаларын ақтап алуы және жаңа шараларды қолға алуы үшін таптырмас олжа болмақ.

Киберкеңістік, ғаламдық қауіпсіздік және адам құқықтары арасындағы қарым-қатынасты салыстыра зерттейтін әлемдегі беделді ғылыми орталықтардың бірі – Торонто университетіндегі Азаматтық зертхана директоры Рональд Дейберттің айтуынша, АҚШ интернет бостандығына қатысты жоғары моральдық негіздеменің деңгейін түсіріп жіберді.
Торонто университетіндегі Азаматтық зертхана директоры Рональд Дейберт
Торонто университетіндегі Азаматтық зертхана директоры Рональд Дейберт

- Басқа мемлекеттер осыған дейін АҚШ-тың қолына құрылымдық тұрғыдан үлкен билік беріп, өздерінің телекоммуникациялық желілерін Американың тыңшылық бағдарламаларына «жығып беріп» келгенін түсінген соң осы олқылықтың орнын толтырып, өздерінің ұлттық желілерін ашып, оны өз елінің аумағында бақылауға әрекеттене бастайды. Бұл интернетті бөлшектеуге әкеп соқтырады. Бұл оқиғаның объективті салдары осындай болуы мүмкін, – дейді Дейберт.

Қазірдің өзінде Солтүстік Корея мен Кубаның өз «ұлттық» интернеттері бар, Иран да осындай ішкі жүйесін жасап жатыр деген ақпарат бар.

«ТРАНСҰЛТТЫҚ ИНТЕРНЕТ-КОМПАНИЯЛАРДЫ БАҚЫЛАУ»

АҚШ-тағы бұл дау адам құқықтары жиі бұзылатын Ресей сияқты елдерде қазірдің өзінде интернетті бақылау туралы үндеулерге арқау болып жатыр.

Шілденің 14-і күні The New York Times басылымына берген сұхбатында Ресей парламенті жоғарғы палатасының депутаты Руслан Гаттаров: «Біз Google, Microsoft, Facebook сияқты трансұлттық компанияларды тез арада мемлекеттік бақылауға алуымыз керек» деген. Оның айтуынша, Эдвард Сноуденнің сабағы осындай шара қолдануға итермелеп отыр. NSA-дің бұрынғы қызметкері Сноуден Америкада осындай жасырын бағдарламаның бар екенін жұртқа жариялағаны белгілі.

Ресейде және әлемнің басқа елдерінде жұмыс істеп жатқан АҚШ-тың Интернет компаниялары қазірдің өзінде мәліметтерімен бөлісуді талап еткен үкіметтік мекемелер мен құқық қорғау органдарының қыспағына ұшырай бастады. Сарапшылардың айтуынша, мұндай қысым әлі де күшейе түспек.
«Ақпараттық қоғамды дамыту комиссиясын» құрушы Руслан Гаттаров
«Ақпараттық қоғамды дамыту комиссиясын» құрушы Руслан Гаттаров

NSA-дің құпия әрекеттері белгілі бола салысымен «Ақпараттық қоғамды дамыту комиссиясын» құрған Руслан Гаттаров Facebook, Twitter және Yahoo компаниялары мәліметтерді қорғау туралы жергілікті заңдарды бұзған-бұзбағанын және олардың қолданушылармен арадағы келісім-шарттарын өзгерту қажеттігін тексеруді бастайтынын мәлімдеген.

Ресей Мемлекеттік думасындағы билік басындағы «Единая Россия» партиясы фракциясы төрағасының орынбасары Сергей Железняк мұндай компаниялардың ресейлік интернет пайдаланушылар жайлы мағлұматтарды ел ішіндегі серверлерде сақтауға міндеттейтін заң қабылдау қажет деген пікір білдірді.

Дейберттің айтуынша, АҚШ-тағы тыңшылыққа қатысты бұл жағдай киберкеңістікті басқару туралы халықаралық келісімді қабылдау мәселесін қайта көтеруге түрткі болуы мүмкін. Интернет бостандығын жақтаушылар мен батыс елдерінің үкіметтері мұндай құжаттың қабылдануына қарсы болып келген. Интернет кеңістігіндегі «ар-ұждан кодексін» қабылдау туралы ұсынысты бұл саланы мемлекет тарапынан бақылауға алу керек деп санайтын Қытай, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан елдері 2011 жылы БҰҰ Бас ассамблеясының басқосуында айтқан болатын.

- Ресей мен өзге де елдердің бұл ұсынысы саяси пиғылды көздегендіктен қолдау таппай қалған. Енді АҚШ-тың құпиялары ашылған соң бұл тақылеттес бастамалардың қайта көтерілері сөзсіз және АҚШ жақтап отырған интернет бостандығы идеясына күмәнмен қарайтын көп елдің қолдауына ие болуы да ғажап емес, – дейді Дейберт.

«АҚШ БАСТАП ҮЛГІ БОЛУЫ ТИІС»

Сарапшылардың пікірінше, АҚШ-тың мұндай тыңшылық бағдарламаны «елді террорлық шабуылдардан қорғауға көмектесу мақсатында заңды түрде мақұлданған» деп ақтауға тырысуын да репрессиялық үкіметтердің өз мүдделері үшін пайдалануы мүмкін. Қытай, Өзбекстан мен Беларусь сияқты елдер ұлттық қауіпсіздікті желеу етіп бұрыннан-ақ онлайн-цензура орнатқан еді.
АҚШ-тағы тыңшылыққа қатысты бұл дау киберкеңістікті басқару туралы халықаралық келісімді қабылдау мәселесін қайта көтеруге түрткі болуы мүмкін.

Вашингтондағы «Жаңа Америка» қорының интернет бостандығы мәселелері бойынша маманы Ребекка Маккиннон АҚШ әлі де болса шет мемлекеттердің қалыптасқан жағдайды өз мақсаттарына пайдаланбауы үшін әрекет етіп көруіне болады. Бұл үшін жаңа реформаларды қолға алып, жауапкершілікті күшейту керек дейді ол.

- АҚШ үкіметі құпия мәлімет жинау және ұлттық қауіпсіздік жүйесін конституцияда кепілдік берілген тежеу және тепе-теңдік жүйесіне толық сәйкестендіргенде ғана басқа елдердің біздегі олқылықты пайдаланып, жауапсыздық танытуына жол бермейміз. Өзіміз үлгі болып бастамайынша, ахуалдың жақсаруы екіталай, - дейді Маккиннон.

NSA-дің құпия бағдарламасы төңірегіндегі шуға байланысты шілденің 17-і күні өткен Конгрестегі отырыста АҚШ сенаторлары үкіметтің тыңшылық бағдарламасын қадағалауды күшейтуі туралы бастама көтерді. Кей конгресмендер тіпті үкіметтің бұл бағдарламаны пайдалануына тоқтау салу керек деген де ой айтты.

Ричард Солаштың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.
XS
SM
MD
LG