Accessibility links

Ресейде жақында баспадан жарық көрген "Енисей немістері. Отбасылық тарих" ("Енисейские немцы. Семейные истории") кітабына Красноярск өлкесіне депортацияланған немістерден алынған 40 сұхбат енген. 2003-2007 жылдары олардың әңгімесін өлкенің шалғай ауылдарына арнайы экспедициямен барған Енисей педагогикалық колледжі студенттері жазып алған.

Жер аударылғандардың балалары
Жер аударылғандардың балалары

"КӨРЕСІМДІ БАЯҒЫДА КӨРГЕНМІН"

"Бала болдық, әке-шешемізбен бірге жер аударылдық. Ол кезде солай істеу керек болған шығар". (Ф.Д.Арнд естеліктерінен).

"Сібірге бұзау таситын вагонмен жеттік. Сабан төселген нардың үстінде ұйықтадық, әжетхана болған жоқ. 3-4 тақтайдан қоршау қалқалап, ішіне шелек қойып, әжетхананы өзіміз жасап алдық. Вагонда әйелдер мен ер адамдар бірге жатты. Айнала кір-лас. Жол-жөнекей адамдар өліп жатты, мәйіттерді поезды тоқтатпастан, вагоннан лақтырып отырды". (Шекк Э.Х.)

"Бізді сол кезде жер аударғандарына қазір қуанамын, өйткені аштық жайлаған Волгада жағдайымыз мүшкіл болды ғой, егер ол жақтан көшірмегенде күніміз не болар еді". (Абих Э.Ф.)

"Енисей немістері. Отбасылық тарих" кітабынан үзінділер.

– Сібірде мұндай экспедициямен баратын жер табу қиын емес. Біздің жаққа бәрін - "раскольниктерден" (христиан дінін ескі дәстүр бойынша ұстанушылар – ред.) бастап "олимпиадалық бомждарға" (2014 жылғы Сочи олимпиадасы кезінде үйсіз-күйсіз жандарды қаладан қууды айтады) дейін жер аударады ғой. Негізі, кез-келген экспедиция жолға шығардан көп бұрын басталады. Яғни баруға жиналып жатқан елдімекенде қандай фольклорлық, этнографиялық дәстүрлер сақталғанын, әңгімелескіміз келетін қанша адам тұратынын, олардың жас шамасы қаншада екенін, аялдайтын орынды күнібұрын анықтап аламыз. Осындай көп нәрсені ескеруге тура келеді, - дейді жоба жетекшісі әрі Енисей педагогикалық колледжі оқытушысы Ирина Моисеева.

Ирина Моисеева
Ирина Моисеева

– Сіздер барғанда ол жақтағы адамдар өткен өмірлері жайлы бар ынтасымен айтып бере ме?

– Әрқалай болады. Әркімнің мінезі, сөйлесуге деген құлқы әрқалай болады. Біреулері студенттердің "Тарих оқулықтарында көп жайттар жазылмаған. Ал жазылғандардың кейбірі - өтірік. Ақиқатын сіздер ғана білесіздер. Бізге шындықты айтып беріңізші. Оны біздің де білгіміз келеді" деп қиылып сұрағанына мәз болып қалады. Ал енді біреулері сырласуға өздері зәру. Біреулеріне шаруаға, бақшаны баптауға қолқабыс етейік дейміз.

Адамдар қуана-қуана әңгімелесе ме деп сұрап отырсыз ғой. Ал олардың орнына өзіңізді қойып көріңізші. Олардың орнында болсаңыз, бастан кешкендеріңізді айтып беруге келісер ме едіңіз? Мысалы, күресіннен картоптың қабығын қалай тергеніңізді немесе көкөніс алқабындағы жұмыстан кейін қазып алған әлдебір тамырды бала-шағасына тығып апара жатқан жоқ па деп көйлегіңіздің етегін көтеріп қалай тексергенін... Колхоздың жібін ұрлап, шәлі тоқығаныңызды айтып беруге батылыңыз жетер ме еді? Бір оқиға есіме түсіп отыр. Бір әжей - жақсы араласатын таныс әйелдің шешесі (өзі Мәскеуде тұрған, балалық шағы Александр бағында өткен, кейін фашистердің тұтқынында болған, қызын "АЛЖИР" лагерінде туған, қысқасы, ғұмыры бір сериалдың сюжетіне жүк болады) маған бәрін айтып беруге, жас кезінде анасы тігіп берген сәнді көйлегін көрсетуге уәде еткен. Нағыз "бомбаға" айналатын сұхбат алатын болдым деп дәмеленіп, әрі әлгі көйлекті маған сыйлауға көндіру үшін сөздерімді ойша әзірлеп жүргенмін... Келіскен күні бірінші рет барғанымда ол сырқаттанып қалдым деді. Екінші рет барғанымда бақшамда жұмысым көп, уақытым жоқ деп қайтарып жіберді. Ал үшінші ретінде "Көресімді баяғыда көріп қойғанмын, айтуға тиіс нәрсенің бәрін айтқанмын. Енді кет!" деді. Әлгі оқиғаны ол кісіге еш ренішсіз, өзімді жазғырып қана еске аламын. Сол кезде көзінде қаншама мұң, нала тұрды.

Экспедиция кезіндегі сурет
Экспедиция кезіндегі сурет

"Ешкім бізді үйіне кіргізгісі келмеді. Бәрі "Денелерінде өсіп келе жатқан, киімнен көрінбей тұрған мүйіздері бар шығар, шешіп көрсетсін" деп шошитын. Кәдімгі адам екенімізге көздерін жеткізу үшін тіпті омыраудағы балаларға дейін шешіндіруге мәжбүрлеп, қол-аяғын, басын ұстап көретін. Бір ай бойы осылай болды - ояна келсек, үстімізден төніп тұрады, көрпенің астына үңіледі, бәрі бізді әлдебір көз байлаушы сиқыршы деп ойлайтын. (Графеева Э.А.)

"Анам жұмысқа кеткен кезде ауылдағы балалар лашық үйге өрмелеп шығып, "Фашистер, шығыңдар!" деп айқайлап, терезені тарсылдататын. Біз зәре-құтымыз қалмай қорқып отыратынбыз. Бір күні анам бір баланы ұстап алып сабағаннан кейін олар әлгі қылықтарын қойды"(Гельгорн Э.А.).

"Ол кезде 11-де едім, бізге топырақ шашып, тас лақтыратын. Кемскіде әпкелі-сіңлілі үшеуміз әке-шешесіз тұрдық. Олар ит сияқты болатын, жолдың шетінде тізіліп тұратын. Жандарынан өте бергенде бізге топырақ шашып, тас лақтыра бастайтын. Ал кейбірі өте жақсы адамдар еді. Жақсы, жаман адамдар қай ұлтта да бар ғой". (Гентер Э.Г.)

"Жұрт бізге әрқалай қарайтын. Есейе келе мені жұрт орыс санап кетті". (Гартунг М.С.)

"Енисей немістері. Отбасылық тарих" кітабынан үзінділер.

Орыс тілінде жарық көрген "Енисей немістері. Отбасылық тарих" кітабының мұқабасы
Орыс тілінде жарық көрген "Енисей немістері. Отбасылық тарих" кітабының мұқабасы

– Сібірде жұрт депортацияланған немістерді әрқалай қабылдағаны таңғалдырады. Біреулері "сұмпайыларға тап болдық" десе, енді біреулері сібірліктердің мейірбандығын еске алады...

– Бір елде, бір дәуірде өмір сүріп жатсақ та болып жатқан оқиғаларды қазір де әрқилы бағалаймыз. Оларда да солай болды. Біреулері жөні түзу, біреулері нашар ортаға тап болды. Бір жерлерде күшпен жер аударылған немістерге Поволжьеде қалған сиырының орнына сиыр берсе, енді бір жерлерде берген жоқ.

Әділін айту керек, жергілікті тұрғындар жер аударылғандарға шынымен әрқалай қарады. Оларға деген өшпенділік Сібірдің солтүстігіне қарай тіпті қатты болғанын байқадық. Бұған қоса, адамдардың белгілі бір өмірлік ұстанымы болады. Біреулер тағдырдың жазғанын сабырмен қабылдайды. Енді біреулерге мұның бәрі адам төзгісіз ауыр көрінеді. Бір шаңырақта тұратын адамдардың өздері болып жатқан оқиғаларды әрқалай қабылдайды, тіпті қорасындағы малының санын әрқалай атайды. Бүгін бір-бірімен жауығып отырған адамдар ертеңгі күні досқа айналып, шаңырақ көтеріп жатады ғой...

– Сіздер сұхбат алған жандардың әңгімелерінде естіген кезде жаға ұстатқан нәрселер болды ма?

Үй ішіндегі суреттер
Үй ішіндегі суреттер

– Тыңдап отырсаң, бәрі жаға ұстатады. Мысалы, кітапта Юзеф Шекк пен әйелі екеуінің естеліктері бар. Ол кісі бөлмеден шығып кеткенде әйелі бізге мынадай бір оқиғаны айтып берді. Әке-шешесімен бірге солтүстікке депортацияланған кезде ол кісі әлі кішкентай бала екен. Жеркепеде, мұздай суық нардың үстінде ұйықтаған. Қақаған аяз. Бір күні ұйықтап жатып астына жіберіп қойған - кішкентай бала ғой. Таңертең жыныс мүшесі нарға жабысып қалыпты. Ал әлгі сұхбаттың соңында Юзеф Юзефовичтің өзі "Сталиннің соғыста жеңгені үлкен абырой болды. Жоқ, ол кісіге өкпем жоқ. Мына өмірде талай бастықты көрдім, бірақ жақсы бастық көргенім жоқ. Сталин қалай өлді, баға қымбаттап шыға келді. Ал Сталиннің тұсында баға жыл сайын арзандайтын..." деді. Нағыз "стокгольмдік синдром" (құрбанның азаптаушысын жақтап, оған іш тарту феномені осылай аталады).

Мына бір оқиғаны естігенде де қайран қалдым.

Анам "соғыс кезінде әкесіз қалдық, отбасымыз көп балалы болды, аш-жалаңаш заман болса да бір-бірімізбен төбелесіп көрмеппіз. Жұрттың бәрі солай өмір сүрді" деп айта беретін. Усть-Кемь ауылында бір әйелден солай ма еді деп сұрадым. Ол "Иә, тату болатынбыз... Бірақ әпкем екеуміз түнде жиі ұрсысып қалатынбыз. Туыс әпкеміздің жуан әрі ұзын бұрымы болды. Әпкем екеуміз сол кісінің жанына жатуға таласып, төбелесетінбіз. Өйткені аштықтан бұратылған екеуміз түні бойы оның бұрымын сорып шығатынбыз" деп айтып берді.

Сұхбат алған адамдардың бірі айтып берген мына әңгіме де есімде қалыпты. Депортацияланған немістердің бірі балаларына "қандай жағдай болса да біреудің затын алушы болмаңдар" деп қатаң ескертеді. Ал аштық шыдатпай барады. Сондықтан әлгі кісінің бір ұлы картоп егілген далаға барып, қолын топыраққа тығып, картоп тауып алып, оны сипап, қайта көмген. Бірақ біреудің дүниесін алмаған...

Кітапта мұндай оқиғалар көп. Оқыңыздар.

"СТАЛИН ӨЛГЕНІН ЕСТІГЕН ӘЖЕМ ҮНСІЗ БҰРЫЛЫП КЕТТІ"

Экспедиция кезіндегі сурет
Экспедиция кезіндегі сурет

"Сталин өлген кезде шешем: "Қыздар-ау, Сталин өлді, ендігі күніміз не болады. Сталин көп жайтты білмеді. Егер білсе, мұндай күйге түспес едік қой" деп жоқтаған болатын". (Вельш Т.К.)

"Сталин өлген кезде жұрт кеңсеге жиналды, жалғыз радио сол жерде ілулі тұратын. Біреулер қайғырып, жылап жатты, ал біреулер "Өлсе, өмірем қапсын" деп қуанды". (Гартунг М.С.)

"Сталин өлген күні жұрттың бәрін митингіге жинады. Зауыт гудок берді, адамдардың бәрі жылап тұрды, ал мұғалима жыламай тұрған бір баланы сызғышпен салып қалды". (Гельценлихтер И.И.)

"Бөлмеде радио сөйлеп тұрған, ал шешем үстелге шығып төбені әктеп жатқан. Кенет үстелден құлап түсті. Жанына жүгіріп барып, не болды деп сұрап жатырмын. Немісше бірдеңе деді. Қайта сұрай бастап едім "Мұны білмегенің жақсы" деді". (Графеева Э.А.)

"Мен танитын адамдардың ішінен әжем ғана жылаған жоқ. Әлгі жаңалықты естіген кезде ол бұрылды да кетіп қалды. Әжем 90 жасқа дейін өмір сүрді. Өмірінің аяғына дейін неміс тілін ұмытқан жоқ. "Сталин бүкіл халықты, немістерді де, тіпті орыстарды да құртты ғой" деп отыратын". (Громова Э.Г.)

"Әкемнің қарындасының күйеуі "Сталин өлді дегенді естігенде жалмауыз өліпті деп бүкіл түрме қуанды" дейді. Ал біздің ауылда кей коммунистер жылады. Біраз уақыт өткеннен кейін Сталиннің атын бүкіл жерден өшіре бастады. Ал бұрын Сталиннің портреті басылған газетпен оқулықты қаптауға немесе әжетханаға баруға қорқатынбыз". (Иванова М.П.)

"Басшы ретінде одан жақсы ешкімді көрмедім. Соғыста жеңді, бұл - үлкен абырой. Жоқ, ол кісіге өкпем жоқ. Сталин өлген бетте шарықтаған баға әлі қымбаттап келеді. Ал Сталиннің кезінде баға жыл сайын арзандайтын. Ол өліп еді жыл сайын қымбаттай берді". (Шекк Ю.Ю.)

"Енисей немістері. Отбасылық тарих" кітабынан үзінділер.

– Кітап жарық көрді. Ендігі жоспарларыңыз қандай?

– Бұл кітап жаңа жобаға ұласады. Біз әр сұхбатты "Сталин өлген күн есіңізде ме, бұл өміріңіздегі қандай күн болып қалды? " деген сұрақпен аяқтап отырдық. "Один день из жизни: 5 марта" деген жаңа жоба 2-3 жыл бұрын осылай басталған еді. Тарихтың бұл парағын сан түрлі адамдардың көзқарасы арқылы танығымыз келеді. Талай жаға ұстатын, қайран қалдыратын әңгімелер еститін боламыз. Өкінішке қарай, жұмысымыз онша өнбей келеді. Мұндай сипаттағы жобалар өзге жерлерде де болған. Бірақ жылдамдығымыз әр түрлі болғанымен, бір бағытта жылжып келеміз.

– Студенттеріңіз репрессия, сталиндік дәуір туралы тақырыптағы әңгімелерге қаншалықты дайын? Олар мұның не екенін толық түсіне ме?

– Экспедициялардан кейін олардың құқық, еркіндік деген нәрселерге қатысты ерекше көзқарасы қалыптасып келеді. Мысалы, экспедицияға дейін олармен советтің конституциясын талқылаймын. Адамдарды депортациялаған кезде мына баптары бұзылды деп түсіндіремін. Студенттер әлдебір дүниелерді түсіне бастайды... Экспедицияларымызға қатысқан красноярскілік "Мемориал" қоғамы жетекшісі Алексей Бабий студенттерге: "Егер нені сұрауды білмесең, дағдарып қалсаң, сөйлесіп отырған адамның орнына өзіңді қойып көр. Мысалы, өздеріңді Поволжьеден Сібірге жер аударды, ештеңе алдырмай қойды деп елестетіп көріңдер. Мұндай жағдайда тіршілік ету үшін сендерге не қажет болады? Қайда тұрып, не ішіп-жейсіңдер, қайда ұйықтайсыңдар, қайда жуынасыңдар, жазда және қақаған аязда не киесіңдер, оны қайдан аласыңдар? Осы жайлы сұраңдар, сонда осындай ұсақ-түйектерден көлемді картина құралады" деп ақыл-кеңес берген.

Красноярск өлкесіндегі осы нысанды салған кезде құрылыс орнынан "халық жауларының" сүйектері табылған
Красноярск өлкесіндегі осы нысанды салған кезде құрылыс орнынан "халық жауларының" сүйектері табылған

– Ал студенттеріңіздің арасында Сталинді жақтайтындар жоқ па? Кейінгі кезде осындай нәрсе сәнге еніп келеді ғой...

– Студенттеріміздің саяси көзқарасы әрқилы шығар... Экспедицияға шығар алдында бейресми семинар ұйымдастырып, сұхбат алу әдістерін ғана емес, оның мазмұндық жағын да талқылаймыз. Ешқандай саяси пікірталас, баттл жоқ. Бірақ экспедиция кезінде естіген дүниелері студенттерді ойлануға, әлдебір дүниелерді салыстыруға мәжбүрлейді, көкейлерінде әлдебір шүбә пайда болады. Бұған жетекшіңнің тәжірибесі арқылы емес, өз өмірлік тәжірибең арқылы келесің. Ең бастысы - осы. Мұндай экспедиция тоталитаризмге қарсы екпе тәрізді.

"ҚАЛАНЫ ЖЕР АУДАРЫЛҒАНДАР ТҰРҒЫЗҒАН"

"Мына өлкеге әбден бауыр басып кеттім, сібірлік тұрғынға айналдым. Немістердің көбі Германияға көшіп кетті, ал анам екеуміз мүлде кеткіміз келмей осында қалдық, бұл жерден әлі де кеткім келмейді. Бұл жер - өз үйім". (Гентнер Э.Г.)

"Егер жүйе осындай болса, қандай реніш болуы мүмкін? Мойынсұнып өмір сүрдім, өмір сүру керек болды ғой". (Трайзе Э.Я.)

"Солай болуы керек болған шығар. Өзімді неміс емес сібірлік санаймын". (Шпомер А.Я.)

"Енисей немістері. Отбасылық тарих" кітабынан үзінділер.

– Сіздер сұхбаттасқан жандар - отбасылары депортацияланған, бірақ Сібірде орнығып қалған адамдар. Неліктен?

– Бұл олардың жанын ауыртатын тақырып. Кейбіреуінің балалары, немерелері шынымен Германияға көшіп кеткен, өздерін сол жақта бақытты сезінеді. Енді біреулері Германияны емес, жер аударылып келген Поволжьені Отаным деп санайды. Бірақ әбден бауыр басып, орнығып қалған жерден кеткілері келмейді. Бұл жақта балалары, немерелері дүниеге келген, о дүниелік болған жақындарының бейіттері бар. Көшіп кетіп, кейін қайта оралғандар да бар. Олар Германиядан да, Ресейден де өз орнын таба алмай жүр. Мысалы, Иосиф Иосифович Гельценлихтер деген кісі 1990 жылдары Германияға көшіп кетіп, бес жылдан кейін қайта оралды. Ол жақта тұрмысы да жақсы болған, жалақысы жақсы жұмыс та табылған. Бірақ "орыс болып кеткен неміс" "тәртіпті" Германияға сыймаған. Өзі бұл жағдайды "не түшкіре, не... алмайсың" деп сипаттайды. Ал Ресейде бассыздық, жауапсыздық, бойкүйездік сияқты нәрселерге көндіге алмай жүр.

Енисей аймағында саяси қуғын-сүргін құрбандарына қойылған ескерткіш
Енисей аймағында саяси қуғын-сүргін құрбандарына қойылған ескерткіш

– Кітап жарыққа шықты. Ал өзіңіз тұратын Енисейскіде сол замандағы оқиғаларды есте қалдыру үшін бірдеңе жасалып жатыр ма?

– Бізде өлкетану жақсы дамыған. Мысалы, Ярцево деген қияндағы ауылда Татьяна Николаевна Тарханова деген өлкетанушы, жергілікті балалар шығармашылығы орталығының әдіскері бар. Жалғыз өзі талай шаруаны тындырып жүр. Сирек кездесетін экспонаттарды жинап мұражай ашты, мектеп оқушыларын ертіп тайгаға жорыққа аттанып, естелік белгілер қойып келеді, бүкілресейлік конкурста жеңіп жүр.

Бірақ қуғын-сүргін мен репресия құрбандары жайлы аз айтылады. Адамдар бұл тақырыпты қозғауға именеді. Жұрт әлі күнге дейін қорқады. Ал қаламызды кезіндегі декабристерден бастап жер аударылғандар тұрғызған ғой. Өлкемізге білімді, медицинаны, мәдениетті осында жер аударылғандар әкелген. Сондықтан жоқ дегенде осы игіліктер үшін олардың аруағын құрметтеуіміз керек қой.

Ал Сталин заманында репрессияға ұшырағандардың әңгімелеріне келсек, біраздан кейін жұмыстың бұл бағыты табиғи жолмен тоқтайды. Өйткені адамдар бұл дүниеден кетіп жатыр. Ал репрессия туралы балаларының айтқаны, ол кісілердің өз әңгімелеріндей болмайды. Ата-анасының басынан не өткенін балалары ақырына дейін түсіне алмайды. Сондықтан олардың айтқанын үлгеріп жазып алу керек. Сол себепті студенттеріміз де өмірде өз ізін қалдыруға үлгеруі тиіс.

("Сибирь.Реалии" сайтының тілшісі Юлия Старинова алған сұхбат орысшадан аударылды.)

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG