Accessibility links

Депортациядан тарыдай шашылған ингуштар


Илез Осканов мешіттің алдында тұр. Алматы, 20 ақпан 2018 жыл

74 жыл бұрын совет үкіметі жүздеген мың шешен мен ингушты "оккупанттармен ауыз жаласты" деп айыптап, Солтүстік Кавказдан депортациялаған болатын. Жер аударылғандардың көбі Қазақстанға түпкілікті қоныстанды. Арада ондаған жылдар өтті, депортация сұмдықтарын бастан кешірген жандардың көбі қазір о дүниелік болған, бірақ ата-бабалары тартқан тауқыметті ұрпақтары ұмытпайды.

72 жастағы алматылық зейнеткер Илез Осканов – бес уақ намазын қаза қылмайтын ақсақал. Қария таң сәріден оянады. Бесін намазын жақын маңдағы мешітке барып оқиды. Зұлмат заманды ұмытып, қалған ғұмырын құдайға құлшылық етуге арнайтын уақыт туғандай көрінеді. Бірақ 1944 жылдың қақаған қысында шешендер мен ингуштарды қалай депортациялағаны туралы үлкендердің әңгімелері мен кітаптардан білетін ол бұл жайлы Кавказдан қысы аязды әрі қарлы Солтүстік Қазақстанға құдды өзін жер аударғандай күйзеле әңгімелеп берді.

ДЕПОРТАЦИЯ СҰМДЫҚТАРЫ

Этникалық ингуш Илез Хусейнович Осканов әке-шешесін жүздеген мың этникалық шешендер мен ингуштармен бірге Шешен-Ингуш автономды советтік социалистік республикасынан Қазақстанға күштеп жер аударғаннан кейін бір жарым жылдан соң дүниеге келген. 1944 жылы шешендер мен ингуштарды "халық жаулары" ретінде депортациялау үшін жүргізілген "Чечевица" операциясы туралы ол көбінесе үлкен кісілердің әңгімелерінен біледі.

- Майданнан кейін тынығамыз деген желеумен ішкі әскер келіп орналасыпты. Ақпанның 23-іне қараған түні олар "Сыртқа шығыңдар! Жиналыс болады" деп үй-үйді аралап, жасы 15-тен асқан ұл балалардан бастап 60-70-ке дейінгі ер адамдардың бәрін сыртқа алып шыққан. Әр ауылды аралап, жасы 15-тен асқан еркек кіндіктінің бәрін жинап алыпты. Оларды автомат асынған солдаттар қоршап тұрыпты. Ал әйел, бала-шағаны вагондарға тией бастаған. Айнала азан-қазан, бақырып жылаған адамдар. Оларды "теплушкаларға" (ішінде пеші бар жүк немесе мал таситын вагон – ред.) күшпен тиеген. Әжетхана жоқ, дәрет қысқан әйелдердің қуығы жарылған. Жер аударылғандардың 30-40 пайызы жол-жөнекей қырылған. Күзетшілер мәйіттерді вагондардан лақтырып отырған. Қазақстанға осылай тап болыппыз, - деп еске алады Илез Оксанов үлкен кісілерден естіген депортация сұмдықтары туралы әңгімелерін.

Совет өкіметінің 1944 жылы Кавказдан шешендер мен ингуштарды депортациялауы. Мұрағаттағы сурет
Совет өкіметінің 1944 жылы Кавказдан шешендер мен ингуштарды депортациялауы. Мұрағаттағы сурет

Бірақ оның әкесі мен немере ағасының отбасыларының жолы болған. Бұған немере ағасының коммунистік партияда жауапты қызмет атқарғанының септігі тиген. Депортацияланған тұста Илез Оскановтың жақын туыстарынан екі ғана отбасы болған. Бірі – жұрт шаруақорлығы үшін сыйлайтын әкесі Хусейннің, екіншісі – депортацияға дейін аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып жұмыс істеген немере ағасы Хасоның отбасы. Туысы бұрынғы партия қызметкері болғанының арқасында ағайынды Оксановтардың екі отбасына жеке вагон берген. Сондықтан Қазақстанға жер аударған кезде "қарапайым" шешендер мен ингуштерге қарағанда, оларға сәл де болса жеңіл болған.

Бірақ күшпен жер аударылғандардың тартқан азабы Қазақстанға келгеннен кейін де бітпеген.

- Жер аударылғандар бел жазбай жұмыс істеді, бірақ ішер асқа жарымай, алаботаны талғажау етіпті. Алайда соған қарамастан әкем: "Алла тағаланың бізді дәл осы Қазақстанға тап қылғанына мың да бір шүкір" деп отыратын. Қазақтар жаратылысынан мейірімді, қонақжай халық қой. Біздің отбасымызды Қазақстанның солтүстігіне [сол кездегі] Көкшетау облысына апарып түсіріпті. Бірақ Хасо ағам бұрын аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болып істеген ғой, сондықтан біздің үйдегілерге Алматыға көшуге рұқсат етіпті, - дейді Илез Осканов.

Ингушетиядағы 1944 жылғы депортация құрбандарына орнатылған ескерткіш
Ингушетиядағы 1944 жылғы депортация құрбандарына орнатылған ескерткіш

Илез Оскановтың әкесі Бұрындай кентіндегі қант зауытында, ал Хасо ағасы Алматыдағы бас поштада жұмыс істеген. Оскановтың айтуынша, 1950 жылдардың орта шеніне қарай әкесінің отбасы Бұрындайдан Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Сталин атындағы колхоздың Балтабай деген ауылына көшіп барған. Әкесі колхозға ат күтуші болып жұмысқа тұрған. Оксановтар Балтабайда саман кірпіштен шағын үй соғып алған.

- Депортацияланған халықтарды жаппай ақтай бастаған 1957 жылы Кавказға кеткіміз келіп, ол жақтан көштік. Алматы-1 вокзалына барып едік, мынадай көрініске тап болдық – бір жарым-екі километр жерге дейін темір жолдың бойымен жағалай тігілген шатыр, палаткалар, оларда біз сияқты Кавказға кеткісі келген шешендер мен ингуштар тұрып жатыр екен. Қара күз, суық түсіп кеткен кез. Атамекеніне оралуға асыққан адамдар облыстың түкпір-түкпірінен ағылып жатыр. Бірақ Кавказда әзірше қабылдамайды екен, рұқсат бермей созбақтап алды, сондықтан бәрі Қазақстаннан кете алмай қамалып жатты. Ақыры, амал жоқ, Алматыдағы Шемякин көшесінің бойынан және Тастақтан тездетіп жер үлестіре бастады, өйткені қыс түсіп кетті. Айналдырған бірер айдың ішінде жұрт жапатармағай баспана салды. Тастақтың маңы, Шемякин көшесінен бастап әуежайға дейінгі жердің бәрі кезінде "Чеченстрой" деп аталған, - деп еске алады Илез Осканов.

ӘКЕ ТУРАЛЫ ЕСТЕЛІК

Илез Оскановтың айтуынша, әкесі Хусейн Осканов 1895 жылы Ингушетияның Плиев ауданында туған. Ол жақта Оскановтар әулеті әлі күнге дейін тұрады. 1980 жылдардың аяғында сол жақта қайтыс болған. Арақ, темекіге жоламаған, "тіпті совет үкіметі орнаған кезде де бес уақ намазын қаза етпеген өте діндар кісі болған".

- 1942 жылы немістер Кавказға таяп, мессершмиттері айналып ұшып жүргенде әкем немістер басып кірсе, тартып алады ғой деп күні-түні жанталасып, вагондарға астық тиеп, Бакуге жөнелтіпті. Ол кезде бүкіл Солтүстік Кавказ аймағы Ростов өлкелік комитетіне бағынатын. Ингушетия, Шешенстан деп бөлінбеген кезі, Солтүстік Кавказдың өлкелік комитеті болған, ал штаб Ростовта болған, - дейді Илез Осканов.

Алматы тұрғыны, этникалық ингуш Илез Осканов. Алматы, 6 қаңтар 2018 жыл
Алматы тұрғыны, этникалық ингуш Илез Осканов. Алматы, 6 қаңтар 2018 жыл

Илез Оскановтың әкесінің бала-шағасына айтқан әңгімесіне қарағанда, өлкелік партия комитетінің төтенше комитет бастығы өзіне қарасты территорияны ай сайын аралап тұрған әрі оның жұмысына міндетті түрде барады екен.

- Екеуі отырып әңгімелеседі екен. Ал түскі ас жақындаған кезде әкем "Иван Кузмич, арақ ішкенді, темекі шеккенді жақсы көретініңді білем. Бірақ менің үйімде ішуге, шегуге болмайды! Мына арада станцияда буфет бар, жүр, сол жаққа барайық, ал ішпеймін, шекпеймін десең, үйге барайық" дейді екен. Өлкелік комитеттің төтенше жағдай бастығына бұлай сөйлеуге екінің бірінің жүрегі дауаламайтын заман ғой. Ал әкем оның бетіне айта салады екен. Бірде мынадай оқиға болды. Біреулер әкемді "астық сатып, ақшасын ішіп қояды" деп көрсетіпті. Жергілікті төтенше жағдай комитеті қызметкерлері әкемді тұтқындап, мойындауын талап етеді. Бірақ жазықсыз болса, қалай мойындайды? Әкем қамауда, сол мезетте Иван Кузмич территорияны аралауға шығады. Жергілікті төтенше комитеті бастығы "астық сатып, ақшасын ішіп қойғаны үшін Осканов Хусейн Ларсаевичті тұтқындадық" деп баяндайды. Төтенше жағдай комитеті бастығы орнынан атып тұрып, "Не тантып тұрсың! Ол ішпек түгілі, үйінде арақ ішуге рұқсат етпейді. Дереу босатыңдар! " дейді. Әкемнің дал-дұл шыққан бетін көріп, жергілікті чекисті тапаншасының сабымен салып қалады. Әкем Иван Кузмичті "жұмысына әбден берілген, бірақ ар-ұяты таза адам" деп отыратын. Әкем осылай адал еңбек етіп, өмір сүрген кісі, - дейді Илез Оксанов.

ИЛЕЗ ОКСАНОВТЫҢ ҚАЗАҚСТАНҒА ОРАЛУЫ

Хусейн Оксановтың (Илез ақсақалдың әкесі) отбасы ингуш және шешен халықтарын ақтағаннан кейін 1961 жылы Қазақстаннан атамекеніне көшкен. Илез ол жақта жерсінбей Қазақстанға қайта кеткісі келген. Ақыры Кавказда бір жыл оқып, Алматыға оралған және Шамалған ауыл шаруашылығы техникумының өнеркәсіп және азаматтық құрылыс факультетіне оқуға түскен. Илез Осканов бүкіл өмір бойы дерлік құрылысшы болып жұмыс істеген.

Илез Оскановтың бірінші некеден үш қызы, екінші әйелінен туған бір қызы бар.

Шешенстанда соғыс басталғанда ол жақтан қашып, жер ауған оларға Еуропада босқын мәртебесін де, баспананы да бірден берді

- Бір қызым Бельгияда, екіншісі – Англияда, үшіншісі Норвегияда тұрады. Олар Грозныйда тұрған, ал Шешенстанда соғыс басталған кезде ол жақтан қашып, жер ауған болатын. Оларға Еуропада босқын мәртебесін де, баспананы да бірден берді. Қазір бәрі балалы-шағалы. Шешенстанға да, Ресейге де оралғылары келмейді. Қыздарымның үйлеріне барып көрген жоқпын, олармен видеоскайп арқылы ғана сөйлесіп тұрамын. Алты жиенім бар. Олар, әсіресе жиендерім ингуш тілінде де, жергілікті тілдерде сөйлейді, - дейді Илез Осканов.

"Қыздарыңыз – этникалық ингуштар ғой, ал Ингушетия Ресеймен соғысқан жоқ, оларға Батыс елдері босқын мәртебесін қалай бірден берген?" деген сұраққа Илез Осканов "Шешен-Ингуш АССР-і біртұтас республика болған совет үкіметі кезінде оның астанасы Грозныйда ингуштер көп тұрған" деп түсіндірді. Оскановтардың ата жұрты Ингушетияның Плиев ауылында. Бірақ Илез Оскановтың үш күйеубаласы (этникалық ингуштар) - Грозныйдың жігіттері. 1990 жылдардағы шешен соғысы кезінде олар Еуропаға қашуға мәжбүр болған, оларға босқын мәртебесін бірден, бірақ әртүрлі елдерде берген.

Илез Оскановтың екінші әйелінен туған қызы 23 жаста. Ол жоғарғы оқу орнын үздік бітіріп, Алматыда ата-анасымен бірге тұрады.

Илез Осканов бірінші жұбайынан ажырасып, Қазақстанда баяғыдан тұрып жатқанына қарамастан, Кавказда үлкен қыздарын ұзатқан кезде оның алдынан өткен. Илез Оскановтың айтуынша, бірінші әйелінен туған қыздарының Кавказда өткен тойларына қатыспаған әрі ол жақта 1990 жылдары болған шешен соғысын да көрмеген.

ЭПИЛОГ ОРНЫНА

Илез Осканов 1990 жылдардың соғысын көрмегенімен, ол жаққа барған кезде зардаптарын көрген.

- Шешенстан мен Ингушетияның қазіргі басшылары туралы онша ештеңе айта алмаймын. Шешенстанда Путин қойған Рамзан Қадыров отыр, оны халықтың жартысы жақсы көреді, жартысы жек көреді. Бірақ бір нәрсе айтайын – шешен халқының бетке ұстар азаматтарының бәрі әлгі соғыста мерт болды. Ельцин еркіндік берді. Ельциннің "Ақыры, шешендердің Ресеймен 500 жылға созылған соғысы аяқталды" деп айтқаны есімде. Ельцин берген еркіндікті Путин тартып алды, әрі қатігездікпен тартып алды, - дейді Илез Осканов.

Ингушетия Ресей құрамынан шығуға тырысқан жоқ, сондықтан Ингушетия соғысқан жоқ, Ресей-Ингушетия соғысы болған жоқ, дейді Осканов.

Илез Осканов екінші дүниежүзілік соғыстың соңғы кезеңі – фашистік Германияның жеңілетіні анық байқалған және шешендер мен ингуштерді депортациялау басталған 1944 жылдың басындағы оқиғаларға тағы оралды.

Тұтас халық қылмыскер болуы мүмкін емес. Қылмыскер жеке тұлға болуы мүмкін. Ал бізді... Ингушетия мен Шешенстанның территориясына бір де немістің табаны тиген жоқ

- Мен былай деп ойлаймын – тұтас халық қылмыскер болуы мүмкін емес. Қылмыскер жеке тұлға болуы мүмкін. Ал бізді... Ингушетия мен Шешенстанның территориясына бір де немістің табаны тиген жоқ. Олар Нальчикке дейін ғана жетті, сосын Сталинград түбінде ойсырай жеңілді де, кері шегінді. Балтабайда мектепте оқып жүргеніміде тентектік жасап қойсам, мұғалиманың "Халық жауы!" деп құлағымды бұрайтыны есімде. Мұны ешқашан ұмытпаймын. Халқымыз осындай қайғы-қасірет шекті, - деп түйіндеді Илез Осканов.

Илез Осканов Қазақстан басшыларына баға беруден қорықпайды. "Қазақстан басшылары ішінен кімді қатты құрметтейсіз? " деген сұраққа ол ойланбастан "Дінмұхамед Қонаев (1960-1962 жылдары және 1964-1986 жылдары Қазақ ССР компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы болған). Ол кісі қазақтардың көзін ашып, қазақ интеллигенциясын қалыптастыру үшін қыруар іс тындырды" дейді.

Илез Оскановтың сөзінше, мешітке 20-25 жылдай бұрын бара бастаған. Орбита-3 шағын ауданындағы "Байқоңыр" кинотеатрының жанындағы мешіт дәл сол кезде салынған. Жұрт Алматыдағы мешіттерді шешен мешіті, ұйғыр мешіті, татар мешіті деп бөліп айтады. "Шешен-ингуш мешітіне ғана барасыз ба?" деген сұраққа Илез Осканов:

- Мен мешітті шешендікі немесе өзгенікі деп бөлмеймін, үйіме жақын болғандықтан, "Байқоңырдың" жанындағы мешітке барамын. Жақын жердегі мешіттен аттап өтуге болмайды, - дейді.

Бірақ 23 ақпанда оған бұл ережесін лажсыз "өзгертуге" тура келеді. Өйткені үйіне жақын жердегі "қазақ" мешітінде имамдар шешен-ингуш халықтарын депортациялаудың 74 жылдығына орай уағыз арнамайды, құрбандарына құран бағыштамайды. Сондықтан Илез Осканов биыл Алматының шетіндегі, оның сөзінше, этникалық ингуш Амин Мистоев салған мешітке бармақ. Ол жақта ингуш және шешен халықтары үшін қасіретке айналған депортацияны еске алып, имам қасірет құрбандарының рухына міндетті түрде құран бағыштайды.

XS
SM
MD
LG