Әлемдегі ең ірі YouTube видеохостинг қызметі өз платформасындағы ресейлік "Русская община" ("Орыс қауымы") әсіреұлтшыл ұйымына тиесілі екі арнаны бұғаттап тастаған. Ұйым үйлестірушісі Андрей Ткачуктың мәлімдеуінше, негізгі арнаға бір миллионнан астам қолданушы тіркелген, ал қосалқы арнаға 30-50 мыңға жуық адам жазылған. Екі арна да бір уақытта өшірілді деп жазды Ткачук telegram-арнасында.
Ткачуктың айтуынша, YouTube әлгі екі арнаны видеохостинг ережесіндегі экстремистік қауымдарды жарнамалауға тыйым салынатыны туралы талапты бұзды деген себеппен жапқан. Ұйым бұл шешімге келіспей, шағым түсіруге әрекет жасаған. Оның өкілдері Ресейде "Русская община" экстремистік ұйым деп танылмағанын айтып, өзін "еріктілер қауымдастығы" деп сипаттаған.
YouTube видеохостингі бұл шағымға не деп жауап қатқаны жайлы ақпарат жоқ. Алайда, ұйым өкілдерінің мәлімдеуіне қарағанда, ол арналар сол күйі жабық тұр.
"Русская община" әсіреұлтшыл ұстанымымен, Ресейдің Украинаға басқыншылығын қолдайтындығымен және мигранттарға қарсы іс-әрекеттерімен атышулы болған ұйым. Оның белсенділері Ресейдің бірқатар өңірінде полициямен бірге шетелдік еңбек мигранттарына қарсы рейдтерге шығып тұрады және өздері "дәстүрлі құндылықтарға" қайшы деп санайтын іс-шараларды тоқтатуға тырысады.