Accessibility links

Ескісін еске салатын "жаңа парламент" және "Ресейдегі нәсілшілдікке жол ашқан путинизм"


Парламент отырысы. 2022 жыл.
Парламент отырысы. 2022 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада парламент сайлауын қорытындылап, жаңа мәжіліс неліктен ескі мәжіліске ұқсас болатынын талдады. Сонымен қатар парламентке бірмандатты округ бойынша өткен, партияларға қатысы жоқ алты тәуелсіз кандидат мәжілісте не бітіре алады деген сұраққа жауап іздеді. Путин режимі неге расизм үшін қолайлы ортаға айналғанын да түсіндірді.

"АҚОРДАНЫҢ ЖАҢА НӘРСЕ ҰСЫНА АЛМАЙТЫНЫН КӨРСЕТКЕН САЙЛАУ"

Парламент сайлауын қорытындылаған Батыс басылымдары жаңа мәжіліс, айналып келгенде, бұрынғы мәжіліске ұқсас болатынын жазады.

"Бұл сайлау Қазақстан парламентіне әралуандық әкелуге тиіс еді. Бірақ олай болмай шықты" деп жазды Eurasianet басылымы.

Мәжіліс депутаттары бұрын партиялық тізім бойынша сайланса, бұл жолы өзін-өзі ұсынған кандидаттар сайлауға қатыса алды, бұл үшін 29 бірмандатты сайлау округі құрылды. Мәжілістегі 98 орынның 69-ы партиялық тізіммен түсетін кандидаттарға берілгеніне қарамастан, бірмандатты округтер бойынша 29 депутаттың парламентке өтуі мәжілісте түрлі топтардың өкілдік етуіне жол ашады деп көрсетілді.

Бірақ сайлау нәтижесі биліктің "Аманат" партиясы мәжілістегі көпшілік орынды алғанын көрсетті. Алдын ала нәтижеге қарағанда, "Аманат" 54 пайыз дауыс жинап, 10,9 пайыз дауыспен екінші орында тұрған "Ауыл" партиясын оңай басып озды. Сайлаушылардың 8,6 пайызы дауыс берген "Республика" партиясы үшінші орында. Қазақстан халық партиясы 6,8, "Ақ жол" 8,41 және ЖСДП 5,2 пайыз дауыс жинап, парламентке өтті.

Бірмандатты округтер бойынша мәжіліске сайланған 29 депутаттың 23-і − "Аманат" партиясының мүшесі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 21 наурыз күні Наурыз мейрамын тойлау іс-шарасында сөйлеген сөзінде "бұл сайлау – бүкіл реформаны алға бастайтын маңызды қадам және ауқымды өзгерістердің жалғасы" деп мәлімдеді.

Басылым билік мәжіліске әртүрлі топ өкілдері өтеді деп уәде етсе де, жеме-жемге келгенде, заң шығарушы органды бақылай беретінін жазды. Саясаттанушы Димаш Әлжанов әлеуметтік желідегі парақшасында аралас сайлау жүйесі әу баста осындай нәтижені көздегенін жазды. "Бұл сайлау Ақорда мен ондағы адамдардың қоғамға жаңа нәрсе ұсына алмайтынын көрсетті" дейді ол.

Францияда шығатын Le Monde басылымы билік осы сайлау арқылы аяусыз басып-жаншылған Қаңтар оқиғасының бетін жауып, "Жаңа Қазақстан" құрылып жатқанын көрсеткісі келді деп жазады.

Қаңтар оқиғасын халықаралық дәрежеде тергеуді талап етіп тұрған топ. Алматы, 1 маусым, 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасын халықаралық дәрежеде тергеуді талап етіп тұрған топ. Алматы, 1 маусым, 2022 жыл.

Басылым бұл сайлау "элита мен халықаралық қауымдастыққа Тоқаевтың билікті қолына шоғырландыруы аяқталды деген сигнал береді" деген саясаттанушы Шалқар Нұрсейіттің пікірін келтіреді.

АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы сайлауға жаңадан тіркелген екі партия мен өзін-өзі ұсынған жүздеген кандидат түскеніне қарамастан, дауыс беруге қатысу көрсеткішінің төмендігі жұрттың сайлауға ынтасы болмағанын көрсетті деп жазады.

Алдын ала нәтиже бойынша, елде дауыс беруге қатысу көрсеткіші – 54,19 пайыз. Аймақтар бойынша дауыс беруге қатысу көрсеткіші әртүрлі. Дауыс берушілер сайлауға ең көп қатысқан аймақ − Қызылорда облысы: 67,21 пайыз. Сайлауға қатысу көрсеткіші ең төмен аймақ – Алматы қаласы: 25,82 пайыз.

Мақала авторы Кэтрин Путц партиялық тізім бойынша мәжіліске өткен партиялардың ешқайсысы статус-квоға қарсы шықпады, олардан мұны ешкім күткен де жоқ деген тұжырым жасайды.

Әзірге қай партия мәжілістен қанша орын алатыны ресми түрде жария етілмесе де, "Аманат" көпшілік орынды алатыны анық. Бірмандатты округ бойынша 29 орынның 23-ін алғанын және партиялық тізім бойынша 53,9 пайыз дауыс (шамамен 37 орын) жинағанын ескерсек, мәжілістегі 98 орынның шамамен 60-ын "Аманат" алмақ. Алдыңғы мәжілісте 98 депутаттың 78-і "Аманат" партиясының мүшесі болған. Бұл сайлаудан кейін «Аманаттың» мәжілістегі орын саны бұрынғымен салыстырғанда қысқармақ, бірақ бұдан парламенттегі ықпалы төмендемейді.

Кэтрин Путцтың ойынша, сайлаудан кейін қойылуға тиіс басты сұрақтар мыналар: мәжіліске өткен алты тәуелсіз кандидаттың қандай да бір әсері бола ма, мәжіліске өткен партиялар бірігіп жұмыс істей ме, әлде қандай да бір партия үкіметке қарсы шыға ала ма?

Тоқаевтың "Жаңа Қазақстан" мәлімдемесінде заң шығарушы органның рөліне басымдық берілген. "Сайлауда кім жеңгенін және дауыс беруге қатысу көрсеткіші төмен болғанын ескерсек, бұл жұрт таңдау жасай алады және үкімет олардың дауысына құлақ асады дегенге қазақстандықтарды сендіру үшін әлі де көп күш салу керектігін көрсетеді" деп қайырады автор.

"ПУТИН РЕЖИМІ РАСИЗМ ҮШІН ҚОЛАЙЛЫ ОРТАҒА АЙНАЛДЫ"

"Ресейде этносы орыстардың көпшілігі өз нәсілін өзгелерден жоғары қоятын идеяны қызу қолдайды" дейді саяси сарапшы Ақас Тәжуітов Eurasia review басылымындағы мақалада. Сараптама Ресейдегі расизм, азиялық этнос өкілдерін кемсіту мен оларды Украинадағы майданның алдыңғы шебіне қою тақырыбы қозғалады.

Ресейдегі нәсілшілдікті қатардағы күнделікті оқиғалардан-ақ байқауға болады. Автор Жаңа жылда Санкт-Петербургте өмірге келген бірінші сәбиді тувалық әйел Венера тапқанын хабарлаған "ВКонтакте" желісіндегі жазбаға расизмге толы жүздеген пікір жазылғанына назар аударады.

Саяси сарапшы "бұл – таңғалатын дүние емес, этносы орыстардың көпшілігі Ресей ұлтшыл деген идеяны қызу қолдап, өздерін Азия немесе Африка тектес ұлттардан жоғары қойып, сонысын мақтан тұтады" дейді. Санкт-Петербургте 2023 жылғы бірінші сәбиді тувалық әйел дүниеге әкелді деген жазбаға расизмге толы комментарийлер жазылғанына шетелдік басылымдар назар аударып, Ресей ақпарат құралдары жақ ашпағаны да – осыған дәлел. Ресейдің саяси ток-шоулары азиялық этнос өкілдері расизм мен кемсітуге тап болатынын мүлде айтпайды. Билік қатаң бақылайтын Кремль пропагандасында бұл тақырыпқа тыйым салынғандай.

Сарапшы бұл ретте Ресей мемлекеттік думасының бұрынғы депутаты, Путинді сынап жүрген, қарулы күштер туралы "жалған ақпарат" таратқаны үшін сырттай сегіз жылға сотталған Александр Невзоровтың мына сөздерін келтіреді: "Путин режимі кезінде СССР-де қатты қудаланған, бірақ бәрібір болған расизмді дамытқан қолайлы ортаға айналды... Путинизм халық бойындағы ең нашар қасиетке жол ашып, орыс расизміне карт-бланш берді...".

Невзоров − танымал тұлғалардың арасынан дүниеге жаңа келген сәби мен оның анасына қарата айтылған нәсілшіл жазбаларды сынаған жалғыз адам. Ресейдің саяси, зиялы қауымы мен медиаэлитасы Батыстағы антирасистік науқанды сынағанымен, ел ішіндегі ең қатыгез нәсілшіл сипаттағы қылмыстар туралы үн қатпайды.

Мәселен, Мәскеуде шахматтан халықаралық шебер, этносы якут Сергей Николаев 2007 "жас расистер бандасы" қолынан қаза тапқанда, қылмыскерлерге ұлтаралық алауыздық негізінде кісі өлтіру айыбы тағылды. 13 қылмыскерге 3 жылдан 10 жылға дейінгі түрме жазасы кесілді. Ресей еврей қауымдастығы федерациясының қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Борух Гориннің айтуынша, "аса ауыр қылмыс үшін жеңіл жаза берілгенін көрген сырттан келген бақылаушы сот нәсілдік өшпенділік себеп болған кісі өлтіру қылмысын жазаны жеңілдететін фактор ретінде қарастырады деп қабылдауы мүмкін".

Ресей ақпарат құралдары бұл скинхедтер тобы құрбандарын ұлтына қарап таңдағанын жазған. Бірақ Ресей құқық қорғау органдары мен ақпарат құралдары бұл топты расист деп таныған жоқ. Скинхедтер тобы сырттан келген азиялық этнос өкілдерін ғана емес, Ресейде тұратын тува, бурят, якут және тағы басқаларға шабуыл жасаған. Ресей билігінің өкілдері нәсілшіл сипаттағы қылмыстарға ұлттық реңк бергісі келмей, "тұрмыстық кикілжің" деген.

Автор "Ресей негізінен орыстар мен басқа еуропатектес (Кавказ) халықтардың отаны болуы керек" деп есептейтіндердің атынан Украинадағы соғысқа неге Ресейдегі қазақтар, буряттар, якуттар, қалмақтар пен хакастар тәрізді азиятектес этностар барып, этносы орыстармен салыстырғанда анағұрлым көп жараланып, қаза табуы керек? деген сұрақ қояды.

Тәжуітов Ресейде қазақ, тува, бурят пен басқа да ұлттарға сұраныс Кремль майданның алдыңғы шебін жабатындарды керек еткенде пайда болады дейді. Сондай-ақ Мәскеу азиятектес жауынгерлерді соғыстағы қатыгез қылмыстарға кінәлі етіп көрсету үшін пайдалануы мүмкін. "Сондықтан оларға бұл соғыс мүлде керек емес екені анық" дейді Тәжуітов.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG