Accessibility links

"Навальныйдың өмірлік коучі". Юлия Навальная кім?


Юлия Навальная Еуропа Одағы сыртқы істер министрлерінің жиынында. Брюссель, 19 ақпан, 2024 жыл.
Юлия Навальная Еуропа Одағы сыртқы істер министрлерінің жиынында. Брюссель, 19 ақпан, 2024 жыл.

Юлия Навальная түрмеде көз жұмған күйеуі, оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың ісін жалғастыратынын мәлімдеді. Ол бұған дейін көбіне екі баласының тәрбиесіне көңіл бөліп, күйеуінің басты қолдаушысы болып келген еді.

"Күйеуімді сындыру қолынан келмеді, сондықтан Путин оны өлтірді. [Путин] оның көзіне қарауға я атын атауға қорықты... Мен Навальныйдың ісін жалғастырамын. Еліміз үшін күресті жалғастырамын" деді Юлия Навальная 9 ақпандағы видеомәлімдемесінде.

Ол Алексей Навальныйдың жақтастарын соғысқа қарсылықты, коррупция мен әділетсіздікке қарсы күресті жалғастыруға шақырды.

Юлия мен Алексей де 47 жаста, екеуі 22 жасында табысқан. 2001 жылы қыздары Дарья, 2008 жылы ұлдары Захар дүниеге келген. Юлия экономист мамандығы бойынша жоғары оқу орнын тәмамдаған. Ол мансап қумай, екі баласын тәрбиелеп, жеткізуге көп көңіл бөліп келген еді.

Юлия Навальная күйеуі Алексей Навальныйдың ісін жалғастыратынын мәлімдеп отыр. Видеодан скриншот
Юлия Навальная күйеуі Алексей Навальныйдың ісін жалғастыратынын мәлімдеп отыр. Видеодан скриншот

Бұған дейінгі сұхбаттарының бірінде ол "Басты мақсатым, қандай жағдай болса да, балаларымыз – бала, үйіміз – үй болып қалу керек" деп айтқан.

Дегенмен Юлия саяси күрес жолын таңдаған және билікке қарсы шыққан жұбайының басы-қасында бірге жүрді. 2013 жылы Мәскеу мэрін сайлау науқанының үгіт-насихатында, 2017 жылы Навальный Ресей президенттігіне кандидат болуға талпынған кезде де Юлия күйеуін қолдады.

Алексей Навальныйға "алаяқтық" және "судьяны қорлау" айыбымен 9 жыл түрме жазасын кескен сотта да Юлия жұбайының қасынан табылды. 2024 жылғы 19 ақпандағы сөзінде ол "2022 жылы наурызда үкім шыққан күні күйеуімді соңғы рет көріп, құшақтаған едім" деді. Содан бері Ресей билігі Юлия мен Алексейге кездесуге мүмкіндік берген жоқ.

Юлия Навальная мен Алексей Навальный сот залында тұр. 2022 жылдың ақпаны.
Юлия Навальная мен Алексей Навальный сот залында тұр. 2022 жылдың ақпаны.

Юлия Навальная туралы жазған журналистер оны көп сөзге жоқ, ұстамды жан деп сипаттайды.

"Юлия ылғи сыпайылық сақтап, күлімсіреп жүреді, бірақ оған жақын адамдардың қатарында болмасаңыз, ол туралы ештеңе білмейсіз" деген оның таныстарының бірі журналист Юлия Йоффеге. Йоффе бұл дәйексөзді 2021 жылы америкалық Vanity Fair журналына жазған Юлия Навальная туралы мақаласында келтірді.

Алексей Навальный Юрий Дудьке берген сұхбатында жары туралы "әйелімнің саяси көзқарасы менен де өткен" деген еді.

"САЯСАТКЕР АЛЕКСЕЙ НАВАЛЬНЫЙ – ЮЛЯ ЖӘНЕ АЛЕКСЕЙ ДЕГЕН ЕКІ АДАМ"

2020 жылғы 20 тамызда Ресей федерациясының қауіпсіздік қызметі (ФСБ) өкілдері Томск қаласында Алексей Навальныйды "Новичок" уымен улаған еді. Навальный мінген ұшақ Омбы қаласына жедел түрде қонып, саясаткер ауруханаға жеткізілген. Юлия да тез арада Омбыға жетіп, күйеуін Германияға емдеуге жіберуді талап еткен. Юлия мен Алексейдің жақтастары Омбы ауруханасында дұрыс ем-дом жасалмайды деп күдіктенген еді.

Юлияны күйеуі жатқан палатаға кіргізбей қойды, Алексейге қандай диагноз қойылғаны хабарланбады, аурухананы қауіпсіздік мекемесінің қызметкерлері күзетті.

"Омбы ауруханасының бас дәрігері артық сөз айтуға қорықты, қолы дірілдеп тұрды. Ол науқастардың өміріне алаңдап тұрған жоқ, ол басшылық не айтады деп қорқақтады" деген еді Юлия Навальная Дудьке берген сұхбатында.

Кейін Кремль "Эхо Москвы" радиосының сол кездегі бас редакторы Алексей Венедиктов арқылы "Юлия Алексей Навальныйды Германияға әкеткісі келсе, рұқсат сұрасын" деген хабарды жеткіген. Осыдан соң Навальная Путинге хат жазды. Артынша ес-түссіз жатқан Навальный арнайы ұшақпен Германияға жеткізілді. Алексей Германияда есін жиып, реабилитациядан өтті. Юлия бұл кезде ұлы Захармен Еуропаға қоныс аударып, Алексейдің жанында болған еді.

"Махаббат шипа болады және өмірге қайта әкеледі. Юля, сен мені құтқардың, мұны нейробиология оқулығына енгізіп қойсын" деп жазды Навальный емделіп шыққаннан кейін.

Юлия Навальная мен Алексей Навальный Германиядан Ресейге ұшып бара жатқан сәт. 17 қаңтар, 2021 жыл.
Юлия Навальная мен Алексей Навальный Германиядан Ресейге ұшып бара жатқан сәт. 17 қаңтар, 2021 жыл.

Алексей Навальный Германияда емделген соң Ресейге оралуды ұйғарады.

Алексейдің уланғанын зерттеген Bellingcat зерттеу тобының өкілі Христо Грозев журналист Иоффеге берген сұхбатында "Юлия күйеуінің Ресейге оралуына кедергі келтірмегенін" айтқан.

Ал Юлияның өзі The Symbol журналына 2021 жылғы қаңтардағы сұхбатында "Алда не боларын білмеймін, бірақ қорқуға, шегінуге болмайды. Алексей шетелде қала алмайды, себебі оның шетелде қалғанын қалайтындар көп, сондықтан біз, әрине, Ресейге ораламыз" деген еді.

Алексей мен Юлияны біраз уақыттан бері білетін журналист Евгения Альбац "Юлия Навальная тасада болғанымен, Алексейге көп көмектесетінін" айтады.

"Юлия – Алексейдің бас редакторы. Алексей жазатын барлық мәтінді Юлия жарияланбай тұрып оқып шығады" деген еді Альбац Vanity Fair басылымына.

Бұдан бөлек Евгения Альбац The Independent басылымына "Алексей ылғи жұрт алдында жүреді, бірақ ол әр қадамын Юлиямен ақылдасып отыратынына күмәнім жоқ. Юлия – оның өмірлік коучі" деп айтқан.

Биыл 19 ақпанда Юлия Навальная марқұм күйеуінің ісін жалғастыратынын мәлімдегенде Альбац "Саясаткер Алексей Навальный екі адам: Юлия және Алексей" деп ойлайтын едім... Алексейдің ісін кім жалғастыра алады десе Юлия дер едім" деп жазды.

"ЮЛИЯ – ҚАЗІР ЖҰРТТЫ ЖҰМЫЛДЫРА АЛАТЫН АДАМ"

Саясаткер Дмитрий Гудков "Настоящее время" телеарнасына берген сұхбатында Юлия Навальнаяның шешімін "тәуекелге бас тігу" әрі "батылдық" деп атап, оған қолдау білдірді.

"Юлия адамдарды қолдау, шабыттандыру деген жауапкершілікті мойнына алды және көпшіліктен қолдау сұрады. Сондықтан мен де тыс қала алмадым. Болған жайттардан соң біз амбицияны, оппозицияда жиналып қалған өкпе-ренішті ысырып қойып, біріге аламыз деп үміттенемін. Себебі жауымыз күштірек. Сондықтан бұл соңғы саяси өлім емес-ау деп қауіптенемін" деді ол.

Навальныйдың жақтасы Дмитрий Низовцев "Настоящее время" телеарнасының эфирінде "Юлия Навальная – қазір жұртты жұмылдыра алатын, үміт сыйлайтын, берілмейтінімізді көрсететін адам" деді.

2024 жылғы 16 ақпанда Алексей Навальный түрмеде көз жұмды деген хабар тараған сәтте Юлия Навальная "Жемқорлықпен күрес қорының" (Алексей Навальный құрған) делегациясымен бірге Мюнхендегі қауіпсіздік конференциясында жүрген еді.

Юлия Навальная Мюнхенде мәлімдеме жасап тұр. Германия, 16 ақпан, 2024 жыл.
Юлия Навальная Мюнхенде мәлімдеме жасап тұр. Германия, 16 ақпан, 2024 жыл.

"Бұл [хабар] рас болып шықса, Путин мен оның айналасы, Путиннің достары, оның үкіметі біздің елімізге, менің отбасыма және менің күйеуіме жасаған істері үшін жауап беретінін білсін. Және ол күн жақын қалды" деп мәлімдеді саясаткердің әйелі Мюнхенде.

Юлия қазір шетелде тұрып жатыр және "Жемқорлықпен күрес қоры" директорлар кеңесінің мүшесі. Саяси журналист Фарида Рустамова 19 ақпанда Telegram әлеуметтік желісіне "2023 жылы жазда Ресей билігі пропагандистер арқылы Навальная елге келсе қамалатынын айтып, қоқан-лоқы жасаған. RT телеарнасы органдардағы дереккөзіне сүйеніп, Юлия Навальная Ресейге оралса, әуежайдан ұсталып, Алексейге айып тағылған баптар бойынша айыпталатынын хабарлаған" деді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG