Accessibility links

Зеленский АҚШ пен Еуропа қауіпсіздікті қамтамасыз етсе, Украинада президент сайлауды өткізуге дайын екенін айтты


Украина президенті Владимир Зеленский. Рим, Италия, 9 желтоқсан, 2025 жыл.
Украина президенті Владимир Зеленский. Рим, Италия, 9 желтоқсан, 2025 жыл.

Еуропа елдерінде сапармен жүрген Украина президенті Владимир Зеленский 9 желтоқсан күні кешке украиналық журналистердің сұрақтарына жауап берді . Ол Украинада президент сайлауды өткізуге дайын екенін, алайда ол үшін сайлау қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажетін және әскери жағдай кезінде сайлау өткізуге тыйым салатын Украина заңын өзгертуге тура келетінін айтты.

Зеленский соғыс тоқтамай жатқаны оның "билікке жабысып алғанынан" деп өз атына айтылған айыптауларды "мүлде орынсыз" деп атады. Ондай пікірді кімдер айтқанын нақтылаған жоқ. Оның алдында Politico басылымына берген сұхбатында АҚШ президенті Дональд Трамп Украина президентін сайлауы керек деген пікір білдіргені белгілі. Ал Ресей президенті Владимир Путин мен ресейлік пропаганда Зеленский қазіргі лауазымында "заңсыз" отырғанын үнемі қайталайды.

"РБК-Украина" басылымы Зеленскийдің сөзінен: "Мен сайлауға дайынмын. Одан да маңыздысы – АҚШ-тан, мүмкін, еуропалық әріптестермен бірге, сайлау өткізу үшін қауіпсіздікті қамтамасыз етуді сұраймын. Сонда 60-90 күн ішінде Украина сайлауға дайын болады", – деген үзінді келтірген. Бұған қоса ол Украина парламентінен заңдарға тиісті өзгерістер енгізуді сұрайтынын да айтқан. "Ертең Украинада боламын, серіктестер мен депутаттардан ұсыныс күтемін және сайлауға баруға дайынмын", – деп мәлімдеген Зеленский.

Журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, Зеленский Ресейдің Украинаға қарсы соғысын аяқтау жөнінде үш құжат талқыланып жатқанын айтқан. "Біз америкалықтармен және қазір еуропалықтармен үш құжатты талқылап жатырмыз. Біріншісі – 20 тармақтан тұратын негіздеме құжат, ол үнемі өзгертіліп отырады. Екінші құжат – қауіпсіздік кепілдіктері, біз бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз, және де мен әскери адамдарымыздан тиісті ұсыныстар мен олардың америкалықтармен өткізген диалогының қорытындысын күтемін. Қауіпсіздік кепілдіктері – Украина мен АҚШ, сондай-ақ Украина мен Еуропа арасындағы маңызды құжат", – деген Зеленскийдің сөзін Азаттықтың Украин қызметі келтірген.

Украина президентінің айтуынша, үшінші құжат – Украинаны соғыстан кейін қалпына келтіру жоспары, ол "соғыс аяқталған соң немесе атысты тоқтату туралы келісім жасалғаннан кейін" іске қосылуға тиіс.

Зеленский қауіпсіздік кепілдіктеріне қатысты сөзінде АҚШ тарапы бұл кепілдіктер Конгресс мақұлдайтын заң деңгейінде рәсімделуге тиіс деген ұстанымда екенін нақтылады. "Америкалықтар бізге былай деді: олар бұл жолы Украина шынайы қауіпсіздік кепілдіктеріне ие болғанын қалайды, ол құжатты Конгресс мақұлдауы керек, біз оның нақты жұмыс істейтінін сезінуіміз үшін бізде қару-жарақ, ал қажет болған жағдайда санкциялар қолданылуы тиіс, бізде әуе қорғанысы жүйелері болуы керек, әрі [НАТО жарғысының] бесінші бабына ұқсас тетік қарастырылуы қажет. Бірақ мұның егжей-тегжейі әлі талқыланып жатыр", – деп мәлімдеген Зеленский.

Бұған дейін Зеленский Telegram-парағына еуропалық одақтастармен өткен кеңестердің қорытындысы бойынша жаңартылған "бейбітшілік жоспарын" жақында АҚШ-қа беруге дайын екенін жазған еді.

Сонымен қатар украин журналистерімен өткізген онлайн-чат кезінде Зеленский Вашингтон Украинаның Донецк облысын Ресейге беруді талап етіп отырғанын былайша түсіндірген: бұл – Мәскеудің талабы, ал Киев болса осы мәселе бойынша АҚШ-тың өз жағына шыққанын қалайды. Ол сондай-ақ егер Ресей келіссе және өзі де берік ұстанатын болса, энергетикалық бітім жасауға дайын екенін айтты.

Бұған дейін Financial Times газеті Трамп Зеленскийге АҚШ ұсынған бейбітшілік жоспары нұсқасына жауап дайындауға бірнеше күн берген деп жазған. Басылым сөйлескен, бейбітшілік келіссөздерінің барысымен таныс дереккөздердің айтуынша, 6 желтоқсанда Украина президентімен телефонмен әңгімелескен Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф пен АҚШ президентінің күйеу баласы Джаред Кушнер Зеленскийден бейбітшілік жоспары бойынша тез арада шешім қабылдауын табанды түрде талап еткен, өйткені Трамп келісім "Рождество мейрамына дейін" бекітілгенін қалайды. Мұның алдында АҚШ-тағы "Алғыс айту күніне" (27 қараша) дейін деген мерзім айтылған еді.

Сейсенбі, 9 желтоқсан күндіз Ресей президенті Владимир Путин Азаматтық қоғамды және адам құқықтарын дамыту кеңесінің отырысында Ресей "арнайы әскери операцияны" әу бастағы мақсаты орындалып, оны логикалық тұрғыда аяқталғанға дейін жеткізетінін мәлімдеді. Оның сөзінше, Ресей "Украинадағы қақтығысты аяқтауға тырысып жатыр" және мұны "қару күшімен жасауға мәжбүр".

Путин бұған дейін де осы тақылеттес мәлімдемелер жасаған болатын. 27 қарашада Бішкектегі саммит кезіндегі баспасөз мәслихатында Ресей президенті Украинадағы әскери іс-қимылдар Украина қарулы күштері "өздері бақылап отырған аумақтарды" босатқанда ғана тоқтайды деп мәлімдеген. Алайда бұл тек Донбассқа қатысты ма, әлде басқа өңірлерді де қамти ма – Путин ол жағын нақты түсіндірмеді.

XS
SM
MD
LG