АҚШ-тың Украина жөніндегі келіссөз жүргізушілер тобы соғысты аяқтау жөніндегі келісімге неғұрлым тезірек – желтоқсан немесе қаңтар айына дейін қол жеткізуге тырысып отыр. Мұны Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында Украина президенті Владимир Зеленский айтты. Ол соғыстың тезірек аяқталуына Киев те мүдделі, бірақ "бұл тек қана Украинаның есебінен болмауы тиіс" деп мәлімдеді.
Зеленский осы сұхбатында Украина соғыстың аяқталуы үшін қолынан келгеннің бәрін жасауды жалғастыратынын айтты.
"Бірақ сонымен бірге, біз жаңа Конгрестің екі партиясымен де байланыс орнатып, Ресейге қарсы санкциялар салуды және бізге қолдау көрсетуді сұрайтынымыз сөзсіз. Онсыз мүмкін емес. Егер ресейліктер соғысты аяқтағысы келмесе, оларды мәжбүрлеу керек", – деді Зеленский.
Бұған қоса Украина басшысы Ресей президенті Владимир Путиннің көздеген мақсаты өзгермейтінін – Украинаны басып алу болып қала беретінін және Мәскеудің "қыста украиндықтардың сағы сынады" деген дәмесі барын айтты.
"Киев, Днепр, Одесса, Харьков, Запорожье – ең алдымен осы қалалар. Қорғаныс жоқтығын пайдаланып және Украина Донбасстан кетсін деген оймен сағын сындыру", – деді Зеленский.
19 қарашада Қытайдың Шэньчжэнь қаласында АҚШ пен Қытай президенттерінің келіссөзінен кейін Путин журналистердің сұрағына берген жауабында Украинаны "соғысты бастады" деп тағы да айыптап, қаржыландырудан айырылудан қорқатын Киевтің қазір "мәмілеге" келгісі жоқ деген долбар айтқан.
АҚШ-тың араағайындығымен өткен келіссөздерде Еуропа қауіпсіздігінің жаңа архитектурасын талқылау жайлы айта келе, Путин өткен аптада Мәскеу ештеңені құрбандыққа шалуға ниетті емес деп мәлімдеген.
"Өмір өзгеріп жатыр және (...) 1990-жылдардың басындағы әлдебір жағдайларға қайта оралудың мағынасы жоқ шығар. Сондай-ақ келіссөздердегі кейбір серіктестеріміздің бізді ешқашан шегінбейтін жерге жылжытудың мүмкіндіктерін іздеуі де мәнсіз нәрсе. Мен өзге жайттармен бірге аумақ жайлы мәселелерді де меңзеп отырмын", – деген Путин.
АҚШ-та қарашаның басында өткен аралық сайлауда айқын басымдықпен жеңіске жеткен Демократиялық партия 2027 жылдың қаңтарынан бастап Конгресстің қос палатасын бақылауына алады. Бұл демократтарға республикашыл президент Дональд Трамптың сыртқы саясатын жіті қадағалап, тізгіндеп отыруға мүмкіндік береді. Трамп әкімшілігі Украинаға тікелей қаржылай және әскери көмек көрсетуді іс жүзінде тоқтатқан.
Президент Владимир Зеленский бұған дейін демократтардың жеңісі АҚШ-тың Украинаға көмегін арттыруға ықпал етеді және соғысты тоқтату үшін Мәскеуге қысымды күшейтеді деп үміт білдірген еді.