Accessibility links

Зеленский күдікке ілінген Ирина Мудраяны президент кеңсесі басшысының орынбасарлығынан босатты

Ирина Мудрая
Ирина Мудрая

19 тамыз күні Украина президенті Владимир Зеленский өз кеңсесі басшысының орынбасары болып істеп келген Ирина Мудраяны қызметінен босатты.

Бұл туралы жарлық Украинаның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюросы (НАБУ) мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнаулы прокуратурасы (САП) бірлесіп "қылмыстық ұйымды әшкерелеу" операциясын жүргізгенін жариялағаннан кейін шықты. Олардың хабарлауынша, қылмыстық ұйымды басқарған деген күдікке Жоғарғы Раданың қазіргі және бұрынғы мүшелері ілінген және оған президент кеңсесінің жоғары лауазымды шенеуніктерінің де қатысы болған.

Сәрсенбі күні Жоғарғы Рада депутаты Алексей Гончаренко Киевте Ирина Мудраяны тінту шарасы жүргізіліп жатыр деп әлеуметтік желіге жазған. Supernova+ Telegram арнасы іс материалдарында депутат Вадим Столардың, бұрынғы депутат Максим Микитасьтің, сондай-ақ Әділет министрлігі шенеуіктерінің және "Сенс Банк" өкілдерінің аты-жөні аталған деп хабарлады. Кейінірек Столар күш құрылымдары өзін тінтуге келгенін растаған.

НАБУ қызметкері Михаил Романюктің сөзінше, қылмыстық ұйым өздерінің тағы бір мүшесін "Мидас" ісі бойынша күдікті ретінде қамауда отырған жерінен кепілге босатып алуға төлеу үшін 150 миллион гривна (шамамен 3,3 млн долларға тең - ред.) қолма-қол ақшаны бірнеше жалған компанияның шоттары арқылы заңды айналымға енгізген. Мұны іске асыру үшін мемлекеттік меншіктегі "Сенс Банкті" пайдаланған деді Романюк.

Оның айтуынша, президент кеңсесі басшысының орынбасары, бұрынғы және қазіргі парламент депутаттары, банктің басқарма төрағасы және бақылау кеңесінің төрағасы осы қылмыстық ұйымға кірген деген күдікке ілінген.

"Украинская правда" газеті күдіктілер қатарында Мудрая, Микитась, Столар, сондай-ақ "Сенс Банк" бақылау кеңесінің төрағасы Николай Гладищенко мен банктің басқарма төрағасы Олег Ступак бар деп жазды.

Ал әлгі күмәнді ақша кепіл ретінде төленген қылмыстық іс бойынша күдіктінің аты-жөні ресми түрде жарияланған жоқ. Бірақ күштік құрылымдар жариялаған телефон әңгімелерінің жазбасында "Герман" деген есім кездеседі және де бұл қаржы бұрынғы энергетика министрі Герман Галущенконы кепілге босату үшін белгіленген ақша көлеміне сәйкес келеді деп жазды Азаттық радиосының Украин қызметі.

Герман Галущенко 112 млн долларды жымқыруға, арам ақшаны заңдастыруға байланысты және "Мидас" ісі бойынша күдікке ілінген. Тергеу мәліметі бойынша, қылмыстық іске қатысушылар мемлекеттік компанияларға қызмет көрсететін тасымалдаушылар мен мердігерлерден келісімшартта көрсетілген соманың 10-15 пайызын талап етіп отырған, егер көнбесе, көрсетілген қызмет/тауарлар үшін төленген ақшаны бұғаттайтынын немесе қызмет көрсетуші мәртебесінен айыратынын айтып қоқан-лоққы жасаған.

Тергеушілер осы схеманы ұйымдастырған деген күдікке президент Владимир Зеленскийдің "95 квартал" жобасы бойынша бизнес-әріптесі Тимур Миндич пен қаржыгер Александр Цукерман ілінгенін айтқан. Миндич Украинадан шетелге кетіп қалған. Схема әшкереленгеннен кейін Зеленский оған санкция салды. Осы іс бойынша күдікті ретінде тергеуге алынған тағы бір адам – Украина президенті кеңсесінің бұрынғы басшысы Андрей Ермак.

Айдар
XS
SM
MD
LG