Украина президенті Владимир Зеленский елдің қарулы күштері биыл қаңтардан тамыз айына дейін Днепропетровск, Донецк және Запорожье облыстары түйісетін Александровск бағытында Ресей әскері басып алған 26 елді мекенді қайтарғанын әлеуметтік желіде жазды. Оған бұл туралы әскери басшылық баяндаған.
Зеленскийдің айтуынша, осы әскери операция барысында Украина күштері 745 шаршы шақырым аумақты бақылауына алған. Киев тарапы бұл шайқастарда кемінде 9,5 мың ресейлік сарбаз қаза тапқанын және тұтқынға алынғандар барын мәлімдеп отыр.
"Біздің бұл операциямыз нақ жоспарлағандай іске асты", - деп жазды Зеленский. Ал операция әлі жалғасып жатыр ма, ол жағын нақтыламады.
Украина президентіне майдандағы жағдайдың жай-күйін қарулы күштер бас қолбасшысы Михаил Драпатый, бас штаб бастығы Игорь Скибюк және шабуылдаушы десант әскерінің қолбасшысы Олег Апостол баяндаған.
Украина әскері үш облыстың жері түйісетін тұста, Покровск қаласының оңтүстік-батысында шабуыл операциясын жүргізіп жатқаны туралы кейінгі бірнеше айда хабарлар тараған. Украин әскерінің бұл жердегі жекелеген жетістіктерін ресейлік әскери арналар да мойындағанымен, оларды негізінен тактикалық сипаттағы ілгерілеу деп бағалаған.
Майданның басқа бөліктерінде кейінгі кезде айтарлықтай өзгеріс болған жоқ, Ресей әскері алға жылжып жатыр деген сипаттама айтылған. Кейінгі айларда Ресейлік күштері Константиновканың бір бөлігін бақылауына алып, Славянскіге қарай аздап жылжыған. Бұдан бөлек, Сумы мен Харьков облыстары шекарасындағы бірқатар елді мекенді басып алған.
Батыс талдаушылары 2026 жылы Ресей әскерінің алға жылжу қарқыны бәсеңдегені байқалатынын айтқан.
Украиналық DeepState талдау жобасы 12 тамыз кешке, Зеленскийдің мәлімдемесінен кейін, өз картасына өзгеріс енгізіп, Украина бақылауына 19 елді мекен өткенін көрсетті. Олардың басым бөлігі шағын елді мекендер. Осы дерекке сәйкес, бұл бағыттағы ресейлік бөлімдер Донецк облысы шекарасынан әрі шегінген.
Ресей тарапы Украинаның 26 елді мекен мен 745 шаршы шақырым аумақты азат еткені туралы мәлімдемесіне байланысты әзірге ресми түсініктеме берген жоқ. Ресей президенті Владимир Путин бұған дейін ресейлік күштері "барлық бағытта" шабуылдап жатқанын бірнеше рет мәлімдеген. Майдан шебі қазір нақты қай тұстан өтетінін тәуелсіз дерек көздерінен анықтау мүмкін болмай отыр.