17 сәуір күні Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Feminita ұйымының белсендісі Жанар Секербаеваның үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша процестің кезекті отырысы өтті. Онда куәлардың жауабы тыңдалды.
Айыпталушы тарап шақыртқан куә жәбірленуші Зиуар Жұманованың Секербаева мен оның серіктері отырған дәмханаға келіп жанжал шығарғанын айтты. Ал жәбірленуші тараптың куәлары дәмханаға кездейсоқ барғанын айтып, айыпталушы мен оның қасындағылар "дастархан басында біртүрлі әңгімелер айтып отырған соң ашуланып, полция шақырдық" деді.
Бірақ жәбірленушілердің куәлары айыпталушының адвокаты Ольга Эннстің "біртүрлі әңгіме дегеніңіз не?" деген сұрағына жауап бере алмады.
Сот келесі отырысты 22 сәуірге белгіледі. Онда айыпталушы Жанар Секербаевадан жауап алынбақ.
Жұма күні "ЛГБТ-ға жол жоқ!" деген жазуы бар плакат ұстаған бес-алты адам сот ғимараты алдына жиналып, айғайлап тұрды.
– Қазақстан балаларын улауға қарсымыз, үгіт-насихатқа қарсымыз! – деді олардың бірі.
Ашулы топ құқық қорғаушы Жанар Секербаева мен оның адвокаттарына айып таға сөйлеп жатты. Секербаева мен қасындағылар мұны өздеріне жасалған "қысым" деп атады.
Жақын маңда тұрған полиция жиын заңсыз екені туралы бірнеше рет ескерту жасады, бірақ әлгі топты тарқатуға асықпады. Наразылық білдірген топ жарты сағаттай уақыт тұрған соң тарап кетті.
Қазақстандық Feminita қозғалысының негізін қалаушылардың бірі Жанар Секербаеваға қарсы Қылмыстық кодекстің 109-1 бабымен ("Ұрып-соғу") қозғалған іс бойынша сот процесі 7 сәуірде басталған. Алғашқы отырыста жәбірленуші Зиуар Жұмановадан жауап алынған.
Қылмыстық іс былтыр күзде Астанадағы бір кафеде болған оқиға бойынша қозғалған. 22 қарашада Секербаева мен оның әріптесі Темірлан Баймаш ЛГБТИК+ қауымы өкілдерімен кездесу өткізбек болғанда оларға қарсы бір топ белсенді сол жерге барып, дау шығарған. Кейін солардың бірі – "Өнерпаз ұрпақ" ұйымының төрайымы Зиуар Жұманова ЛГБТ белсенділерінің үстінен арызданған. Артынша полиция Секербаева мен Баймашты ұстаған. Кейін Секербаеваның үстінен қылмыстық іс қозғалып, ол сотқа жетті.
Өткен аптада Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін Feminita ұйымының белсендісі Жанар Секербаеваның үстінен қозғалған қылмыстық істі тоқтатуға үндеген.
"Қазақстан билігі Секербаеваға тағылған айыптарды алып тастап, оған қарсы қолдан жасалған істі тоқтатуға тиіс, – деді HRW ұйымының Орталық Азия бойынша кеңесшісі Мира Риттман. – Қазақстанда ешкім лесбиян болғаны үшін немесе ЛГБТ адамдардың құқықтарын бейбіт түрде қорғағаны үшін қылмыстық қудалаудан қорықпауы керек".
Құқық қорғаушылар кейінгі айларда Қазақстанда ЛГБТ қауымы өкілдерінің өмірі қиындағанын, оған былтыр желтоқсанда "дәстүрлі емес жыныстық бағытты насихаттауға" тыйым салатын заң қабылданғаны себеп болуы мүмкін екенін айтады. Биыл наурызда күшіне енген бұл заң ЛГБТ белсенділері мен олардың құқығын қорғаушыларға қылмыстық қудалау қаупін төндіреді дейді олар.
Мәжіліс осы заң жобасын қабылдағанда БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі сарапшылары "бұл – кемсітуді заңдастыру" және "Қазақстанның адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелерге қайшы келеді", деп мәлімдеген.
Қазақстан билігі заң адамдардың жеке өміріне немесе ЛГБТ өкілі болу құқығына тыйым салмайды, тек ақпараттық кеңістіктегі жария насихатты шектейді деп түсіндіреді. Ал халықаралық құқық қорғау ұйымдары (БҰҰ, Human Rights Watch) бұл заң сөз еркіндігін шектеп, дискриминацияны күшейтуі мүмкін деп есептейді.