Қырғызстан президенті Садыр Жапаров қазақстандық оппозиционер Мұхтар Әблязовтың "Шумкар" атты қозғалыстың YouTube-арнасында айтқан сөздеріне жауап берді. Бұл туралы бүгін Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.
17 қазанда осы арнаға сұхбатында Әблязов Жапаровпен таныс екенін және 2020 жылғы қазандағы оқиғалар кезінде өзінен Жапаров ақша сұрағанын айтқан. Жапаров SUPER.KG порталының сауалдарына берген жауабында Әблязовтың бұл айтқанын терістеді. Жапаров қазақ оппозиционерімен бұрын-соңды таныс болмағанын, онымен 2020 жылғы қазан оқиғалары кезінде қасында жүрген, қазір түрмеде отырған Мелис Аспеков сөйлестіргенін айтты.
"Алаяқ болса айта береді де. Ол кезде 40 минут емес, 4 минут сөйлесуге де уақытым жоқ еді. Ақша сұрады дегені – шылғи өтірік. Өзі қайыр тілеп, Франциядағы жеке өмірі үшін қазақ халқынан теңге сұрап жүрген қайыршыдан мен "ақша сұрады" дегенге кім сенеді? Қайыршыдан ақша сұрады деген қисынға да сыймайды ғой. Революция болған. Билік басына әлдеқашан келіп отырғам. Ол күндері ақшаның керегі де жоқ болатын. Түрмеден шығарып әкеліп, президент тағына отырғызған елдің ақшасыз-ақ сайлап қоятыны белгілі еді. Сондықтан суайттар, алаяқтар бірдеңе десе, сеніп қала бермеңіздер. Олар "бұтына жіберіп қойған бала қолын аямайды" дегендей, сан түрлі ертегілерді құрастырады. Сондықтан Әблязовқа да, басқасына да бас қатырып, көңіл бөлуге уақытым жоқ", – деген Қырғызстан президенті.
SUPER.KG-ге берген сұхбатында Садыр Жапаров бұрынғы президент Алмасбек Атамбаевтың билігі кезінде Мұхтар Әблязовта қырғыз төлқұжаты болғанын және оның Қырғызстанға келуіне қарсы болғанын да айтып өткен.
Қазақстандық бұрынғы банкир, қуғындағы оппозиционер Мұхтар Әблязов өткен аптаның ағында "Шумкар" қозғалысының YouTube-арнасына сұхбат беріп, өзіне Садыр Жапаров 2020 жылдың қазанында президент міндетін атқарушы болып тұрғанда телефон шалғанын, оған дейін Түркияда жүргенде де хат жазғанын айтқан.
Мәскеудің Таган аудандық соты қазақстандық оппозиционер, БТА Банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовты 2020 жылдың желтоқсанында сырттай 15 жылға бостандығынан айырған. Әблзязов 60 миллиард рубльді (800 миллион доллар) жымқырғаны үшін кінәлі деп танылған. Қазақстанда экс-банкир осыған ұқсас айыппен 2017 жылы 20 жылға, бір жылдан кейін "адам өлтіруге тапсырыс берген" деген айыппен сырттай өмір бойына бостандығынан айырған.
2009 жылдан бері шетелде тұрып жатқан Мұхтар Әблязов Қазақстан билігінің ымырасыз сыншысы ретінде танымал. Ол өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, олардың саяси астары барын айтып келеді.
Мұхтар Әблязов негізін қалаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын 2018 жылы Қазақстан соты "экстремистік" деп танып, тыйым салған. Еуропа парламенті қозғалысты "бейбіт оппозиция" деп атаған.
Президент Садыр Жапаровтың билігіне оппозициядағы "Шумкар" атты қозғалысты "Құмтөр голд компани" кәсіпорнының бұрынғы уақытша сыртқы басқарушысы, шетелде жүрген Теңіз Бөлтүрік пен белсенді Самат Күшбекпен бірге құрғанын 12 қазанда шетелден ұсталып әкелінген Сырғақ Кенжебаев жариялады. Олар әлеуметтік желілерде биліктің әрекеттерін сынайтын видеолар жариялап келген.
Биыл 12 қазанда Бішкектің Октябрь аудандық соты "Шумкар" қозғалысы мен оның мүшелерінің қызметін экстремистік деп таныды.
Сот шешіміне сәйкес, Бөлтірік Кенжебаев, Самат Күшбек және Айдар Раевтың қызметі Қырғызстанда террористік және экстремистік деп есептеледі.
Президент Садыр Жапаров 12 қазанда Баткен облысының тұрғындарымен кездесуінде оппозициялық "Шумкар" қозғалысы жайлы айта келе, оның мүшелерін "ауру адамдар" деп атаған.
2025 жылы Октябрь аудандық соты Temirov Live, Kloop.kg және "Айт айт десе" медиажобаларының ақпараттық материалдарын, зерттеуші журналист Болот Теміров пен "Клооп" медиасының жетекшісі Ринат Тухватшиннің қызметін де экстремистік деп тапқан.